"Бүкіләлемдік Универсиадада жалпы есепте екінші орын алу – бұл еліміз үшін үлкен мәртебе, елімізде бұқаралық спорттың дамып келе жатқандығының бір көрінісі іспетті. Сіздер Қазақстан спорт мектебінің жоғары дәрежеде өркендеп келе жатқанын, жеңіске деген жігерін әлемге паш еттіңіздер. Универсиада Қазақстанның бүкіл азаматы үшін үлкен мерекеге айналды. Осы дүбірлі додада жеңімпаз атанған спортшыларымыз жастарға үлгі бола білді және осы жетістіктеріміз елімізде қысқы спорт түрлерінің дамуына үлкен септігін тигізуі тиіс. Сонымен қатар осы жарыстарды жоғары деңгейде өткізіп, үлкен жауапкершілікпен қарағаны үшін Универсиаданы ұйымдастырушы комитетке алғысым шексіз! Барлық спортшыға зор денсаулық, спортта одан да биік белестерді бағындыра беріңдер!", – деген ізгі тілегін жеткізді елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Расында Қазақстан құрамасы биылғы Универсиадада екінші орын алып, өз рекордын жаңартып отыр. Біздің спортшыларымыз қоржынға 36 медаль – 11 алтын, 8 күміс және 17 қола салды.
Алтыннан алқа таққандар: биатлоншы Галина Вишневская (спринт, масс-старт) және Алина Райкова (жекелей қашықтықта), шаңғышы Иван Люфт (спринт) және Анна Шевченко — Олжас Климин жұбы (аралас командалық спринт), мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен (еркін жаттығуда) және фристайлшы Юлия Галышева (могул, параллельді могул), Дмитрий Рейхерд (могул, қос могул) және Жанбота Алдабергенова — Бағлан Іңкәрбек жұбы (аралас командалық акробатика).
Күміс: биатлоншы Галина Вишневская (жекелей қашықтықта), Роман Еремин (масс-старт) және командалық бәсекеде Галина Вишневская, Дарья Усанова, Василий Подкорытов және Антон Пантов төрттігі (аралас эстафета), ерлер (Сергей Малышев, Виталий Пухкало, Ринат Мухин, Олжас Климин) және әйелдер (Анна Шевченко, Ольга Мандрика, Ирина Быкова) шаңғы жарысындағы құрамамыз (екеуі де — эстафета), фристайлшы қызымыз Жібек Арапбаева (акробатика), шорт-трекші Абзал Әжғалиев (500 метр) және шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы бар.
Қола жүлдегерлер: биатлоншы Роман Еремин (спринт) және Антон Пантов (масс-старт), шаңғышы Анна Шевченко (жекелей жарыс, із кесу және масс-старт), Анна Стоян (спринт) және Сергей Малышев (масс-старт), фристайлшы Павел Колмаков (могул, қос могул) және Жанбота Алдабергенова (акробатика), конькиші Екатерина Айдова (1000 метр, 1500 метр) және шорт-трекші Денис Никиша (500 метр, 1000 метр), Нұрберген Жұмағазиев (1500 метр) және ерлер эстафетасында Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Нұртілек Қажығали, Денис Никиша, Нұрберген Жұмағазиев және әйелдер командасы Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Анита Нагай, Ольга Тихонова, Мадина Жанбосынова (екеуі де — командалық эстафета).
Осы Универсиада басталмай тұрып, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне тағайындалған ақшалай сыйақы көлемін жария еткен болатын. Соған сәйкес алтын алған студенттеріміз 4,9 млн теңге, күміс медаль иегерлері тиісінше 3,3 млн және 1,6 млн теңгеден қола жүлдегерлер сыйақы алуы тиіс.
Сонымен Алматыда өткен дүбірлі додада, біздің спортшыларымыз қанша қаржылай сыйақыға ие болды?
Алтын медальдың 9-ы жекелей және екеуі командалық бәсекеде (шаңғы жарысындағы спринтте және фристайлда акробатикалық командалық бәсеке — 2 спортшы) — барлығы, 13 медаль. Сонда алтын иегерлерінің жалпы сыйақы сомасы — 63,7 млн теңге.
Күміс жүлдегерлер жекелей есепте 4 спортшы және тиісінше 4 командалық (шайбалы хоккейден ерлер командасы — 23 адам, биатлоннан эстафеталық квартет (аралас эстафетада) және шаңғыдан командалық эстафетада, әйелдерден эстафеталық үштікті) қоссақ, онда жалпы күміс иегері — 38 болып тұр. Демек "Күміс" сыйақының жалпы сомасы — 125,4 миллион теңге.
3-орын алғандар саны – 17, оның 15-і жекелей сында, 2 командалық жеңіс (шорт-тректен әйелдер және ерлер құрама командалары, әрқайсысы 5 адамнан), жалпы 25 медаль. Ал ақшалай сыйақы тұп-тура 40 млн теңге.
Сонымен 2017 жылғы Универсиадада көрсеткен жоғары нәтижелері үшін Қазақстан құрамасындағы жеңімпаз және жүлдегер спортшыларға жалпы 229,1 млн теңге сыйақы берілуі тиіс.
Бұл жерде айта кететін бір жайт, бұл сома тек спортшыларға ғана тиесілі. Бапкерлер мен қызмет көрсетушілер есепке алынбаған. Олардың сыйақылары да көрсеткен жетістіктеріне қарай төленеді.
Ал енді осы спортшылар арасынан ең көп сыйақы кімге бұйырып тұр?
Әрине көшбасшы биатлоншы қызымыз Галина Вишневская, ол 2 алтын және 1 күміс медаль иеленді. Демек оның жалпы сыйақысы – 13,1 млн теңге.
Екінші орында шаңғышы Анна Шевченко. Аня осы Универсиадада марапаттау тұғырына 5 рет көтеріліп, өз рекордын жаңартып отыр (1 алтын,1 күміс және 3 қола). Осы жетістіктері үшін Анна Шевченко 13 млн теңге қаржылай сыйақы алуы тиіс.
Және біздің екі дүркін чемпиондарымыз фристайлшы Юлия Галышева мен Дмитрий Рейхерд Қазақстан қоржынына 4 алтын салғаны үшін әрқайсысы 9,8 миллион теңгеден қаржылай марапатқа ие болады. Құттықтаймыз!
Сөйтіп 12 күн бойы алматылықтарға мереке сыйлаған Бүкіләлемдік дүбірлі дода өз мәресіне жетті. Универсиаданың жабылу рәсімінде қала әкімі Бауыржан Байбек ресми түрде Халықаралық Университеттік спорт федерациясының (FISU) жалауын Ресейдің Краснояр қаласының мэрі Эдхам Ақболатовқа табыс етті. Естеріңізге саламыз, 2019 жылғы қысқы Универсиада осы Краснояр қаласында өтеді.
Жанат Қалықов