Жалған кәсіпкерлік енді жағадан алмайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4236

Мәжіліс кәсіпкерлердің жанын жадыратар заң қабылдады.

Жалған кәсіпкерлік енді жағадан алмайды

Қазақстанда жақында туған жаздың осы күнін қазақстандық кәсіпкерлер үшін "тарихи" деп те атауға болады. Бүгін өзінің жалпы отырысында Мәжіліс қаншама бизнесменді жарға жығып келген "жалған кәсіпкерлік" бабы үшін қылмыстық жауапкершілікті жоятын жаңа заңды екінші оқылымда қабылдады.

Бұл құжатты енді сенат қарайды. Дегенмен, сенаторлардың заң жобаларын көп "сүрлемей", жедел қабылдауды сүйетінін ескерсек, бизнес орта асыға күткен бұл заң да өмірге жуық арада "жолдама" алуы ғажап емес.

Кәсіпкерлер бұл заңның атауын жадыларына жазып алса да, артықтық етпейді, ол: "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" деп аталады.

Бұл заң жобасының ақыры құпталуына орай, жалпы отырыста мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин арнайы сөз сөйлеп, кәсіпкерлік қауымдастықтың дамуына ниеттестік пен тілектестік білдірді. Спикер құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша заңнамалық жаңалықтар отандық кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды деп санайтынын мәлім етті.

Мәжіліс төрағасы бұл заңда экономикалық құқық бұзушылықтар үшін жазаны ізгілендіруге бағытталған түзетулердің тұтас бір тобы қамтылып отырғанына назар аудартты.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік ортада бірінші рет құқық бұзушылық жасаған тұлға қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Әрине, бұл үшін ол өзі келтірген шығынды толық әрі ерікті түрде өтеп беруі керек.  

Ең басты жаңалықтардың бірі – төрағаның айтуынша, жалған кәсіпкерлік үшін қылмыстық қудалау жойылады.

"Осылайша, біздің осы шешіміміз иемлекет басшысының отандық бизнесті қолдау, оның дамуы мен өсуі үшін қажетті шарттарды туғызу бойынша тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталады" – деп атап көрсетті Нұрлан Нығматулин.

Жалпы алғанда, осы заңмен енді қылмыстық, қылмыстық-процестік кодекстерге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Егер тарихқа шолу жасай кетсек, Қазақстанда "жалған кәсіпкерлікпен" қарқынды күрес 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Сол жылы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күрес агенттігінің (қаржы полициясының) бастамасымен, салық кодексіне тиісті түзетулер енгізілген болатын.

2007 жылдың шілдесінде сол қаржы полициясының табандауымен және ілгерілетуімен "жалған кәсіпкерлік" бабы ауыр қылмыстар қатарына жатқызылды. Бұл ретте ауырлатар жағдайлар анықталғанда, ол үшін енді үштен он жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделді. 

Сонымен бір уақытта, салық органдары соттың шешімімен "жалған" сипаты анықталған кәсіпорындарды ҚҚС бойынша тіркеуге қою бойынша куәландырушы құжаттың күшін біржақты түрде жою өкілеттігіне ие болды.

Нәтижесінде, бір шын "жалған фирма" өзімен бірге қаншама адал кәсіпкерлерді құрдымға алып кете бастады. Өйткені заң бойынша контрагент "жалған кәсіпкер" болып шықса, онымен қандай да бір іскерлік байланыс жасаған басқа компаниялар да "жалған" болып танылады.

Мәселен, VITA компаниясының бас директоры Петр Потапов заңға бағынушы компаниялардың қалай жазаға ұшырайтынына осыдан бірнеше жыл бұрын өздері бастан кешкен бір оқиғаны мысалға келтіреді.

"Бірнеше ай бойы белгілі бір компания бізге соя бұршақтарын жеткізіп тұрды. Олардың жеткізілімінде ешқандай сын болған жоқ, салықты да уақытында төлеп тұрған. Арада уақыт өткенде ол жеткізулерін тоқтатты. Оның орнына біз басқа жеткізушілерді іздеп, таптық. Бұл бизнесте үйреншікті іс: егер қандай да бір жеткізуші нарықтан кетсе, оның орнын дереу басқасы басады. Жылы орын суымайды. Алайда үш-төрт жыл өткенде біздің компанияға қаржы полицейлері сау ете қалды. Олар біздің жеткізуші жалған кәсіпкер деп танылғанын мәлімдеді. Салдарынан, онымен арада бекітілген қаншама жылдық шот-фактуралардың барлығы күшін жойған" дейді кәсіпкер.

Петр Потапов "жалған кәсіпкерлер" контрагенттерінің қаржылық міндеттемелері аса ауыр соғатынын есеп негізінде түсіндіреді: егер 100 миллион теңгеге ҚҚС төленбесе, онда "жалған кәсіпкермен" істес болған кәсіпкерге бюджетке сол 100 миллион теңгені төлеуге тура келеді. Оның сыртында әкімшілік айыппұл салынады. Онымен қоймай, сол мәмілелерден алынған табысқа салық, корпоративтік табыс салығы және басқасы үстемеленеді екен. Сонда адал кәсіпкердің өзі бірнеше жүз миллион шығын шегетін көрінеді.

Сондықтан бизнес орта парламенттен жеткен бүгінгі жаңалықты қуана қарсы алды.

Өйткені Қазақстан кәсіпкерлер форумының атқарушы директоры Мунавара Палташеваның түсіндіруінше, ақшаны жылыстатып үлгерген "жалған кәсіпкер" табанын жалтыратады да, оның кінәлары үшін заңды бизнеске жауап беруге тура келеді. "Әрине, "жалған кәсіпкермен" істес болғандардың ішінде бірнешеуі де шынымен "жалған кәсіпкер", яғни қылмыстық сыбайласы болып шығуы мүмкін. Алайда ақыр соңында бәрібір, дәл қазір жұмыс жасап, бизнесін жүргізіп отырған және рәсім бойынша салық органдарында тіркелген кәсіпорынға бар кінәнің артылуы қынжылтатын" дейді бизнес қауымдастық өкілі.   

Тағы бір мәселе сол, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, салықтық міндеттемелер бойынша іс қозғауға рұқсат етілетін кезең (срок давности по налоговым обязательствам) бес жылды құрайды. Яғни, салықшылар кенет ескіні қопарып, бес жыл бұрынғыдан әлдебір кілтипан іздей алатын. Депутаттар болашақта бұл мерзімді үш жылға дейін қысқарту туралы сұрап, үкіметке жүгінді.

Бір айта кетер жайт, дамыған елдерде негізінен, "жалған кәсіпкерлік" деген қылмыстық бапты пайдаланбайды. Оның орнына "салық төлеуден жалтару" бабы бойынша қатаңырақ жазалайды. Бұл жағдайда қылмысқа барлық іскер бизнесмендер емес, тек салықтан жалтарған компания жауап береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу