Вашингтон ұйғырлар үшін Қытайға санкция жариялауы мүмкін

6203

Құрама Штаттар Шыңжаңдағы жағдайға "терең" алаңдаушылық білдіріп, Бейжіңге қарсы экономикалық санкция жариялау мәселесін қарастырып жатыр.

Вашингтон ұйғырлар үшін Қытайға санкция жариялауы мүмкін

АҚШ Мемлекеттік департаменті Бейжіңнің Шыңжаңдағы мұсылман азшылығына қарсы қатаң шара қолдануына мейлінше алаңдаушылық білдірді. Және де Вашингтон сол үшін Қытайдың адам құқығын бұзды деп айыпталған жоғары лауазымды қызметкерлері мен компанияларына экономикалық санкция жариялау мәселесін қарастырып жатыр. Мұны сәрсенбі, 12 қыркүйек күні Британияның "Гардиан" газеті хабарлады.

Оның мәліметінше, Қытай үкіметі терроризммен күресті желеу етіп, "ауыр соққы" науқаны аясында бір миллиондай ұйғыр мен қазақты және өзге де этникалық топтардың өкілдерін құпия лагерьлерде ұстап отыр.

"Біз Қытайдың Шыңжаң аймағында ұйғырларға ғана емес, қазақтар мен басқа да мұсылмандарға қатысты шаралардың нашарлап бара жатқанына қатты алаңдап отырмыз. Қолдағы бар сенімді мәліметке жүгінсек, 2017 жылдың сәуірінен бері мыңдаған адам тұтқындау орталықтарына қамалған. Олардың саны біз келтірген деректерден айтарлықтай көп болуы мүмкін", – дейді АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Хизер Науэрт Вашингтонда өткен брифингте. Осылайша, ол Америка әкімшілігінің өткен айларда білдірген алаңдаушылығын қайта жеткізіп отыр.

Депутаттардың қаржы министріне өтініші
Тамыздың соңында АҚШ-тың бір топ депутаты мемлекеттік хатшы Майк Помпео мен қаржы министрі Стивен Мнучиннен Қытайдың жеті лауазымды тұлғасына санкция жариялауды сұрады. Солардың қатарында компартияның Шыңжаңдағы хатшысы Чэнь Куан-гуо да бар. Дегенмен, "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында Құрама Штаттардың атын атамаған бір өкілі бұл мәселенің талқыланып жатқанын айтқан.

АҚШ сол қамау орталықтарын салуға тартылған компаниялар мен мұсылмандарды аңдуға пайдаланылатын бақылау жүйесіне де санкция жариялау жолдарын қарастырып жатыр. Дегенмен, Науэрт Вашингтонның бұл жоспарын егжей-тегжейлі баяндаудан бас тартып, "біз жариялануы мүмкін немесе мүмкін емес санкциялар жайлы алдын-ала мәлімет бере алмаймыз", деп мәлімдеді.

"Гардианның" ақпаратына жүгінсек, бұл санкциялар Халықаралық Магнитский Актісіне сәйкес енгізіліп, АҚШ үкіметіне адам құқығын бұзғандардың есепшоттарын тоқтатуға және олармен бизнес жасауға тыйым салуға рұқсат беруі мүмкін. 

Вашингтонда орналасқан Ұйғырлардың адам құқығы жобасы Әлем ұйғырлары конгресінің президенті Долкун Исаның "Твиттердегі" фотосын жариялады.  Дүйсенбі күні Ақ үйде түсірілген суретке "Бүгін Ақ үй өкілдерімен кездесуіміз ұйғыр адам құқығын қорғаушыларын күреске ынталандыратын іс" деген коментарий жазылған.

"Оларды тыңдама, оларға сенбе"
Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығы жөніндегі комиссары Мишель Бачелет ресми Бейжіңнен Шыңжаңға бақылаушыларды кіргізуге рұқсат беруді сұрады. Бұл өтінішке сейсенбі күні Қытай сыртқы істер министрлігі жауап беріп, комиссарды "Қытайдың егемендігін құрметтеп, біржақты хабарларды тыңдамауға және оларға сенбеуге" шақырды.

"Құрама Штаттардың Шыңжаңға қатысты жайттарды Қытайдың ішкі істеріне араласуға қолдану ниетіне үзілді-кесілді қарсымыз. Егер бұқаралық ақпарат құралдары дұрыс хабар таратып жатса, біз тиісті тарапты фактілерге құрметпен қарауға, теріс пікірден аулақ болуға және Қытай мен АҚШ  арасындағы өзара сенім мен ынтымаққа сөзбен және іспен зиян келтіруді тоқтатуға шақырамыз", – дейді Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Гэн Шуан.

Оның сөзінше, Қытайда барлық адамдар заңға сәйкес дін еркіндігін толық пайдаланып отыр. Ал, осы елде көп оқылатын "Глобал таймс" мемлекеттік таблоиды сәрсенбі күні редакциялық мақала жариялап, онда сыртқы күштердің дінді желеу етіп, Қытайды "бөлшектегісі" келетінін хабарлады.

"Бағымызға орай, Қытайдың мықтылығы сонша, ақымақ әрі талапшыл күштер қоғамдық пікірге аздап әсер еткенімен, олардың қолы ұзын құзырет туралы арманы ақыры сағымға айналады", – деп жазады материал авторы.

Бірқатар сыншылардың сөзінше,  Қытай үкіметі қатаң шара қолдана отырып, Шыңжаңды полициялық мемлекетке ұқсатып жіберді. Өйткені, онда аз ұлт өкілдері қауіпсіздік тексерулерінен өтіп, сұрақ-жауапқа тартылып, үнемі бақылауда жүреді екен.

Аңдуға озық технология қолданылып жатыр
Human Rights Watch ұйымы Шыңжаңның бұрынғы 58 тұрғынынан алынған сұхбат негізінде жариялаған баяндамаға жүгінсек, Қытай үкіметі "Шыңжаңда әрбір тұрғынды аңду, профильдеу, анықтау үшін" дауыс биометриясын қолданып, ДНК жинаумен де айналысып жатыр. Сонымен қатар, осы ұйымның дерегінше, Қытайда мұсылмандарды қадағалап отыруға  жаппай бақылау техникасы мен жасанды интеллект те пайдаланылып отыр.

"Алғаш рет  біз Қытай үкіметінің үлкен мәліметтер жүйесін қолданып, адамдардың жеке өмірін өрескел бұзып қана қоймай, тұрғындарды ұстап жатқанын да көрсетіп отырмыз", – дейді Human Rights Watch-тағы қытайлық зерттеуші Майя Ван.

Бірақ, ресми Бейжіңнің мәлімдеуінше, Шыңжаңға исламшыл содырлар мен сепаратистер қауіп төндіріп, шабуылдар ұйымдастырып, мұсылман ұйғырлар мен этникалық хансулар арасына жік салмақ ниетте.

Сонымен қатар, Қытай лагерьлерде саясатқа қайта оқыту тәсілдерін қолданды деген мәліметтерді жоққа шығара отырып, "кәсіптік және жаттықтыру" орталықтарын тұрғындарға тәжірибе мен заңды трейнинг ұсыну үшін пайдаланып отырғанын және ұсталған "діни экстремистердің" ойларын біліммен өзгертіп жатқанын мәлімдеп отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу