Павлодар облысында мемлекеттік-әріптестік серіктестіктің (МӘС) жаңа жобасы аясында зейнеткерлерге арналған пансионат пайдалануға беріледі. "Мемлекеттік-жеке әріптестікті іске асыру рәсімі өте қиын. Бірінші тұжырымдама әзірлеу керек, содан кейін оны мақұлдайды. Келесі кезең – сараптама, содан кейін конкурстық құжат рәсімделеді. Бірақ конкурсты өткізуге заң бойынша 60 күн беріледі. Қазір ұлттық экономика министрлігі тиісті ереже енгізген, енді бұған 30 күн ғана уақыт беріледі. Бұрын бір жобаны іске асыру екі жылға дейін созылатын. Ал қазір бұған жарты жыл ғана уақыт кетеді. Келешекте заңнамаға өзгерту енгізу арқылы жобаларды үш-төрт ай ішінде іске асыруға болады", – деді abctv.kz-ке Павлодар облысы қаржы басқармасының басшысы Елдар Хасенов.
Бүгінгі таңда Павлодар облысында МЖӘ аясында төрт жоба іске асты, оның барлығы денсаулық сақтау саласындағы жобалар. МЖӘ аясындағы жаңа жоба зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсетумен байланысты. Бұл жұмысты жергілікті "Крендель" кофеханасы желісінің иесі Зинаида Пархоменко қолға алды. Ол "Чернояр маржаны" демалыс базасында зейнеткерлерге әртүрлі әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетін орталық ашты. Олар массаж бен емшара кабинетінің қызметін және физитерапиялық ем ала алады, сондай-ақ фито-барға барып, скандинавиялық жүрісті үйренеді. Осы үшін медицина қызметкерлері жұмысқа алынып, панто ванналарына лицензия жасалған.
"Осыдан екі жыл бұрын мемлекеттік-жеке серіктестік бағдарламасы туралы естіп, әкімдікке келіп, өз қызметімді ұсындым. Мемлекеттік тапсырыс шарты бойынша кез келген жобаны бастауға дайын болдым. Келіссөз ұзақ жүрді, бірақ бұл істі істей алатыныма олардың көзін жеткіздім. Егер бір шаруаны қолға алатын болсам, онда оны шегіне жеткенше істеймін. Зейнеткерлерге арналған демалыс үйін құру идеясы бұрыннан бар болатын. Менің анам кәрі кісі, мен 10-15 күнге кеткенде анам жалғыз қалады. Бұл дұрыс емес. Осыған ұқсас Ресей тәжірибесімен таныстым, еліміздің басқа облыстарында зерттеп көрдім. Үйреншікті пансионат емес, адамдар өзін үйіндегідей сезінетін пансионат құрғым келді. Бұл жерде бақша егіп, ешкі өсіреміз. Жазда саңырауқұлақ теріп, қыста тоқыма тоқимыз", – деді Зинаида Пархоменко.
"Чернояр маржанын" іске қосуға кәсіпкер 42 млн теңге жұмсаған. Аbctv.kz-тің бизнесті ауыстырғаннан табысты жоғалтпайсыз ба? деген сауалына кәсіпкер жыл бойына 50 адамға кепіл берілген мемлекеттік тапсырыс алатынын айтты.
"Бұрын бұл жерде демалыс үйі болған. Пайдаға белшемізден кенелдік деп айта алмаймын. Демалыс базасы бір мезетте 80 адамға есептелген, оның 50-ін мемлекет қамтамасыз етеді. Жұмыс жыл бойына жүреді. Мемлекет әр зейнеткерге күніне 5200 теңге төлейді, біздің тарапымыздан төленетін сома 7000 теңге. Сонымен қатар панто ваннасын алғысы келетіндерге бізде коммерциялық бағдарлама бар. Концентратты әзірге Шығыс Қазақстан облысынан алып отырмыз, бір жылдан кейін өзіміздің маралдарды әкелмек ойымыз бар. Қазір осы мәселе талқыланып жатыр", – деді кәсіпкер.
МЖӘ аясында жобаны іске асырудың қиындығы туралы айтқан Зинаида Пархоменко: "Заң бар, бірақ сол бойынша дұрыс жұмыс істей алатын мамандар аз. Жобаға қатысушылардың әрқайсысы заңға өз тарапынан қарайды. Тәжірибе аз. Мен үшін МЖӘ мемлекеттік тапсырыс тұрғысынан жақсы, ол тұрақтылыққа кепіл береді. Көп нәрсе осыған байланысты", – деді.
Павлодар облысы қаржы басқармасының басшысы Елдар Хасеновтің ақпары бойынша, МЖӘ аясында іске асқан жобалар бес жыл бойы облыстың бюджетіне түсетін жүктемені 1,3 млрд теңгеге төмендетеді.
Облыс шенеуніктері МЖӘ-ні денсаулық сақтау және ТКШ саласына енгізуді одан әрі жалғастырмақ. ТКШ жайына тоқталар болсақ, онда әңгіме облыстың үш қаласында көшені жарықтандыру туралы болып отыр. Мәселе оңай емес, кәсіпкерден едәуір шығын шығаруды қажет етеді. Ақсу қаласында бұл мәселе екі жыл бойы қаралып жатыр, бірақ әзірге нәтиже жоқ. Жуырда бұл жерге қытай делегациясы келіп кеткен. Олар ҚХР-да жарықдиодты өнім шығаратын ірі компаниялардың бірі.
Олар жергілікті биліктен жарықтандыру құрылымына, сондай-ақ қала көшелерін жарықтандыру бойынша 3146 шамды ауыстыру жобасына қатысуға ұсыныс алған. Бұл компания Қазақстанда алғаш рет жұмыс істеп тұрған жоқ. Компания Ақтау қаласында және Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыс істеген.
Салыстырар болсақ, МЖӘ аясында Ақтөбе облысында құны 40 млрд теңге болатын 71 жоба іске асуда. Оның басым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру және спорт саласын қамтыған.
Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова