Ұлттық банк қыңыр коллекторларды жазалауға кірісті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6224

Қазақстанда қайтарылмаған кредиттерді күштеп өндіретін ұйымдардың саны азайды.

Ұлттық банк қыңыр коллекторларды жазалауға кірісті

Халықтың коллекторлық ұйымдарға қатысты шағымы да күрт кеміген. Бұл мәліметті Ұлттық банк жария етті.

2017 жылғы 2 маусымда елімізде "Коллекторлық қызмет туралы" және "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне коллекторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңдар қабылданды. Бұл құжаттардың жобалары қырықпышақ қырқыс тудырмағанымен, сарапшылар арасында да, парламентте де қызылкеңірдек пікірталасқа тамыздық болды. Сол кездегі Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев қызбалыққа салынып, бұл заңдарды тіпті "халыққа қарсы бағытталған" (антинародный) деп атап, оның рэкетті заңдастырып беретінін мәлімдеді. Мұндай бағаға жаға ұстай таң қалған қаржылық реттеуші басшылығы бүкіл командасымен апта сайын парламентке ағылып, заң жобаларының елге пайдасы барлығына сендіріп баққан. Енді өмірдің өзі бұл заңның қажеттігін көрсетіп отыр.

Бұған дейін коллекторлардың қызметі арнаулы заңмен реттелмейтін. Салдарынан қандай да бір банк өз клиентінің қарызын өндіріп алуды коллекторға тапсыра салысымен борышкер азамат өзіне заңмен бекітілген "қаржылық қызметтерді тұтынушы" мәртебесінен де, қаржылық реттеушінің қорғауынан да айырылатын. Өйткені коллекторлар Ұлттық банктің құзыреті аясынан тыс жатқан еді. Ал әлгі қос заң Ұлттық банкке енді коллекторларды да өз жетегіне алуына рұқсат берді.   

Айта кету керек, көптеген дамыған елдерде коллекторлық агенттіктер жұмыс жасау үшін арнайы лизенция алуы шарт. Қазақстандық заң болса, әлдеқайда жұмсақ: онда лицензиялау қарастырылмаған. Бірақ коллекторлық агенттіктер қызмет ету үшін бұдан былай қаржылық реттеушінің келісімін алып, өздеріне арналған бөлек реестр-тізілімге енуге тиісті. Бұл ретте Ұлттық банк жөнсіздіктер мен бұзушылықтарға жиі жол берген коллекторларды тізімнен шығарып тастауға құқылы. Бұл коллекторлық қызметке тыйым салынғанын білдіреді. Яғни айналып келгенде коллекторлар лицензиялаусыз-ақ Данияр Ақышевтің мекемесіне тәуелді болып шыға келді. 

Оның үстіне жаңа заңдар күшіне енісімен, өткен жылы еліміздегі барлық коллекторлар Ұлттық банкте есептік тіркеуден өтуге міндеттелді. Нәтижесінде коллекторлық агенттіктердің қатары селдіреп шыға келді.  

Атап айтқанда, осы заңдар өмірге жолдама алғанға дейін, яғни 2016 жылы Қазақстанда 205 коллекторлық агенттік қарызын қайтара алмай жүрген адамдарды "сілкілеумен" айналысқан көрінеді. Ал қазір 2018 жылғы 10 шілдеде небары 104 коллекторлық агенттік қана Ұлттық банкте есептік тіркеуден өте алды. Осылайша саны шамамен екі есеге құлдыраған. 

Сонымен бір мезгілде қаржылық реттеуші борышкерлерге заңсыз қоқан-лоққы көрсеткен коллекторлық ұйымдарды жазалауды бастады.

"Ұлттық банкке қарыз алушылардан коллекторлардың заңсыз іс-қимылдарына қатысты өтініштер түсуде. Негізгі шағымдар заңның 5 бабында айқындалған "борышкермен өзара іс-қимыл тәртібін" бұзуға байланысты болуда", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Қаржылық реттеушінің мәліметінше, 2018 жылғы ІІ тоқсанда, яғни сәуір-шілде айларында қазақстандықтардан келіп түскен арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша 5 коллекторлық агенттікке қатысты ықпал ету шаралары қолданылған. Ұлттық банктен ескерту мен жазбаша ұйғарым алғандар арасында "Дельта М Қазақстан" коллекторлық агенттігі, "Эксперт Плюс" коллекторлық агенттігі" ЖШС, "Ұлттық өндіріп алу қызметі" КА" ЖШС, "ПАРИТЕТ" КА" ЖШС, "Legal Collection" КА" ЖШС бар.

Нақтырақ тоқталсақ, "Дельта М Қазақстан", "Эксперт Плюс" және "Ұлттық өндіріп алу қызметі" коллекторлық агенттіктері "борышкерлермен өзара іс-қимыл жасау кезінде адал емес іс-әрекеттерді жүзеге асырғаны" үшін жазаланған.

Сондай-ақ аталған "бестіктің" басқа да құқық бұзушылықтары бар. Мысалға, саланы реттейтін жаңа заңның 15- бабының 1- тармағының 14) тармақшасына сәйкес, коллекторлық агенттіктер қарызды мәжбүрлі түрде өндіріп алуға келгенде, "борышкермен өзара іс-қимыл жасау барысын аудио немесе бейнетехника құралдарының көмегімен тіркеуге" міндетті. Қарапайым тілмен айтсақ, коллектор борышкердің өзінің не оның туысының, әлде досының есігін қақпас бұрын, немесе оған тіл қатпас бұрын ұялы телефонындағы бейнекамерасын не диктофонын қосуы тиіс.

Заң коллектордан осы кезде тіркелген аудио және бейнежазба материалдарын борышкермен немесе оның өкілімен өзара іс-әрекет жасаған күннен бастап алты ай бойы сақтауды талап етеді. Алайда кейбір коллекторлық агенттіктер  бұл талапты сақтамайтыны белгілі болуда. Мәселен Ұлттық банкке азаматтардан әлдебір борыш өндірушінің доқ көрсеткені туралы шағым түседі, тексеру барысында коллектордың ол кездесуді таспаға түсірмегені анықталады. Дәл осындай қадамға "Паритет" ЖШС өкілдерінің барғаны әшкереленді.

Бұдан бөлек "Дельта М Қазақстан", "Эксперт Плюс", "Legal Collection" коллекторлық агенттіктерінің "барып кел, шауып кел" жігіттері қарыз батпағына белшеден батқан азаматтарға және олардың жақындарына келгенде өздерін таныстырмайтыны анықталуда.

"Бұлар борышкермен алғашқы байланыс жасау кезінде барлық қажетті ақпаратты, атап айтқанда, коллекторлық агенттіктің атауын, коллекторлық агенттіктер тізіліміндегі өздерінің есептік тіркеу нөмірін, борышкермен өзара әрекет жасайтын адамның аты-жөнін және лауазымын хабарламаған", – дейді Ұлттық банк.

Сонымен қатар, қаржылық реттеуші заң бойынша коллекторлық агенттіктердің келесідей жосықсыз іс-қимылдарына тыйым салынғанын еске салады: біріншіден, коллектор өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді таратуға не осы тұлғалардың мүдделеріне зиян келтіруі мүмкін мәліметтерді жария етуге бармауға тиіс. Барса, жазаланады.

Екіншіден, коллекторлық агенттіктер өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаның құқықтары мен бостандықтарына қол сұғатын, олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, сондай-ақ осы тұлғаға мүліктік және өзге де зиян келтіруге алып келетін, құқыққа қайшы әрекеттер жасауына рұқсат  етілмейді.

Үшіншіден, борышкерге және оның өкіліне немесе үшінші тұлғаларға күш қолдану, не олардың мүлкін жоямын, бүлдіремін деп қорқыту, қорлау, алаяқтық, жалған құжаттар жасау, бопсалау арқылы борышкерді "банктік қарыз туралы шарт" немесе "микрокредит беру туралы шарт" бойынша міндеттемелерді орындауға мәжбүрлейтін қысым көрсетуіне жол берілмейді.

Төртіншіден, коллекторлық агенттік өзара іс-қимыл жасасатын тұлғаны берешектің мөлшеріне, сипатына және туындау негіздеріне қатысты жаңылыстырмауға тиіс.

Бесіншіден, коллекторлық агенттік берешекті өтеу үшін ақшаны, сондай-ақ өзге де мүлікті қабылдай алмайды. Рэкеттен де айырмашылығы осы: заңды белден басатындар ұрып-соғып, не үрейлендіріп, жәбірленушінің ақшасын, әлде құнды затын сол мезетте алып кетуге ұмтылатыны мәлім. Ал коллектор болса, борышкердің екі аяғымен өзі келіп, ерікті түрде қарызын өзі төлеуіне түрткі болуы шарт.

Алтыншыдан, коллектор берешекті ақшадан басқа, өзге мүлікпен өтеуді талап етуге қақысы жоқ. Борышкер өз мүлкін мысалы, ломбардта кепілге қойса да, қарызын тек қаржы түрінде өтеуі керек. Жетіншіден, коллекторларға кредитордан және оның өкілінен немесе үшінші тұлғалардан алынған коммерциялық, сондай-ақ заңдармен қорғалатын өзге де құпияны жария етуге тыйым салынады.

Әділін айта кеткен жөн, қазақстандықтардың арыз-шағымдарының негізгі тасқыны коллекторлардың емес, банктердің кесірінен туындауда екен. Қаржылық реттеушінің дерегінше, қазіргі кезде заңсыздыққа қатысты ашынған, әділет іздеген халықтың Ұлттық банкке жолдаған барлық өтініштерінің 77,5%-ы банктік секторға және банктік операцияларға қатысты болуда. Жұртшылықтың бұдан кейінгі үлкен бөлігі немесе 18,8%-ы салалық заңнамадағы жөнсіздіктерге назаланады. Сақтандыру саласы, өмірді, автокөлікті және басқаларын сақтандырушы компаниялардың әлімжеттігі азаматтардың 2,5%-ның ашу-ызасын тудырады екен. Ал коллекторларға қатысты шағым барлық өтініштердің тек 0,1%-ын ғана құраған. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу