Жаһандық жоба

5539

"G-Global" әлем халқы пікір алмасатын пайдалы платформа.

Жаһандық жоба

Қаржы дағдарысы Еуропаның еңсесін езіп, Азияның адымын аштырмай тастаған тұста дүниежүзінің данышпандары мен данагөйлері қайтпек керек деген сауалға бас қатырды.

Ақылмандардың шақшадай басы шарадай бола бастағанда тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әдеттегідей суырылып шығып, әлем жұртына жаһандық жоба ұсынды.

Мына кереметті қараңыз, Елбасының идеясын бір емес, екі емес, Нобель сыйлығының 14 иегері бірауыздан мақұлдады. Атағынан ат үркетін адамдар баталарын беріп жатқанда дүниежүзінің саяси һәм іскерлік ортасы қарап қалсын ба, олар да қазақ басшысының бастамасын іліп әкетіп қолдай жөнелді.

"G-Global" деп ат қойылып, айдар тағылған жалпыға ортақ жаһандық жоба 2012 жылы конструктивті диалог алаңы ретінде ұлттық экономика мен дүниежүзілік экономиканың дамуына бей-жай қарамайтын барлық әлеуметтік топтар мен әлем халқы үшін қызмет көрсете бастады. Бүгінге дейін ол 170 мемлекеттің басын бір арнаға тоғыстырып үлгерді.

Жаһандық жобаның сайтына 15 мыңнан астам баяндама мен зерттеу жұмысы, 50 мыңға жуық экономикаға қатысты пікір орналастырылды.  

V Астана форумында тұсауы кесілген көпфункциялы платформада дүниежүзінде қордаланып қалған саяси-әлеуметтік  һәм экономикалық мәселелер мемлекетаралық деңгейде талқыланады. Бұл жерде инновациялық даму, этносаралық, дін­ара­лық толеранттылық тақырыбы мен аймақтық, жаһандық қауіпсіздік мәселесін ешкімнің даңқ-дәрежесіне, бақ-беделіне қарамай, еркін екшеуге мүмкіндік берілген.

Көпфункциялы платформа әлемдік деңгейдегі сарапшыларға алаң ұсынады, олардың тәжірибесімен бөліседі және бизнес идеяларға инвестиция тартады. Сонымен қатар әлемдік саясаттың мемлекетаралық және үкіметтік емес субъектілерін, жекелеген саясаткерлерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшылар мен ғалымдарды жаһандық мәселелерді бірлесіп шешуге шақырады.

"G-Global" ақпараттық-коммуникативтік платформасында VI Астана экономикалық форумы мен Бүкіләлемдік дағдарысқа қарсы конференцияның қорытынды құжаты жарияланды, сонымен қатар әлемік дағдарысқа қарсы жоспар құрылды.

Жаһандық жобаның авторы – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осыған дейін Мемлекет басшысы "G-Global" аясында әлемдік дағдарысты еңсерудің шараларын әзірлеуді ұсынды. Мұның белгілі себебі бар. Бұл туралы Елбасы: "2009 жылдың басында, яғни дағдарыс кезеңінде мен әлемдік қаржылық реформа бастамасын көтердім. Мен косметикалық дағдарысты еңсеру шаралары қарқын алатын дағдарыстың жаңа толқындарынан әлемді құтқара алмайтынын айттым. Осы тұрғыдағы ахуал бұл сөздерді қуаттады. Әзірге консенсусты негізде қабылданатын әлемдік дағдарысқа қарсы жоспарды ешкім ұсына алған жоқ", – деді.

Президент G-20, G-8 форматтары әлемдік қаржы дағдарысын еңсеруде ілкімді ізденіске бара алмағанын және олардың шектеулі шеңбері жер бетіндегі геосаяси, геоэкономикалық жағдайды шеше алмайтынын айтты.

"G8 бен G20 даму процесін бастан өткеріп жатқан елдердегі экономикалық жағдайдың жақсаруына тікелей ықпал етпейді. Олар міндеттерін мінсіз атқарып отыр деу қиын. Әлем экономикасына төнетін түрлі қауіп-қатердің алдын ала алатын жаһандық жаңа платформа құру мезгіл мәселесі болды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы "G-Global" жобасы эволюция, әділ­дік, теңдік, мәміле және  толеранттық пен сенім сынды 5 қағиданы темірқазық тұтатынын жариялады.

Президент әділдік тұрғысынан алғанда дамыған елдерге дамушы елдердің есесі кетіп жатқанын жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір шетін мәселеде дамушы елдердің ұстанымына іс жүзінде көңіл бөлініп, құлақ түрілмейтінін жеткізді.

"G-Global" жобасын жаһандық сынға тиісінше жауап беретін дүниежүзілік үкіметтің жаңа моделі ретінде пайдалануды ұсынып отырмыз. Себебі әлемдік деңгейде талқыланатын кез келген мәселеде барлық мемлекеттердің дауысы бірдей естілуі тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік,  "G-Global" G8-дің немесе G20-ның баламасы емес. Ол -дүниежүзіне қажет ақпараттық-коммуникативтік платформа һәм диалог құралы. Оған ғаламдық тұрақсыздық жағдайында экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселердің ушығып кетуіне жол бермеу міндеті жүктелген.

Президенттің пікірінше, "G-Global" - әлемдік экономика үшін аса маңызды жоба. Сондықтан осы үнқатысу аясында "G-Global" елде­рі тобын құру  қажет.

"G-Global" дамыған және дамушы мемлекеттердің мүдделері мен көзқарастарын қатар қарастырады да, реформаларды революциялық жолмен емес, эволюциялық жолмен жүргізуді жақтайды", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дүр дүниенің арзу арманын арқалауды мақсат тұтқан "G-Global" жобасы жаңа форматтағы сұхбат алаңы ретінде сенім үдесінен шығып тұр.

Жаһандық жоба аясында "геосаяси математиканың" негізі қаланып, күрделі алгаритмдердің шешімі табыла бастады. Әу бастағы мақсат та, міндет те осы болатын. Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы бір жарқын жобасы жаһан жұртының кәдесіне жарады деген сөз.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу