Жалақы өсімінде ЕАЭО-да Армениямен қатар соңғы орында тұрмыз

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3291

Еліміз 2013 жылғы көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді.

Жалақы өсімінде ЕАЭО-да Армениямен қатар соңғы орында тұрмыз

Айта кету керек, ресми мәлімет бойынша 2018 жыл қорытындысында, елімізде "орташа айлық атаулы жалақы" көлемі бірден 8,4%-ға артқан. Бұл көрсеткіш бойынша салыстырсақ, Қазақстан тек екі одақтасынан оқ бойы алға шығып, орта тұста тоқтады.

Салыстырар болсақ, Беларусьте атаулы (номиналды) жалақы көлемі былтыр 17,1%-ға, Ресейде – 9,9%-ға, Қырғызстанда – 5,4%-ға, Арменияда – 3,8%-ға көтерілді.

Бірақ атаулыдан, нақты жалақы маңыздырақ. Бұл көрсеткіш Беларусьте – 11,6%-ға, Ресейде – 6,8%-ға, Қырғызстанда – 3,8%-ға жоғарылаған. Ал Қазақстанда небары – 2,3%-ға, Арменияда – 1,2%-ға ғана мардымсыз өсіпті.

Ұлттық валютада алсақ, қазақстандықтар – 162 мың 267 теңге, армениялықтар – 172 мың 357 драм, ресейліктер – 43 мың 400 рубль, қырғыздар – 16 мың 218 сом, беларустер – 958 беларусь рублі орташа жалақы табады деп есептеледі.

Долларға шаққандағы көрсеткіш бойынша еліміз санкциядан сансыраған солтүстік көршісіне көп жол береді. Нақтырақ айтқанда, РФ-дағы орташа жалақы көлемі 694 долларға, Қазақстан мен Беларусьте 471-470 долларға, Арменияда 357 долларға, ал Қырғызстанда 236 долларға бара-бар. Бірақ бұл жерде сарапшылар елімізде ұлттық валютаның құнсыздануы жалғасып жатқанына назар аудартады.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда халықтың атаулы ақшалай кірістерінің көлемі күні бүгінге дейін 2011 жылғы көрсеткішке жете алмай жүр.

Егер тарихқа шола қарасақ, қазақстандықтардың ақшалай кірістері 1995 жылы – 28,2 долларды, 1996 жылы – 35,2 долларды, 1997 жылы – 37,8, 1998 жылы – 38,6, 1999 жылы – 46,3, 2000 жылы – 44,7, 2001 жылы – 52,3, 2002 жылы – 58,4, 2003 жылы – 70,4, 2004 жылы – 94,2 долларды құраған.

Одан кейінгі жылдары жүз долларлық белес бағынды. 2005 жылы бұл көрсеткіш – 118,8, 2006 жылы – 151,9 доллар болды. 2007 жылдан бастап, екі жүз долларлық межеге шығып, 205,8 долларға жетті. Содан соң, 2008 жылы – 274,2, 2009 жылы – 232,4, 2010 жылы – 264,8 долларға теңелді.

Кейінгі бірнеше жылдары Қазақстан азаматтарының орташа айлық ақшалай кірістері тек өрлей берді, сөйтіп, 2011 жылы 313,2 долларды, 2012 жылы 347,8 долларды, 2013 жылы 371,1 долларды құрады.

Алайда ізінше құлдырау процестері басталған. Нәтижесінде, девальвация қарсаңындағы 2014 жылы бұл көрсеткіш 347,5 долларға, 2015 жылы 303,6 долларға, 2016 жылы 223,8 долларға, 2017 жылы 254,8 долларға дейін құлады. Тек 2018 жылдың қорытындысында шамалы, 266,3 долларға дейін өскен.

Осы орайда долларға шаққанда, кейінгі ширек ғасырдан астам уақыт ішінде қазақстандықтардың орташа жалақысының көлемі қалай өзгергені де мәлім болды. Мұнда да көрсеткіштің шығандай өсуі ХХ ғасырдың екінші онжылдығының басына келеді.

Қазақстанда бір қызметкердің атаулы орташа айлық жалақысының мөлшері ұлттық валютамыз алғаш айналымға енгізілген 1993 жылы 128 теңгеге немесе 24,6 долларға тең болған. Келесі 1994 жылы елімізді ен жайлаған гиперинфляция салдарынан төл валютамыз күрт құнсызданып, бұл көрсеткіш 1,7 мың теңгені немесе 48,4 долларды, 1995 жылы 4,7 мың теңгені және 78,5 долларды құрады.

1996 жылы орташа жалақы тиісінше $101,6 (6,8 мың теңге), 1997 жылы – $113,2 (8,5 мың), 1998 жылы – $123,6 (9,7 мың), 1999 жылы – $99,2 (11,8 мың), 2000 жылы – $142 (14,3 мың), 2001 жылы – $118 (17,3 мың), 2002 жылы – $132 (20,3 мың), 2003 жылы – $154,6 (23 мың), 2004 жылы – $208,2 (28,3 мың), 2005 жылы – $256,3 (34 мың), 2006 жылы – $323,4 (40,8 мың), 2007 жылы – $428,2 (52,4 мың), 2008 жылы – $505,4 (60,8 мың), 2009 жылы – $456,5 (67,3 мың), 2010 жылы – $526,7 (77,6 мың), 2011 жылы – $614 (90 мың) болды.

2012 жылы бұл көрсеткіш $679 (101,2 мың), 2013 жылы 717,4 (109,1 мың), 2014 жылы – $675,3 (121 мың), 2015 жылы – $568,3 (126 мың), 2016 жылы – 417,6 (142,9 мың), 2017 жылы – 462,6 долларды немесе 150,8 мың теңгені құрады.

Бұл көрсеткіштер биылғы 2019 жылы қалай өзгермек? Жетекші халықаралық ұйымдардың бағалауынша, бұл жыл дамыған елдер үшін де, дамушы елдер үшін де оңайға түспейді.

Дүниежүзілік банк мысалға, 2019 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 3 пайыздан 2,9 пайызға дейін нашарлатты. Қазақстанға қатысты Дүниежүзілік банк экономикалық өсім 3,5%-ға дейін баяулайды деп күтуде. Ал ел үкіметі 3,8%-дық өсімге қол жеткізетінін мәлімдеді.

"Қазақстанда баға құнсыздануы, инфляция бойынша ел күдікке толы. Сұрау салынған сарапшылардың 77,4%-ы биыл бағалар өседі деп күтеді. Олардың ішінде басым көпшілігі – 54,1%-ы бағалар 11%-дан көп қымбаттайды деп санайды. Ұлттық банк мұны түсініп отыр, сондықтан осы күтулерді "2019 жылға арналған ақшалай-кредиттік саясаттың негізгі бағыттарында" атап өтті. Тиісінше, инфляциялық тәуекелдердің күшеюі себепті, қазан айында базалық ставканы 9,25%-ға көтерді. Дегенмен, президент былтырғы жолдауында ұсынған шаралар оптимизм береді. Оған сәйкес, осы жылы "Бизнестің жол картасы" кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы 2025 жылға дейін ұзартылғаны, ең төменгі жалақы көлемі артқаны, әлеуметтік қолдау шаралары күшейтіліп жатқаны мәлім. Табиғи монополиялар тарифі де төмендетілді. Бұл бизнеске де, халыққа да демесін", – дейді экономист Евгений Кочетов.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу