Вирус дағдарысы Қытайда әлсірегенімен, өзге әлемде күшейіп келеді

4799

Өткен тәулікте Еуропада, Таяу Шығыста, Құрама Штаттарда коронавирус жұқтырғандар тіпті көбейді. 

Вирус дағдарысы Қытайда әлсірегенімен, өзге әлемде күшейіп келеді

Covid-19 Батысқа бет бұрып, Таяу Шығысты, Еуропаны, АҚШ-ты шарпып жатқанда, Қытайда коронавирусты жеңуге деген үміт пайда болды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебінше, өткен тәулікте бұл мемлекетте жұмбақ инфекцияны жұқтырғандар саны әлемдегі жағдаймен салыстырғанда 9 есе аз тіркелген. Ал, Уханьда дереу салынған алып госпиталь директорының сөзінше, наурыздың соңына дейін оның барлық пациенті үйлеріне жіберіліп, уақытша аурухана өзінің "тарихи миссиясын"  аяқтайды.

"Біз Қытайда коронавирус жұқтырғандардың азайып келе жатқанына күмән келтірмейміз", – дейді жақында Қытайға сапар шеккен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Мария Ван Керхове.

Сонымен қатар, Бейжіңнің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты елшісі Чжан Цзюнь де өз елінің коронавирусты таяуда жеңетінін сеніммен атап өтті. 

Тағы бір айта кететін жайт, Қытайда зауыт-фабрикалар жабылғандықтан, соңғы төрт аптада ауаға тараған улы газдың мөлшері былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 %-ға төмендеді. Мұны көмір, болат, мұнай индустрияларынан алынған деректерді сараптай отырып, Хельскиндегі Энергия мен таза ауаны зерттеу орталығы анықтап отыр.

Әлем бойынша 93 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдығып, шамамен 3100-і  қайтыс болды. Құрбандардың 95%-ға жуығы – Қытайда. Ал, осы инфекция табылған елдердің саны 80-ге жетіп, олардың қатарына өткен тәулікте Украина мен Марокко да қосылды. Қазір дүниежүзінде дәрігерлер мен медбикелер маскалар мен өзге де медициналық құралдар тапшылығын айқын сезіне бастады.

"Біз медициналық персоналды қорғамасақ, Covid-19-ды тоқтата алмаймыз", - дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус.

Италияда коронавирустан 79 адам қайтыс болды. Осылайша, ол жұмбақ инфекция құрбандары саны жағынан Қытайдан кейінгі екінші орынға шығып отыр. Ал, Иранда жаңа вирусты парламенттің 23 мүшесі мен төтенше жағдайлар қызметінің басшысы да жұқтырып отыр. Мұнда эпидемияның кең етек алғаны сонша – онымен күреске 300 мыңдай әскер тартылып, түрмелерден 54 мың сотталушыны босату жоспарланып отыр. Коронавирустан қайтыс болған 77 адамның ішінде елдің рухани жетекшісі – Аятолла Әли Хаменейдің көмекшісі, Ислам Республикасының Ватикандағы бұрынғы өкілі және парламенттің бір депутаты бар.

Құрама Штаттардағы ахуал да қиындап барады. АҚШ-та жаңа вирустан 100-ден астам адам ауырып, тоғызы қайтыс болған. Жан тәсілім еткендердің барлығы – Вашингтон штатынан. Эпидемия қаупі күшейгендіктен, Америкада да мектептер мен метрода дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Федералдық резерв жүйесі болса, экономиканы құлдыраудан сақтау үшін пайыздық үстемені соңғы онжылдықтағы ең көп мөлшерге қысқартуға мәжбүр. "Үлкен жетіліктің" өзге елдері әзірге мұндай қадамға бара қойған жоқ. Себебі олардың орталық банктерінің пайыздық мөлшерлемелері мұнсыз да нөлден сәл жоғары немесе одан да төмен.

Франция президенті маскалар мен дәрі-дәрмектерді қатаң бақылауға алып, олардың медиктер мен коронавирус пациенттеріне жеткілікті болуын қамтамасыз етуді бұйырды. Бесінші республикада Covid-19-дан төрт адам о дүниеге аттанып, жұқтырғандар саны 200-ден асып кеткен.

"Біз бастан кешіп жатқан кезең сөзсіз апталарға, айларға созылады. Эпидемияны тоқтату үшін айқындық, өжеттік, табандылық қажет", – дейді Елисей сарайының қожайыны Эммануэль Макрон вирустық дағдарыс орталығы мамандарымен өткен кездесуде.

Сәрсенбі күні Оңтүстік Кореяда коронавирус тағы 142 адамнан табылып, жұқтырғандардың жалпы саны 5328-ге жетті. Мұнда да скринингтік орталықтар көптеп құрылып, дезинфекция шараларына армия сарбаздары мыңдап тартылып жатыр.

Токио Олимпиадасы өте ме, өтпей ме? Бүгінде Жапонияны мазалаған үлкен сұрақтардың  бірі осы. Елдің Олимпиада министрі Сейко Хашимото мәлімдегендей, Жапония Жазғы Ойындарды шілденің 24-де ашу үшін "бар күшін" жұмсап жатыр. Бірақ парламентке айтқан өзге бір сөзінде министр Токионың Халықаралық Олимпиада Комитетімен Олимпиаданы 2020 жылы өткізуді ғана талқылап жатқанын жеткізді. Бұл – әлемдік спорттық жарыстың жыл соңына шегерілуі мүмкін екенін аңғартуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу