Ұлттық банк Президент сөзіне құлақ аса ма?

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3640

Президент  ​Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде экономиканы арзан несие арқылы ынталандыру үшін Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуді тапсырды.

Ұлттық банк Президент сөзіне құлақ аса ма?

"Экономика мен халықтың табысының артуы үшін шағын және орта бизнестің арзан несиеге қолы жетуі керек. Ұлттық банкке биыл базалық мөлшерлемені төмендетіп, экономиканы қаржыландыру көлемін ұлғайту механизмін дайындауды тапсырамын", деді мемлекет басшысы.

Былтырдан бері көптеген тәуелсіз экономистер бизнеске несие жетіспей жатқанын айтып дабыл қағып келген. Дегенмен, Ұлттық банк экономиканы ынталандыруға қарағанда инфляцияны азайтуға басымдылық беріп, теңгенің базалық мөлшерлемесін азайтудың орнына керісінше көтере түсіп, 9,25%-ға жеткізген еді. Оның себебі де түсінікті. Ұлттық банктің бірінші міндеті қаржы-несие саясатын бақылау, ал экономикалық өсімді қадағалау – Ұлттық экономика министрлігінің міндеті. Сондықтан да, Ұлттық банк басқа ведомстваның жұмысына "бас ауыртпай-ақ" қоя салған.

Осы орайда, Нұрсұлтан Назарбаев былтыр және бір сөзінде Ұлттық банктің құзіретін кеңейтіп, бас банкті тек теңгенің құны мен несие пайызын реттеуге ғана емес, сонымен қатар жауапкершілігіне елдің экономикалық өсімін де беру керектігін айтқан. Дегенмен, ұсыныс сол айтылған күйінде қалған.

Қалай дегенде де, сайлау алдындағы популистік қадам болсын, шын жоспардан шыққан тапсырма болсын, Ұлттық банк Тоқаевтың базалық мөлшерлемені түсір деген тапсырмасына құлақ аса қоймайтын секілді. Бұл туралы сарапшылар да болжап отыр.

Интерфакс-Қазақстан басылымының мәліметінше, Газпромбанк сарапшылары Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдыруға тиіс дейді. Оған сарапшылар үш дәлел келтіреді.

"15 сәуірде өтетін Ұлттық банктің отырысында теңгенің базалық мөлшерлемесі 9,25% деңгейінде өзгеріссіз қалуға тиіс. Оның себебі инфляцияның 4-6% дәлізінде бекітілген көлемнің ішінде төмен деңгейде сақталуы, АҚШ Федералды қор жүйесінің доллардың базалық мөлшерлемесін тұрақтандыруы мен мұнай бағасының тұрақталуы аясында теңге бағамының да тұрақталуы, мемқызметкерлер мен әлеуметтік қызметкерлерге жалақыны көбейту жоспарына сай тұтыну сұранысының ұлғаюы аясында экономикалық өсімнің төмендеу қатері", деп жазады сарапшылар.

Яғни, егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендететін болса, инфляцияның күшеюі қаупі күшті. Ал бас банктің қазіргі басты міндеті қымбатшылыққа жол бермеу. Сонымен қатар, доллардың өзіндік құны да, мұнай бағасы да бірнеше жылдан бері енді ғана бір орынға тұрақтады ау дегенде теңгенің мөлшерлемесін өзгертіп жіберу бірнеше жылдық тұрақтандыру саясатының текке кеткені болар еді.

Осы аптада Ұлттық банктің отырысы өтіп, базалық мөлшерлеменің өзгерер-өзгермесі сонда белгілі болады. Президент сөзінің салмағы мен Ұлттық банктің экономикаға жауапкершілігі сол кезде көрінбек.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу