Ұлттық банк қолма-қол ақша мен валютаға шектеу қоя ма?

3727

Банктен 100 мың доллар сатып алғандардан оны қайда жұмсайтыны туралы құжат талап етілмек.

Ұлттық банк қолма-қол ақша мен валютаға шектеу қоя ма?  Фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк қаржы-валюта саласына жолдама алып жатқан жаңашылдықтар жайында түсіндірді.

Олар валюталық нарықтағы алыпсатарлық пен спекуляциялардың жолын кесуге бағытталып отыр.

Қазақстанда 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап, валюталық операцияларды жүзеге асырудың жаңа ережелері күшіне енеді. Бұл талаптар бірінші кезекте, еліміздегі барлық өңірлердегі айырбастау бекеттерінің жұмысына қатысты болмақ.

Қаржылық реттеуші әзірлеген құжат бұдан бөлек, капитал қозғалысы, шетелдік банктерде есепшоттар ашу, есептік нөмір бекітуге жататын экспорттық-импорттық келісімшарттар бойынша валюталық операцияларды да реттейді.

Оның талаптары резиденттерге де, бейрезиденттерге де, яғни қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстан азаматтарына және елдегі шетелдіктерге бірдей таралады.

Кейінгі кездері валюталық нарықта жекелеген компаниялардың өз қызметінен емес, теңгенің құнсыздануынан пайда табуға құнығып кеткені құпия емес. Бірқатары бұған миллиардтаған теңгені жұмсайды. Осылайша, долларға деген сұранысты арттырып, ұлттық валютаның девальвациясына үлес қосады.

Ұлттық банк бұған тосқауыл қоюға талаптанып отыр. Сондықтан талаптардың бірі отандық заңды тұлғалардың теңгені қолма-қол ақша күйдегі шетелдік валютаға айырбастауына қатысты болып келеді. 

"Атап айтқанда, егер айырбастау сомасы 100 мың доллардан асса, заңды тұлға өзіне қызмет көрсететін банкке сатып алған сомасы көлемінде шетелдік валютадағы міндеттемесінің барлығын растайтын валюталық келісімшартын ұсынуы қажет", – деп мәлім етті қаржылық реттеушінің баспасөз қызметі.

Әлдебір компания қолма-қол түрде миллион доллар сатып алса, ол соманы мысалы, шетелдік серіктесі алдындағы қарызын өтеуге беретіні туралы келісімшартын көрсетуі шарт. Ол ақпаратты банк ары қарай есеп ретінде ҰБ мен басқа да құзырлы органдарға жолдайды.

Ресми дерек бойынша, 2019 жылғы сәуір айында Қазақстанда 2 мың 673 айырбастау бекеті тіркелген. Оның ішінде 1 мың 668-і – банктердің айырбастау қосындары болып табылады. 771-і – жекеменшіктегі банктік емес айырбастау пункттері. Тағы 234-і – "Қазпошта" құрған айырбастау бекеттері.

Мемлекет бұл қадамға еліміздің төл валютасының құнсыздануымен күрес мақсатында ғана емес, сондай-ақ қылмыспен, заңсыз ақшаны жылыстатумен, терроризммен күресті күшейту үшін баруда.

Осы орайда бұрынғы бас банкир Данияр Ақышев "көлеңкелі" экономикамен күрес аясында Қазақстанда шытырлаған ақшаны қолдануды шектеп тастауды ұсынған болатын.

Мәжілісте өткен "Қазақстанда қолма-қолсыз айналымды ынталандыру бойынша ұсыныстар туралы" дөңгелек үстелде палатаның қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова шетелде ірі купюра көрсетіп, бәлеге қалғанын еске түсіргені бар.

"30 дамыған елде барлық қаржылық айналымның 90 пайызы қолма-қолсыз есеп айырысу үлесіне тиесілі. Бұл елдерде егер қолма-қол ақшамен ірі көлемде төлем жасағыңыз келсе, бұл қадамыңыздан бірден сезіктеніп, тергеп-тексере бастайды. Мен де бірнеше рет осыған маңдай соқтым. Мәселен, скандинавиялық елдердің бірінде, дүкенде 1 мың норвегиялық долларға сауда жасадым. Бұл ретте карточкам тосқауылданып, оны пайдалана алмай қалғандықтан, кассада қолма-қол ақша ұсындым. Бірақ сатушы ұлттық банкноттарын алмас бұрын, құзырлы органдарға хабарлап, кеден және салық қызметтерінің екі өкілін шақырды", – деген депутат сол жолы норвегиялық құзырлы органдардың біраз сұрағына жауап беруге тура келгенін әңгімеледі.

Бірақ Ұлттық банк әзірге мұндай шектеулер Қазақстанда енгізілмейтінін нақтылады. Шектеулер тек заңды тұлғаларға және бизнеске қатысты енгізілген.

Қаржылық реттеуші мәліметінше, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер арасында қолма-қол ақшамен төлем жасау 1 мың айлық есептік көрсеткіш (2,5 миллион теңге) көлемімен шектелді. Одан артық болса, банкнот күйіндегі ақшамен есеп айырысуға тыйым салынады, тек банктік есепшотқа аудару түрінде қолма-қолсыз жүруге тиіс.

"Әлемдік тәжірибеде қолма-қол ақшаны қолдануды шектеу бойынша әртүрлі әдістер пайдаланылады. Мәселен, Еуропаның жекелеген елдерінде қолма-қол есеп айырысуларға 1 мың еуро сомасы шегінде лимиттер бекітілген. Ал операцияның жекелеген түрлері тек қолма-қолсыз нысанда жүзеге асырылады. Бельгияда бұл жылжымайтын мүлікке қатысты барлық операцияларға таралады. Қазақстанда жеке тұлғалар арасында қолма-қол ақшамен есептесулерге лимит енгізу қарастырылып жатқан жоқ", – деп түйді Ұлттық банк.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу