Зейнетақы жинағын пайдалану: сарапшылар не дейді?

17209

БЖЗҚ қорындағы жинақтың инвестициялық табысы төмен.

Зейнетақы жинағын пайдалану: сарапшылар не дейді?

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалану туралы айтқан еді. Бұл мәселе осы күнге дейін түрлі деңгейде талқыланып, пысықталды. Ал биылғы Жолдауда Президент Үкімет пен Ұлттық банкке жыл соңына дейін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізу тапсырды.

Мемлекет басшысының пікірінше, бұл реформа еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналмақ. Сондай-ақ өз бетінше баспана мәселесін шешуге табысы жетпейтін азаматтарға тиімді әлеуметтік көмек болады.

Осы орайда, отандық экономистер мен қаржы сарапшыларының жаңашылдыққа қатысты пікірлерін сұрап білген едік.

"Әу баста қателік жібердік"

Экономист Талғат Демесіновтің сөзінше, зейнетақы реформасы бастау алған 1998 жылы-ақ қателікке бой алдырған.

"Ғалым ретінде бұған сол кезде-ақ қарсы шығып, мақалалар жазғам. Үлкен конференцияларда мінбеге шығып айтқам. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ең басты мақсаты – инвестициялық табыс алу. Яғни, халықтың жинағын бағалы қағаздар нарығына шығарып, табыс табу. 1998 жылы реформа басталғанда да, дәл қазіргі уақытта да біздің елде бағалы қағаздар нарығы дамыған жоқ", – дейді экономист.

Оның айтуынша, біздің елде ұлттық компаниялардың өздері акцияларын, облигацияларын шығаруға бейілді емес. Себебі, микро деңгейдегі экономикамыз, яғни кәсіпорындар, компаниялар, банктер деңгейіндегі экономика жабық жатыр. Ал макро деңгейдегі экономикамыз ашық.

"Мысалы, кез келген кәсіпорынды алыңызшы. Бәрі жұмыстарын жабық түрде жүргізеді. Қазақстанда акционерлік қоғамдарға (АҚ) қарағанда, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер (ЖШС) көп. ЖШС дегеніміз – жабық компания. Акциясын шығармайды, бағалы қағаздарын айналымға жібермейді. Өйткені олар ашық транспорентті салық заңдарын сақтай отырып, жұмыс істеуге қауқарсыз. Табыстарын жасырады немесе азайтып көрсетеді. "Қара", "сұр" схемалар бар. Қысқасы, "көлеңкелі экономиканың" үлесі зор. Айтпағым, экономиканың микро деңгейі, яғни кәсіпорындар ашық жұмыс істемесе Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры да дұрыс жұмыс істемейді", – дейді Талғат Демесінов.

Оның сөзінше, жинақтың табысын инфляция "жеп қойып" жатыр.

"Бізде "таза" жұмыс істемейтіндіктен, кәсіпорындар акцияларын, облигацияларын нарыққа шығармайды. Осылайша, бағалы қағаздар нарығы дамымай қалған. Бұл нарық дамымаса, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына табыс түспейді. Зейнетақы жинақтарының жылдық табысы 4-6 пайыздан аспайды. Оның өзін көп жағдайда инфляция "жеп қойып" жатады. Қысқасы, зейнетақы жүйесін дамытуды басынан бастау керек. Ол үшін алдымен бағалы қағаздар нарығын дамытып алу қажет. Бағалы қағаздар нарығын дамыту үшін саяси реформа жүргізілуі керек", – дейді экономист.

"Қор қаржысын пайдалануға қарсымын"

Қаржы сарапшысы Олег Чеботарев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қаржы алмау керек деп есептейді.

"Қордағы қаржы зейнеткерлікке шыққан кезде керек. Әуелде сондай мақсатпен қолға алынды емес пе?! Тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүрген дұрыс емес. Ертеңді де ойлауға тиіспіз. Көпшілігі "қордағы қаржыны қазір алып, зейнетке шыққанда ақшаны өзім табамын" деген пікірді алға тартады. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы қорына жеткілікті қаражат жинай алмағандар ертең күнің көре алмай көшеге шығады", – дейді Олег Чеботарев.

Сарапшының пікірінше, зейнетақы қорының есебінен құрылыс компанияларының жұмысына қан жүгірту дұрыс емес.

"Зейнетақы қорындағы қаржының бір ғана мақсаты бар. Ол – зейнеткерлікке шыққан соң игілігін көру. Оның мақсаты қор нарығын дамыту емес. Сондықтан, мен зейнетақы жинақтарын екінші деңгейлі банктерге, экономиканың дамуына жұмсауға қарсымын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы тиімді басқарылуы керек. Дәл қазіргі уақытта ол тиімді басқарылып отырған жоқ", – дейді қаржы сарапшысы.

"Ақша-несие саясатын реттеу керек"

Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің сөзінше, зейнетақы жүйесі төңірегінде жинақталған мәселе көп.

"Бірінші мәселе – қазір төленіп жатқан зейнетақылардың 10-15 пайызы ғана зейнетақы қорынан аударылып отыр. Қалған 80 пайызға жуығы мемлекет есебінен төленуде. Демек бюджетке салмақ түсуде. Алдымен осыны реттеу керек", – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Сарапшы айтқан екінші мәселе – инвестициялық табыс төмен.

"Соңғы бес-алты жылда зейнетақы қоры аясында жинақталған инвестициялық табыс шамамен 56 пайызды құрайды. Ал дәл осы мерзімде жинақталған инфляция 56 пайыздан асады. Екеуін салыстырсақ, қорда жинақталған қазақстандықтардың салымы өз құнын жоғалтып отырғанын байқаймыз", – дейді экономист.

Үшінші мәселе – жарнаны тұрақты төлейтіндер аз.

"Бір жылда шамамен 2,5-2,7 млн адам ғана зейнетақы жарнасын тұрақты түрде төлеп отыр. Ал статистика комитетінің дерегінше, республикада 8-8,5 млн адам жұмыспен қамтылған. Байқап отырғандарыңыздай, жарнаны жұмыс істейтін халықтың 30-40 пайызы ғана тұрақты түрде аударуда. Төртінші мәселе – бұл жерде "көлеңкелі экономиканың" белгілері бар. Тұрақты жарна төлейтіндердің шамамен 63 пайызы небары 40-60 мың теңгелік жалақыны көрсеткен", – дейді Қайырбек Арыстанбеков.

Президент Жолдауда ақша-несие саясатын реттеу мәселесіне тоқталды. Қордағы инвестициялық табыстың құнын қалпына келтірудің бірден бір жолы осы. Ақша-несие саясаты жақсарса, инфляцияның үлесі азайып қана қоймай, зейнетақы қорында жинақ та аз мөлшерде құнсызданатын болады.

Санжар Беркінбай

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу