Үкімет тағы бір субсидия түрін алып тастауды ойластыруда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2712

Ұлттық экономика министрлігі "Инвестициялық басымдықты жобаларға берілетін инвестициялық субсидияны алып тастау" туралы ұсыныспен шықты.

Үкімет тағы бір субсидия түрін алып тастауды ойластыруда Фото: Серікжан Қобыланбаев

Бұған осыған деген сұраныстың жоқтығы себеп болыпты: күні бүгінге дейін бұл игілікті бірде-бір инвестор пайдаланбаған көрінеді.

Қолданыстағы кәсіпкерлік кодекстің 283-бабына сәйкес, мемлекет басымдықты деп таныған инвестжобаларға "инвестициялық субсидия" түрінде инвестициялық преференция ұсынылады.

Бұл субсидияны алу үшін жоба біріншіден, Қазақстанда бұрын болмаған жаңа өндірістерді құруы, екіншіден, осы мақсатта компания өз қаржысына қазақ жерінде жаңа өндірістік нысанды – фабрика, зауыт, цех тұрғызуы керек. Осы орайда, ол жобаға құйылатын инвестиция көлемі 2 миллион АЕК-тен кем болмауға тиіс: 2019 жылы бұл 5 млрд 50 млн теңгеге тең.

Әрине, мұндай жобалар қатары саусақпен санарлық екені мәлім. Сондықтан оны алушылар қатарын кеңейту үшін Үкімет өлшемшарттарды шамалы жеңілдетті.

Нәтижесінде аталған субсидия жұмыс істеп, өнім шығарып тұрған өндірістерді кеңейтуді немесе жаңартуды қарастыратын жобаларға да ұсынылады. Жаңартуға "кәсіпорынды реновациялау", "реконструкциялау" немесе "модернизациялау" жатқызылды. Бірақ бұл ретте салынуға тиісті инвестициялар ауқымы кем дегенде 5 млн АЕК-ке немесе 12 млрд 625 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.

Әйткенмен, бұл жоба да Қазақстан Үкiметi бекiтетін басымдықты жобалар тiзбесiндегі белгiлi бiр басым қызмет түрi бойынша жүзеге асырылуы шарт.

Осы талаптарға жауап берген бизнесмен неге қол жеткізеді?

Инвестициялық субсидия инвестордың құрылыс-монтаждау жұмыстарына және жабдықты сатып алуға жұмсаған шығынын олардың жалпы құнының 30 пайызына дейін бюджеттен өтейді.

"Алайда жүргізілген талдау инвесторлар арасында мұндай преференция түріне қызығушылық деңгейінің тым төмендігін көрсетті. Осы уақытқа дейін преференцияның осы түрін бірде бір инвестор пайдаланған жоқ" – деп түсіндіреді ұлттық экономика министрлігі.  

Сондықтан ведомство оны жойып, орнынан басқа тетікті енгізуді ұсынады.

Бұл жайында министрлік әзірлеген "Қазақстанның инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының тұжырымдамасында көрсетілген.

Құжатта айтылғандай, зауыт-фабрика ашқысы келетін бизнесмендер бұл субсидияға емес, электр желілері мен су-кәріз құбырларын тартуға жұмсаған шығындарын өтеуге мұқтаж.

Өйткені инвесторлар кәсіпорын салу үшін арналған арнайы экономикалық аймақтарға барса, онда не жылу мен жарық жоқ, олар болса, суы немесе жолы жоқ болып шығып, салдарынан, онда жоба ашудан бас тартуға тура келеді екен. 

Сол себепті, министрлік жаңа заң жобасы арқылы Қазақстанда "АЭА қатысушыларының инженерлік инфрақұрылым жүргізуге жұмсаған шығындарын өтеуді енгізуді" көздеуде.

Рас, "Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар туралы" заңының 8-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекет онсыз да АЭА құрылатын жер учаскелеріне бюджет қаражаты және ел заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен инфрақұрылым нысандарын тегін тартып береді.

"Бірақ АЭА аумағындағы инженерлік инфрақұрылым құрылысы кезең-кезеңмен салынады да, көбіне ұзаққа созылады. Тәжірибе көрсеткендей, АЭА қатысушысы болуға ниет білдірген инвесторлар өздерінің инвестициялық жобасын АЭА аумағында орналастырудан бас тартуға немесе барлық инфрақұрылымдар құрылысы толық аяқталғанға дейінгі ұзақ уақыт күтуге мәжбүр", – делінген тұжырымдамада.

Сонымен қатар АЭА қатысушыларына немесе онда қызметтің қосалқы түрлерін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге өздеріне қажетті инфрақұрылым объектілерін өз беттерінше және өз қаражаты есебінен жүзеге асыруға рұқсат етілген. Бірақ оған жұмсаған шығындары бюджеттен өтелмейді.

Жаңа тәсіл осы олқылықты түземек.

Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі егер техникалық-экономикалық негіздемесі болса, онда инвестордың, арнайы экономикалық аймақ қатысушысының инфрақұрылым құрылысына жұмсаған шығынын толық немесе бір бөлігін өтеу мәселесін қарастыруды ұсынып отыр.     

Ұсыныс бизнес тарапынан қолдау тапқан.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу