Ұлттық қор жүрісінен жаңылмайды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
13178

 Жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активі 58,3 млрд АҚШ долларына жетеді. 

Ұлттық қор жүрісінен жаңылмайды

Биылғы жылдың I тоқсанында Ұлттық қордың түсімі  21,2%-ға азайып, 592,3 млрд теңгеден, 467 млрд теңгеге төмендеді.

Мұнайға салынған салықтан Ұлттық қорға түскен табыс 97%-ды құрағанымен, басқа салалардың пайда әкелу көрсеткіші құлдырап кетті. Салдарынан наурызда Ұлттық қорда 22,6 трлн теңге бар екені, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға кем екені анықталды. Бұған республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттің 28,1%-ға азаюы мен салықтық емес түсімдердің күрт қысқаруы себеп болған.

Айтпақшы мұнайдан түскен табыстан бөлек Ұлттық қор жер телімдерін сату мен тау-кен өнеркәсібі мен шикізат өңдеу саласындағы мемлекет мүлкін жекеменшікке беруден пайда көрген. Алғашқысынан Ұлттық қорға былтырғымен салыстырғанда 0,6% артық (былтыр 86 млн, биыл 86,5 млн теңге) кіріс кірген. Ал соңғысынан 5,5 млрд теңге түскен.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жағдай қалыпты деп санайды және жыл соңына дейін мұндай ауытқулардың болып тұруы заңдылық екенін айтады.

"Биыл қаңтар-наурыз айларында экономиканың өсімі 4,1%-ды құрады. Жыл соңына дейін мұнайдың болжамды бағасы барреліне 45 АҚШ долларынан 55 долларға дейін өседі. 2017 жылы нақтыланған базаны есепке ала отырып, 2018 жылы номиналды жалпы ішкі өнім 57,2 трлн теңге көлемінде болжанып отыр.  Ол тамызда мақұлданған көрсеткіштен 1,3 трлн теңгеге артық. Нақты жалпы ішкі өнімнің өсуі 3,8%-ға көтеріледі. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 9 200 АҚШ долларына дейін көбейеді", – деді ол.

Министрдің мәлімдеуінше, Ұлттық қорға түсетін түсім болжам бойынша 546 млрд теңгеге артады.

"2018 жылдың аяғында түсім 2,6 трлн теңгені құрайды. Нәтижесінде жыл соңында Ұлттық қордың валюталық активін 58,3 млрд АҚШ долларына жеткізу жоспарланған", – деді Тимур Сүлейменов.

Естеріңізге болса, былтыр молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Статидің Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастаған.  Сол кезде шыққан халықаралық дау әлі күнге жалғасып жатыр. Осыны еске алған Standard&Poors агенттігінің сарапшысы Борис Копейкин Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі бұғаттаулы болса да, Қазақстанның активі жоғары дәрежеде екенін тілге тиек етті.

"Ұлттық қордағы ақшаның басына бұл үйіріліп тұрса да, Қазақстанның активі халықаралық дәрежеде өз биігін сақтап тұр. Әлемдегі 135 елдің ішінде Қазақстан жиналған активтерінің көрсеткіші бойынша 13 - орында тұр",– деді Standard&Poors агенттігінің сарапшысы.

Айта кетейік өткен жылы Ұлттық қордың 22 млрд доллары бұғатталғанда Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры Қасымхан Қаппаров "Ұлттық қор туралы" заң қабылдау қажет деген ұсыныс білдірген.

"Қорға түскен, жұмсалған ақша мен инвестициялық кіріс көлемін жыл сайын ашық жариялап, парламенте талқылап отыруды тәжірибеге енгізу керек. Жыл сайын тәуелсіз сыртқы және ішкі аудит жүргізіп, оның нәтижелерін ашық жариялап отыру керек. "Ұлттық қор туралы" заң қабылдап, оның активтерін басқару менеджментін дұрыстау керек", – дегенді айтқан Ұлттық экономикалық зерттеулер бюросының директоры. 

Жалпы, бізде Ұлттық қор және оның қаржысы туралы сөз жиі қозғалады. Бұл туралы екінің бірі пікір білдіреді десек артық емес. Жұрт: "Ұлттық қордағы мұнай мен газдан түскен табыс қазақстандықтарға үлестірілсін!" – дегенді айтудан Ұлттық қор ашылғаннан бері танбай келеді.

Бірден айтайық, Ұлттық қор бүгін үшін емес, ертең үшін құрылған. Мұндағы ақшада болашақ ұрпақтың да несібесі бар. Ұлттық қордағы ақша халыққа бөлініп берілетін болса, ол үшті-күйлі жоқ болып кетеді. Ал үкімет мұндайға жол бермейді. Себебі Қазақстан жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде Ұлттық қордағы ақшаның игілігін көрді, алдағы уақытта да көре береді. Мұның дәлелі соңғы 8 жылда Қазақстан Ұлттық қордан 83 млрд доллар алды. Осының арқасында ұлттық экономикамыз жүрісінен жаңылмай, қиындықты еңсеріп шықты.

2007 жылдан бері қордың тұрақтандыру портфелінен жыл сайын ақша алынып жүр. Бұл туралы экономист Рақым Ошақбаев: "Соңғы жылдары Ұлттық қордан алынған  қаржы бюджеттің кіріс бөлігінің тең жартысын құрайды", –  дейді.

Біле жүріңіздер, Қазақстанның Ұлттық қоры секілді қорлар әлемнің басқа елдерінде де бар және болған. Мысалы 2008 жылы құрылған Ресей резервтік қоры биыл ақпан айында қаржысының таусылуына байланысты жабылып қалды.

Бұл туралы РФ қаржы министрі Антон Силуанов: "Желтоқсандағы операциялардан кейін резервтік қорда ештеңе қалған жоқ. Ал алдағы 1 ақпаннан кейін қор қызметін тоқтатады. Өткен жылғы маусым айында қабылданған шешімге сәйкес, резервтік қор ұлттық әл-ауқат қорына біріктіріледі", – деп мәлімдеді.

АҚШ-та ұлттық ғылыми қор және демократия ұлттық қоры бар. 1950 жылы құрылған ұлттық ғылыми қор тәуелсіз федералды агенттік ретінде АҚШ конгресінің қолдауымен дүниеге келген. Бүгінде жылына 7,5 млрд доллар айналдыратын қор құрама штаттардағы әлеуметтік ғылымдар саласындағы барлық ғылыми жобалардың 24%-ын қаржыландырады.

Демократия ұлттық қоры 1983 жылы пайда болды. Бұл қор әлем бойынша демократия мен адам құқығына қатысты жүргізілетін зерттеулерге грант тағайындаумен айналысады.

Еврейлерде "Еврей ұлттық қоры" деп аталатын қор бар. Аталмыш қор Израиль мемлекетінің құрылуы мен қалыптасуына қаржы құйған. Бұл қордың кереметтілігі сол, оған дүниежүзінің еврейлері ерікті түрде ақша аударып тұрған. Бүгінгі таңда "Еврей ұлттық қоры" жер сатумен және ауқымды жобаларды қаржыландырумен айналысады.

Әлемде бұдан да басқа қорлар толып жатыр. Біз осымен шектелгенді жөн көрдік.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу