Жемқорлар мемлекетке 21 млрд теңге залал келтірген

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2450

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа барған 1 290 адамның әрекеті әшкереленді.

Жемқорлар мемлекетке 21 млрд теңге залал келтірген

Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар саны төмендеуде. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың сөзінше, бұл тенденция тұрақты түрде жалғасып келеді. 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 23 пайызға кеміген. 

"Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан кешенді жұмыстың жемісі", – дейді агенттік төрағасы.

Деректерге сүйенсек, 2018 жылы сыбайлас жемқорлыққа барған 1 290 адамның әрекеті әшкереленген. Олардың 25-і – республикалық деңгейде, 91-і – облыстық деңгейде, 142-сі қалалық және аудандық деңгейде ұсталған адамдар.

"Былтыр ұйымдасқан 4 қылмыстық топ қызметінің жолы кесілді. Жүйелі түрде орын алған сыбайлас жемқорлықтың 87 фактісі анықталып, ол бойынша 288 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мемлекетке келтірілген залал көлемі 21 млрд теңгені құралы. Оның 89 пайызы өндіріліп алынды", – деді Алик Шпекбаев агенттіктің алқа мәжілісінде.

Өткен жылы агенттік тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына бақылауға ерекше назар аударғанын жақсы білеміз. Бұл ретте, "Жасырын сатып алушы" тәсілі саладағы құқық бұзушылықтарды анықтап, жоюға айтарлықтай үлес қосқан.

"Сондай-ақ, агенттік "Цифрлық агент" мобильді қосымшасын да іске қосты. Осылайша, тұрғындар смартфонның көмегімен мемлекеттік мекеме ұсынатын кез келген қызметтің сапасына қатысты пікір білдіре алатын болды. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлық әрекетін жедел анықтап, заңға қайшы қадамға барған мемлекеттік қызметшіні жазалауға мүмкіндік береді", – дейді агенттік төрағасы. 

Сонымен қатар, 2018 жылдың басында "Қоғамдық бақылау картасы" әзірленді. Бұл жоба күнделікті қызмет барысында шенеуніктердің сыбайлас жемқорлыққа бармауын және олардың жұмысының сапасын арттыруға бағытталған. Оны қолдану кезінде азаматтардың әлеуметтік желілер мен call-орталық арқылы жіберген өтініштері бойынша халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер ететін 2,2 мыңнан астам мәселе шешілді", – деп толықтырды сөзін Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, агенттікті оңтайландыру және бюджет шығындарын қысқарту жұмыстары биыл да жалғасады. Еске сала кетейік, былтыр агенттіктің орталық аппарат қызметкерлерінің саны үштен бірге дейін қысқартылған болатын.

"Енді тек ең тиімді мамандарды қалдыру арқылы бұл көрсеткішті 40 пайызға дейін жеткізіп, олардың ақшалай үлесін арттыру көзделуде", – деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ агенттіктегі 254 басшылық лауазым қысқартылып, артық құрылымдар жойылды. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің еңбекақысы Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне дейін жеткізілді.

"Үнемделген әр теңге сыйлықақылар мен жәрдемақылар төленетін "жинақ шотқа" жіберіледі", – деді ол.

Алқа мәжілісінде Алик Шпекбаев бірқатар бастаманың шетін шығарды. Мәселен, ол У-083, У-086 медициналық анықтамаларынан бас тартуға болатынын айтты.

"Соңғы уақытта аталған анықтамаларды жинау көпшіліктің наразылығын тудыра бастады. Өйткені бұл құжаттар шешім қабылдауға ешқандай әсер етпейді. Сондай-ақ осындай анықтамаларды сату белең алып келеді. Мұндай құжаттардан еш қиындықсыз-ақ бас тартуға болады", – дейді агенттік төрағасы.

Бұдан былай қажетті құзыреті мен тәжірибесі бар кез келген адамның Ұлттық бюрода қызмет етуге деген мүмкіндігі артатын болды. Өйткені, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегі барлық бос лауазымға ашық конкурс өткізіледі.

Жалпы, құқық қорғау органдарының қызметі әкімшілік мемлекеттік қызмет стандартына жақындап келеді.

"Құқық қорғау органдарындағы қызметке үміткерлер іріктеудің алғашқы екі кезеңін біздің агенттікте өтеді. Соңғы екі жылда 73 мыңнан астам адам заңнаманы білуге арналған тестілеуге қатысты. Олардың тек оннан төртеуі ғана іріктеуден өтеді. Ал құқық қорғау органының өзінде өтетін сұхбатқа тек дайындығы жақсы және қабілетті үміткерлер ғана барады. Бұл өз кезегінде ең көп сын айтылатын полиция қызметіне сәтті жаңарту жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде құқық қорғау және сот органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған шаралар күшейтілуде", – деді Алик Шпекбаев.

Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметте "мінсіз бедел" түсінігін енгізу қажет дейді. Сонда мемлекеттік қызметшілердің этикалық құқық бұзушылықтары азая түспек. Мәселен, соңғы төрт жылда этикалық құқық бұзушылықтар саны екі есе азайған. Еске сала кетейік, 2015 жылғы 746 этикалық құқық бұзушылық орын алса, былтыр 353 бұзушылық тіркелген.

"Өз қатарымыздағы адамдардың тазалығы – жұмысымыздың негізгі қағидасы. Өткен жылы агенттіктің, Ұлттық бюроның және Мемлекеттік басқару академиясының 7 қызметкері қылмыстық қудалауға ұшырады. Бүгінде олардың 5-і сотталды. Мұндай жағдайларды жою үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақтылық бойынша жүйелі түрде арнайы тексерулер жүргізу керек. Тәжірибе сәтті жүзеге асса, оны басқа да құқық қорғау органдарында пайдаланатын боламыз", – деді Алик Шпекбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу