Валютаны тікелей биржадан сатып ала аламыз

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4319

Қазақстанда валюта айырбастау бекеттеріне қуатты бәсекелес пайда болмақ.

Валютаны тікелей биржадан сатып ала аламыз

Бұл туралы бүгін "Қазақстанның қор биржасы" (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Андрей Цалюк хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, брокерлік компаниялар және олардың клиенттері де шетелдік валюта нарығына жіберілетін болады.

Қазіргі кезде доллар мен еуроны сатып алу нарығында тек банктер мен айырбас пункттері ғана жұмыс жасайтыны мәлім. Нәтижесінде қолында өте қомақты сомасы бар адамдар оларын тек банк жанындағы немесе көшедегі айырбастау бекеті белгілеген бағаммен өткізуге мәжбүр. Жақында мынадай көрініске куә болдық: қарапайым киінген, көп көзге түспеуге тырысқан ер адам Астанадағы Республика даңғылы бойында орналасқан валюта айырбастау қосынына келіп, екі жүз мыңдай долларды өткізгісі келетінін хабарлады: "Сондықтан маған таблоларыңыздағыдан басқа курс жасап берсеңіз?", – деп өтінді ол. Айырбастау пунктінің қожайыны оған келісіп, әр доллар құнын тағы бірнеше тиынға өсірді.

Алда бұлардың монополиясы аяқталатынға ұқсайды. Соның арқасында енді көп қаржысы бар жеке тұлғалар да биржаға шығып, сонда сауда жасай алмақ.

Осы мақсатта ұлттық банк пен Қазақстанның қор биржасы шетелдік валюта нарығына брокерлік компаниялар мен олардың клиенттерін жіберу жоспарын әзірлеуде. Өз кезегінде ұлттық банк валюталық реттеу мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға түзетулер жасауға да кіріскенін жариялады. 

"Біз Қазақстанның қор биржасы арқылы шетелдік валюта нарығында тек банктер ғана емес, басқалар да жұмыс жасағанын қалаймыз. Сол себепті ұлттық банкпен бірге аталған жоспарды даярлаудамыз. Тиісті жаңа заң жобасында осыған мүмкіндік беретін ережелер болады",– деді Андрей Цалюк.

Оның айтуынша, шетелдік валюталардың ұйымдасқан нарығында қатысушылар неғұрлым көп болса, валюталық тәуекелдер де соңғұрлым төмен болады.

"Ресейде, мысалы, бұрыннан нарыққа тіпті жеке тұлғалар да шыға береді", – деп нұсқады ол.

Жаңа заң бойынша белгілі бір шек-лимитті анықтау көзделуде, оның аясында брокерлердің клиенттеріне шетелдік валюталар нарығына тікелеу шығу мүмкіндігі берілмек. 

"Бұл ретте біз әмбебап биржа ретіндегі KASE-нің бірегейлігін пайдалануға тырысамыз. Өйткені әлемде біз сияқты барлығы саудаланатын биржалар аз қалды және бұл қатысушылар үшін өте ыңғайлы. Бізде құнды қағаздарды сатып алу үшін қарыз алып, бірден сол құнды қағаздарды сатып алуға және сатып жіберуге, валютаны басқасына айырбастауға және басқа да қызметтерді алуға жол ашық", – деді Қазақстан қор биржасы басшысының орынбасары.

Қаржылық реттеушінің айырбас қосындарына қабақ түйе қарайтын жөні де бар. Мәселен, жақында, 2 тамыз күні KASE-дегі сауданың күндізгі сессия қорытындылары бойынша доллар бағамы 335,72 теңгені құрады. Бірақ соған қарамастан, айырбастау пункттері АҚШ валютасын дәл сол кезде 343 теңгеден сатты. Яғни, осы күні шетелде демалу, сапарлау және басқа да қажеттіліктер бойынша үлкен көлемде доллар сатып алған қазақстандықтар, сондай-ақ сырттан техника, құрал-жабдыққа тапсырыс беріп, басқа да валюталық операциялар жасаған бизнесмендер біраз шығынға отырды.

Халық пен іскер жандардың осы наразылығына лайқыты ден қою орнына ұлттық банк екі қолын жайды.

Ұлттық банктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының бастығы Александр Терентьев айырбастау пункттерінің айырбас бағамын қаржылық реттеуші реттей алмайтынын  мәлімдеді.

"Валюта саудалаушылардың бұл қылығының қисын-логикасын іздеу біздің ісіміз емес. Қазақстанның ұлттық валютасының бағамы Қазақстан қор биржасында, яғни ұйымдасқан нарықта анықталады. Ары қарай айырбастау пункттері өздері тәуекел ете отырып, валюта бағамын белгілейді. Ең бастысы, олардан тек сату мен сатып алу арасында бекітілген айырманы сақтаса болды. Бізде, Қазақстанда валюта еркін айналымға жіберілген. Ұлттық банк оның бағамын белгілемейді. Тек бағам тым көп секіріп кетсе ғана жағдайға араласу құқығы бар", – деді Александр Терентьев.

Доллардың қаншаға дейін қымбаттауын "тым көп секіріс" деп санайтынын да ұлттық банк өзі шешеді. Ендеше айырбастау орындарының монополиясын жоятын кез жеткенге ұқсайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу