Жиында базалық мөлшерлемені қазіргі 9% деңгейінде сақтап немесе 0,25 базистік көрсеткішке түсіруге қатысты шешім шығарылады. Алайда сарапшылар реттеуші базалық мөлшерлемені төмендетуі екіталай деп отыр.
DAMU Capital Management директоры Мұрат Қастаевтың пікірінше, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі елдегі инфляция деңгейіне тәуелді. Бас банк бекіткен қазіргі инфляция деңгейі - 4-6%. Тамызда 5,5% деңгейінде болды.
"Бүгінгі отырыста базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырады деп ойлаймын. Өйткені төмендету инфляцияның көтеріліп, теңгенің құлдырауына әкеледі. Сондай-ақ жоғарлатуы да мүмкін емес. Өйткені ҰБ алдында Президенттің бизнесті несиелендіруді жақсарту тапсырмасы тұр",-дейді ол.
"Еуразиялық Капитал" сарапшысы Әли Сағындықов: "көрші елдердегі базалық мөлшерлемені төмендетуге қарап, біздің елде де төмендейді деген болжам айтуға болар еді. Алайда инфляция болжанған 4-6% деңгейінің шегіне жетуге таяу, теңгеге халық сенімі төмендеп тұр. Меніңше, бас банк 9 қыркүйекте 9% деңгейінде сақтап қалады",-дейді ол.
Ал "Фридом Финанс" сараптама департаментінің директоры Ерлан Әбдікәрімов базалық мөлшерлемені сақтап қалуға бірнеше себеп барын айтады.
"Инфляцияның жоғары деңгейде болуы мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік бермейді. Соңғы отырыста доллар курсымен жағдай өзгеріссіз қалды. Сондықтан мөлшерлеме де бұрынғы деңгейде тұрақтайды", -дейді Ерлан Әбдікәрімов.
Оның айтуынша, әлемдегі жағдай өзгеріссіз. Мұнай бағасы қалыпты, серіктес елдерде монетарлық саясат жұмсарған, бұл біздің елдегі базалық мөлшерлемені түсіруге мүмкіндік береді. Алайда біздегі инфляция деңгейіне байланысты Ұлттық банк ондай қадамға бара қоймайды. Әдетте, жазбен салыстырғанда күзде инфляция көтеріледі. Қазіргі деңгеймен мөлшерлемені төмендету қатерлі болар еді.
BCC Invest сарапшысы Асқар Ахметовтың айтуынша, реттеуші инфляцияның деңгейіне қарай мөлшерлемені керісінше 9,25%-ға көтереді деген пікірде.
"Қаржы нарығы мен ноттар нарығындағы қазіргі пайыздық мөлшерлемелер базалық мөлшерлемені көтеруге бағыт алғанын байқатады. Ары-қарай ақша-кредиттік саясатты қатаңдату мұнай бағасының құлдырап, ресей рублінің құнсыздануына байланысты болады",-дейді сарапшы.
Қазіргі кезде базалық мөлшерлеме +/-1 дәлізімен 9%. Базалық мөлшерлеме қаңтар айында 9,25% болған еді. 16 сәуірде Ұлттық банк 9%-ға түсіріп, соңғы екі отырыста өзгеріссіз қалдырды. Оған себеп - жылдық инфляция 4-6% нысаналы дәліз ішінде сақталған. Экономикалық белсенділікте оң серпін байқалған. Сыртқы монетарлық жағдайлар атап айтқанда АҚШ, Ресейде мөлшерлемені төмендету бағыты байқалған.
Айта кетейік, бүгін базалық ставка бойынша Ұлттық банктің отырысы өтеді. Оның нәтижесі бойынша сақтап қалу немесе төмендету туралы шешім Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.
Құралай Құдайберген