Ұлттық банк қожайыны жомарт банктерді ғана құтқарады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2645

Қазақстандағы банк секторындағы ахуал анағұрлым нашар болып шығуы мүмкін.

Ұлттық банк қожайыны жомарт банктерді ғана құтқарады

Бұл туралы бүгін ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ресми мәлімдеді. Осы күні ел парламентінің қос палатасы – мәжіліс пен сенат өздерінің бірлескен отырысына жиналып, үкімет пен есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарап, бекіткен болатын. Егер депутаттар көңілтолмастық білдіріп, есепті бекітуден бас тартқанда, Ата заң бойынша үкіметке толық құраммен отставкаға кетуге тура келетін. Бірақ қалаулылар ондай "шектен шығушылыққа" бармады және жауапты тұлғаларға сұрақ берумен шектелді.

Депутаттардың "созылмалы сырқатқа" ұшыраған банк секторына қатысты сұрағына ұлттық банк басшысы да тым шұбалаңқы жауап берді. Қазақша айтқанда, оның тым "малтаны езіп" отырып алғаны сонша, оған төрден мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қатаң ескерту жасады. Спикер ҰБ төрағасының жай жауабы бірлескен отырыста үкімет атынан негізгі баяндама жасаған қаржы министрінің сөзінен небары бір жарым минутке ғана аз болғанын айтып, бас шайқады.    

"Жалпылай шолушы баяндамаларыңызды басқа кеңестерге қалдырыңыздар. Ал мында біз нақты мәселелерді көтеріп отырмыз. Тура қойылған сұраққа тура жауап беріңіз. Бұл талаптың депутаттар тарапынан сұрақ қойылатын барлық лауазымды тұлғаларға қатысы бар. Біз парламентке төбе көрсетіп қайту үшін емес, нақты әңгіме үшін жиналамыз", – деді қатқыл үнмен Нұрлан Зайроллаұлы.

Хош, сонымен Данияр Ақышев мырза не деді? Ол біріншіден, қанша құтқарғанымен, банктердің дағдарысы қайталана беретінін мойындады.

Бұл ретте ол банктердің осы жағдайға жетуін олардың кейбіріндегі біліксіз басшылықты емес, "2014 жылы мұнай бағасының құлдырауын, тиісінше, елдегі макроэкономикалық ахуалдың нашарлауын, кейіннен ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауын, инфляцияның күрт артуын, заемшылардың сапасының нашарлауын" кінәлады.

"Осы жағдайда ұлттық банк банк секторын жүйелі түрде сауықтыру жұмыстарын бастады. Әйтпесе, осындай дені сау емес банк секторы қайтадан несиелендіре бастаса, екі-үш жылдан кейін олар қайтадан жаңа дағдарысқа килігеді. Сондықтан бірізді түрде қозғалу туралы шешім қабылданды. Яғни, несиелендіруді жандандыру үшін ең алдымен банк жүйесін жандандыру керек еді. Осы орайда екі ірі жүйеқұраушы банк бойынша жұмыс жүргізу туралы шешім шығарылды. Оның біреуі – қалыпты ("нормальный") банк болатын, ал екіншісінің өткен кезеңнен бері қордаланып қалған проблемалары болды. Осы жүйеқұраушы банктегі проблемалардың өте үлкен көлемі банк секторын төменге қарай тартты. Бірақ ол проблемалар ақыры шешілді. Тиісті мәміле қазіргі уақытта жүзеге асырылуда, мен әзірге оның нақты қай күні аяқталатынын айта алмаймын. Себебі, бұл көптеген жайттарға байланысты болып отыр", – деді Данияр Ақышев.

Ол ұлттық банктің басқа банктердің активтерінің сапасына да бағалау жүргізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Сарапшылар ұлттық банкті еліміздегі коммерциялық банктерде "стресс-тест" өткізуге батпай отырғанын айтып келеді.

"Бұл бағалау шынайы көрініс-картинаны көрсетеді және ол көрініс банктердің есептілігінде көрсетіп келгендегіден әлдеқайда нашар болып шығуы ықтимал. Ондай жағдайда банктердің акционерлері сол банктердің капиталына үлкен көлемде қаражат құюға тиісті болады. Алайда ұлттық банк қазіргі кезде банктер акционерлерінің де, басқа да қожайындарының да оларға бір мезгілде үлкен көлемде қаражат құю мүмкіндіктері жеткіліксіз екенін түсінеді. Сол себепті келесі схема ұсынылып отыр", – деді қаржылық реттеуші жетекшісі.

Бұл схема бойынша мемлекет қожайындары құтқару үшін қаржысын шығындауға дайын банктерді құтқаратынға ұқсайды.

"Сонымен, тәсіл мынадай: ұлттық банк дәл қазір банк секторын сауықтыру бағдарламасын дайындау ісін тәмамдап қалды. Ол бағдарлама ұлттық банктің ресурстарды беру арқылы банктерді қолдауын қарастырады. Бірақ ол үшін банктің акционерлері де міндетті түрде, нақты бекітілген мерзім ішінде банк капиталына пропорционалды, теңбе-тең мөлшерде қаражат құюға тиіс. Нәтижесінде, банктер алдағы бірнеше жыл ішінде өз капиталына салынар өте ауқымды қаржы ағынына қол жеткізеді. Осының арқасында біріншіден, олар өздерінде жылдар бойы қордаланған қайтарылмайтын кредиттерді есептен шығарып тастай алады. Екіншіден, банктер өз есептіліктерінде көрсетпей келуі мүмкін шығындарды мойындап, нақты көрсетулері керек" – деді Данияр Ақышев.    

Ол ұлттық банктің қаржылық сектордағы проблемаларды "өте тез шешуге бағдарланып отырғанын" мәлімдеді.

"Бағдарлама биылғы жылы жүзеге асырылады. Бір жыл мерзім берілуде. Одан кейін не болады? Өз шығындарын мойындаған және капиталын тиісті дәрежеде қамтамасыз еткен банктер барлық халықаралық талаптарға және өлшемдерге жауап беретін болады. Содан соң біздің ойымызша, банктердің рейтингтерінің және олардың қаржылық ахуалының жақсаруынан үміттене аламыз. Тек осындай банк секторы мемлекет басшысының ұлттық банк пен үкімет алдына қойған міндеттерді орындауға қабілетті бола алады", – деп түйді Данияр Ақышев.

Бірлескен отырыста депутаттар премьер Бақытжан Сағынтаевқа да сұрақтар қоя алды. Оларға жауап қайырған үкімет жетекшісі Қазақстанда қосылған құн салығын (ҚҚС) қайтару жүйесі жетілдірілетінін хабарлады.

"Бүгінде экономика өсуде, инвестициялар ауқымы артуда, экспорт та ұлғаюда. Қазір біз 300 ірі компанияға мониторинг жүргізудеміз. Барлық экспорттаушылар өз өнімдерін шетел нарығына жеткізгеннен кейін міндетті түрде ҚҚС сомасын өздеріне қайтару туралы мемлекетке талап қояды. Бұл ретте ҚҚС-тың уақытылы қайтарылмайтынына қатысты экспорттаушылар тарапынан шағымдар өте көп. Себебі, салықты қайтармас бұрын құзырлы органдар ол талаптың қаншалықты дұрыстығын ұзын тізбек бойынша қайта-қайта тексеруге мәжбүр. Ал бизнес болса, ҚҚС-ты қайтару үдерісінің де, тексерістердің де ұзаққа созылатынына наразы. Жыл сайынғы статистикаға қарасақ, бұл сома 500-600 миллиард теңгеге дейін барады. Қалай болғанда, ірі бизнес тарапынан арыз-шағымның көбеюіне байланысты біз әдістемені өзгерттік", – деді Бақытжан Сағынтаев.    

Оның сендіруінше, сенімді ірі бизнес субъектілеріне ҚҚС-тың 70%-ы автоматты түрде қайтарылып отырады. Яғни, барлық соманың тек қалған 30%-ы бойынша ғана тексерістер жүреді. Тиісінше, егер қандай да бір бұзушылықтар анықталса, бұрын төленген 70 пайыздық сома айыппұлға жатқызылады да, кері қайтару талабы қойылады.

Премьер бұл схеманың қаншалықты ұзақ қолданылатынын нақты айта алмады. Оның байламынша, ҚҚС бойынша әлемде жаңа технологиялар зерделенеді. Себебі, басқа да елдер өз кәсіпкерлерін ҚҚС-тан босату арқылы шетелге өнім сатуын ынталандыратыны мәлім.

"Қазір әр елде жаңа технологиялар пайда болуда. Мысалы, бізде де ілкі жоба режимінде электронды шот-фактура енгізілді. Бұл схема бойынша жұмыс жасайтындарға тексерістер 30 күн ішінде жүргізіліп бітеді. Келесі жылы бұл схема тек ірі компанияларға қатысты ғана пайдаланылады. Бүгінде цифрлы технологиялар өмірдің барлық қырларына енуде. Бұл жерде "үлкен деректер" (БигДата) технологиясын қолдану мәселесін де пысықтаудамыз. Яғни, барлық экспорттаушылар деректері серверлерде сақталады да, осынша көп тексерулер жүргізудің қажеті болмайды. Әкімшілендіру ісі жақсарады. Демек, болашақта қазіргі туындаған мәселелердің көбі өзектілігін жояды деген ойдамыз. Сөйтіп, біз дұрыс көрініс-картинаны көре аламыз", – деп қорытты сөзін үкімет басшысы.

Ал күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов салық бойынша тексерулерді күрт азайтуға уәде етті.

Министрдің мәліметінше, былтыр бюджеттің кірістері 7,7 трлн теңгеге жетті. Бұл 2015 жылдың көрсеткішінен 1,5 трлн теңгеге көп. Оның 30%-ы трансферттерге тиесілі. Осы тұста бас қаржыгер депутаттардың "Бюджеттің кірістері әлі де болса ұлттық қордан тартылатын трансферттерге және әлемдік шикізат нарығындағы құбылуларға тәуелді" екендігі туралы сын-ескертпелерімен келісті.

"Сондықтан, экономиканың өсуі мен әрі қарай дамуы үшін біраз шаралар жоспарланып отыр. Бұл жоспардың нәтижелі болуы үшін біз бизнеске қолайлы жағдай жасап, салық түсімдерінің жоғары қайтарылымын сақтап қалуымыз керек. Кіріс кірмей, шығыс шықпайды деген мәтел бар. Бұл ретте жұмысымыз салықтық түсімдерді ұлғайту мен бизнеске әкімшілік қысымдарды азайту аясында өтеді. Мәселен, үстіміздегі жылы салық тексерулерді біз 37,5%-ға қысқартамыз. Бұдан басқа жаңа "Салық кодексі" жобасында осы тексерулерге себеп болатын негіздемелердің 56%-ы алынып тасталады. Сонымен, қазіргі 32 норманың 14-і ғана қалатын болады. Жалпы салықтық тексерулерде горизонтальды мониторинг енгізіледі. Ол сенім, ашықтық және өзара тиімді принциптері бойынша қолданылады. Салықтық әкімшілендірудегі қызметтерді одан әрі ақпараттандыру да осы жұмысқа оң ықпалын тигізеді", – деп сендірді министр Бақыт Сұлтанов.

Ол "тиімсіз салық преференциялардың саны қысқартылатынын" мәлім етті.

"Осы жеңілдіктерді бизнес көбінесе салық төлудің мөлшерін азайту үшін ғана қолданылады. Осыған байланысты қосылған құн, корпоративтік табыс салықтары және де жергілікті салықтар бойынша қолданыстағы жеңілдіктер қайтадан қаралады. Бұдан басқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне рақымшылық аясында  тиісті өзгерістер енгізу қарастырылуда. Оның ең бастысы – ол әкімшілік айыппұлдың көлемін  қысқарту мен жазалаудың орнына ескерту институтын кеңінен қолдану болады", – деп түйді Бақыт Сұлтанов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу