Ұлттық банк сақтандыру компанияларына қойылар талапты күшейтіп жіберді

2807

Сарапшылар оңтайландырудың бұрандасын қысқан сайын нарықтың монополиялануын болжап отыр.

Ұлттық банк сақтандыру компанияларына қойылар талапты күшейтіп жіберді

Сақтандыру нарығы қарапайым қазаққа әлі таңсық. Мамандардың айтуынша, бұған ІЖӨ-ден алар үлесінің аздығы себеп.

Ұлттық банк мәліметтеріне сүйенсек, еліміздегі сақтандыру компанияларының жиынтығы 911 млрд теңгеге, капиталы 408 млрд тең­геге жеткен.

Сақтан­дырудан түскен сыйақы көлемі жыл сайын артса да ІЖӨ-дегі үлесіне әсер ете алмады. Сақтандыру компанияларының инвести­циялық портфеліне көз жүгіртсек, ондағы салалар айтарлықтай көп емес. Активтерінің 90 пайызы жинақтар мен құнды қағаздар секілді қарапайым қаржы құралдарына салынып келді. Адамның өмірін сақтандыру немесе тұрғын үйді сақтандыру бағыты мүлдем кенжелеп қалған.

Сақтандыру саласының өкілдері мұның себебін салымшылардың қаржылық және сақтандыру бағыты бойынша сауатының төмендегімен түсіндіріп келді: адамдар өмірін немесе тұрғын үйін форс-мажорлық жағдайлардан сақтандыруға ықыласты емес, төлем қабілеті де сын көтермейді.

Қазақстандық сақтандыру компанияларының заңгері Мұрат Хұсайынов бұл тек сылтау ғана екенін айтады.

"Сақтандыру компаниялары өздерінің бар екендерін және жұмыс істеп жатқандарын дәлелдеді. Мысалы, жол-көлік апаты орын алса, шығынды сақтандыру компаниялары төлейді. Бұл біздің тұрмысымызға енді. Енді тұрғын үй немесе денсаулықты, өмірді сақтандыруды да осы тәсілмен қолданысқа енгізуге болады, мемлекеттің тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндетін жеңілдетеді. Бұл әлемдік тәжірибеде бар", – дейді Мұрат Хұсайынов.

Ұлттық банк сайтында жарияланған мәліметтер 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шетелдік сақтандыру компа­ниялары қазақстандық нарыққа шығуға мүмкіндік алатынын айтады. Бұл – клиенттер үшін жаңа мүмкіндік, нарық ойын­шылары үшін жаңа бәсекелестер.

Бірақ Ұлттық банктің сақтандыру компанияларына қатысты ұстанымын өзгертуі 2020 жылғы дайындықты ерте бастауға кіріскенін көрсетті. Себебі 2019 жылдың қаңтарынан бастап Ұлттық банк нарықтың осы сегментіне қатысты мәжбүрлі реттеуге өзгерістер енгізді. Ұлттық банк бұл өзгерістер арқылы нарықты әлсіз компанияларадан тазартуға бел шешіп кірісті.

Сарапшылар бұл өзгерістер сақтандыру нарығын оңтайландыруды ғана көздейтінін айтып отыр. Мұның соңы нарықтағы жас ойыншылардың кетуімен немесе ұсақ компаниялардың іріленуімен аяқталатынын олар көріп-біліп отыр. 

Бізге пікір білдірген сарапшылар Ұлттық банктің не себепті мұндай шешім қабылдағанын түсіне алмай отырғанын жасырмайды.

Халықаралық талап бойынша, мұндай шешімдер сақтандыру компаниялары банкрот болғанын немесе жұмысты жалғастыруға мүмкіндіктің жоқтығын өздері мәлімдегенде ғана қабылданады. Ал біздің жағдайда бәрі керісінше. Олардың пайымдауынша, нарықты оңтайландыруға ешқандай себеп жоқ. Бұл өз кезегінде 2009 жылғы банк секторындағы жағдайға көбірек ұқсап барады.

2018 жыл сақтандыру нарығы үшін тым табысты болмаса да, олардың өз арбаларын өздері сүйреуге жарап қалғандарын көрсетті. Жыл қортындысы бойынша, олардың активтері 13 пайызға өсіп, 1 трлн теңгеге жеткен.

 "Нарықтағы барлық ойыншылар жылды табыспен аяқтады", – дейді осы сегменттің қатысушылары.

"Аманат" сақтандыру компаниясының өкілі Ерғали Бегімбетов өткен аптада Алматы журналистерімен кездесу кезінде Ұлттық банктің сақтандыру секторына қатысты шешімі талапты қатайту емес, қателіктерге көз жұмып келуінің салдарынан қабылданған шешім екенін атады.

Себебі соңғы екі жылда, Данияр Ақышев Ұлттық банкке төраға болып келген күннен бастап, сақтандыру компанияларының жұмысын реттеу немесе тексеру мүлдем өзгеріп кетіптті. Оның пайымдауынша, бұрын тексерулер кезінде қателіктер байқалса, айыппұл салынатын немесе қателікті түзетуге кеңес берілетін. Ал қазіргі тексерулердің соңы лицензиясының күшін жоюмен аяқталады екен.

Ұлттық банктің қазіргі көзқарасы, сақтандыру компаниялары өкілдерінің пайымдауынша, ешкіммен мәмілеге келгісі келмейтін біржақты ұстанымға көбірек ұқсап барады.

"Коммеск-Өмiр"  сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы Олег Ханин 2019 жылы капитализацияға талап тағы да күшейетінін айтып өтті. Мұның соңы сақтандыру компаниясы портфеліндегі бағалы қағаздарды есептеу механизміне өзгерістер енгізуі әбден мүмкін.

"Мұндай жағдайда алдағы бірер айда қазақстандық сақтандыру нарығы тағы екі компанияға азаяды", – дейді Олег Ханин.

Мамандар Ұлттық банктің сақтандыру нарығын "тазалауға" кіріскені биылмен бітпейтінін ашып айтады. Елдің бас банкі бұл әрекетке жайдан-жай кірісіп отырған жоқ. Себебі елден кеткен, жылыстаған заңсыз қаржының басым көпшілігі сақтандыру компанияларының шетелдегі акционерлерінің қатысуымен жүзеге асырылған деген күдік бар. Ұлттық банк ендігі кезекте шетелдік брокерлерге Қазақстанда жұмыс істегілерің келсе, еншілес компанияларыңды ашыңдар деп талап қойып отыр.

"Ұлттық банк шетелдік сақтандырушы компанияларға талап қоймастан бұрын жергілікті брокерлерге талапты күшейтіп отыр. Бұл отандық компаниялардың комиссиялық жарғыларын көтереді. Нарықта тек 5 немесе 7 ғана сақтандыру компаниясы қалады", – дейді Олег Ханин.

Олег Ханин бізбен әңгімесінде сақтандыру туралы заң жобасы сенаттың сақтандыру компаниялары туралы заң жобасы сақтандыру нарығын жаңа кезеңге көтеретінін айтты.

"Дамыған елдерде сақтандыру компанияларының жарғылық капиталы банктерден жоғары. Қазақстан нарықты әлсіз компаниялардан тазарту арқылы осы бағытқа жақындап келеді. Нарықтық бұл сегментін барынша тартымды ету үшін бар жағдай жасалады деп үміттенемін", – дейді Олег Ханин.

Сарапшылар нарықты тазалауға бел шешіп күрескен Ұлттық банктің әрекетінің немен аяқталарына нақты болжам жасауға қауіптенеді.

2009 жылғы банктердің іріленуіне қатысты қабылданған шешімдер тағы да алдымыздан шығады деген пікір басым. Сарапшы, Ерлан Бурабаевтың сөзімен айтқанда, Ұлттық банкке бұл шешімді қабылдау оңай болмаған. 2018 жылы бас банктің қатысуымен 70 жұмыс тобының кездесуі өткен, заң жобасына 450-ден астам түзету енгізілген.

"Бұл шешім саланы дамыту үшін белді бекем бууға, екінші жағынан тұтынушылардың құқын қорғауға бағытталған", – дейді Ерлан Бурабаев.

Ерлан Бурабаев жинақтаушы – сақтандырушы салаларды дамыту осы бағытты дамытудың екінші кезеңі екенін айтады. Оның пайымдауынша, қазақстандық сақтандырушы компаниялардың басым көпшілігі бұған тас-түйін дайын. Себебі кейбіреулерінің капиталы екінші деңгейлі банктердің капиталынан жоғары. Сарапшының айтуынша, салалық бағыттарды дамытуды қолға алар болсақ, біз әрекетті адамның өмірін, денсаулығын немесе мүлікті сақтандыру тәрізді қоғамның тұрмыстық деңгейіне әсер ететін бағыттарды мүмкіндігінше көбірек қамтыған дұрыс.

"Қазақстанда, ішкі нарықта сақтандыру сегменті аяққа тұрды, кейбір компаниялар капиталдандырылуы мүмкіндігі екінші деңгейдегі банктердің капиталынан жоғары. Әлемдік тәжірибеде капиталы банктерден жоғары тұрған сақтандыру компаниялары көп. Қазақстан осы бағытқа басымдық беруге ыңғай таныта бастады. Егер жағдайды қалыптастырса, сақтандыру саласының тартымдылығы арта береді", – дейді Ерлан Бурабаев.

Ерлан Бурабаевтың пайымдауынша, сақтандыру компанияларын оңтайландыруды барынша зардабы тимейтін деңгейде жүргізген дұрыс. Себебі 2019 жылды 2000 жылдардың бас кезімен салыстыруға болмайды.

"Ұлттық банк сақтандыру компанияларын оңтайландыру туралы шешімді олардың және топ-менеджерлері мен акционерлерінің жауапкершілігін арттыру қабылдап отыр. ЕАЭО елдерімен интеграция тереңдеп кетті. Ресейде, Белоруссияда сақтандыру нарығы дамыған. Біздің сақтандыру нарығының өкілдері де одақ шеңберінде бәсекелестікке дайын болуы керек. Оңтайландыру нарықтың шоғырлануына және ұсақ компаниялардың бір-біріне жұтылып, іріленуіне алып келуі мүмкін", – дейді Ерлан Бурабаев.

Сарапшылар оңтайландырудың бұрандасын қатты бұраған сайын нарықтың монополиялануы жымдамдайтынын айтып отыр. Себебі талап күшейген сайын ұсақ компаниялар ірілерге жол беріп, нарықтан ығысып шығады. Бұл нарық талабына мүлдем қайшы. Біз осы бағытпен жүре берсек, 2009 жылы банктерді оңтайландыру кезінде жол беріп алған кемшіліктерімізді тағы да қайталаймыз.

Қаржыгер Ілияс Исаевтың пайымдауынша, қазіргі бағыт, Ұлттық банктің ұстанымы нарықты реттеуші емес, тазалаушы міндетіне көбірек ұқсап барады. Сақтандыру компанияларын мәжбүрлеп жабу немесе оларды мүлдем нарықтан ығыстырып тастау нарық заңына қайшы құбылыс. Мұндай шешім сырттан емес, іштен, сақтандыруды компаниялары өздері қабылдауға тиіс. Әлемдік тәжірибеде банкротқа ұшырап, жабылып қалған, кейін уақыт өтке келе алпауыт компанияларға айналғандар көп.

"Бірнеше жылдық тәжірибесі бар компаниялардың мүмкіндігін пайдалану керек. Сол себепті, қаржы ұйымдары сияқты, сақтандыру компанияларына да кішігірім ұйымдарға айналып, жұмыстарын жалғастыра беруіне мүмкіндік беру керек. Нарықта тек ірілердің қалуы кәсіби бәсекелестікке мүмкіндік бермейді. Олар тек нарықты жаулау немесе клиент үшін күресті ғана ойлайды. Сақтандыру саласының дамуына мүмкіндік беретін алғышарттарды кішігірім ұйымдар да қалыптастыра алады", – дейді Ілияс Исаев.

Рауан Ілиясов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу