Жеңіл өнеркәсіп ауыр "күрсінді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
7735

Қазақстанға қытай шұлығы – 27, костюмі 4,5 мың теңгеден әкелінеді.

Жеңіл өнеркәсіп ауыр "күрсінді"

Инвесторлар Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке қаржы салғысы келмейді, өйткені сауда және қызмет көрсету саласындағыдай бірден пайда табу мүмкіндігі жоқ. "Атамекен" палатасының өкілдері осындай мәселе көтерді.

Жалпы жеңіл өнеркәсіптің тұралаған жайы да, мемлекеттің оны көтеруге тырысқан тірлігі де біраз жылдан бері жыр болып келеді.

Осы тұста тақырыпқа орайлас бір мысалды келтіре кеткеніміз жөн. 2015 жылдың мамырында Астанаға ресми сапармен Қытай халық республикасының төрағасы Си Цзиньпин келді. Өзімен бірге ауқымды делегация ерте келген екен, өйткені бизнес-форум да қоса ұйымдастырылған еді. Ақордада оңашада сұхбат құрған екі ел басшысының ортаға қосылуын қос мемлекеттің ұлттық делегациясы үлкен залда күтті.

Содан Қазақстан министрлерінің бірі қытайлық әріптесіне қайырылып, костюміне қатысты комплимент жасамасы бар ма. Көзі күлімдей жөнелген Қытай өкілі ол өнімнің "Қытайда жасалған жоғары сапалы тауар" екенін айтып мақтанды. Әңгімеге араласқан қытайлық делегацияның өзге өкілдері де үстеріндегі қымбат киімдерін көрсетіп мақтанып жатты. Бәрінің кигені бастан-аяқ жергілікті өнім болып шықты.

Бұл жайт біздің шенеуніктерді ұялтты ма, ой салды ма, ол белгісіз қалды. Құлағы қызарып, көздерімен жерді шұқығанын байқамадық.

Өткен жылдың 17 қарашасында парламент мәжілісінде "Өңдеу өнеркәсібін, экспортқа өнім шығару мүмкіндігі бар кәсіпорындарды дамыту. Ұлттық "Made in Kazakhstan" брендін дамыту" тақырыбында отырыс өтті. Сонда бірқатар депутат Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің өнімін күндіз қолға шам алып іздесе, таппайтынына шағымданды.

"Министрлердің, шенеуніктердің 99,9 пайызы Қазақстанда тігілген киімді кимейді. Менің өзім де сондаймын. Еліміздің жеңіл өнеркәсіп тауарына деген қажеттілігі шетелдік өнім арқылы өтеледі. Осы саладағы үлкен резерв пайдаланылмай отыр", – деп мойындады депутат Омархан Өксікбаев.

Оның әріптесі, депутат Владислав Косарев Қазақстанда "жеңіл өнеркәсіпті тоқтады деп айтуға да болады" деген пікірде.

"Отандық сауда орындарының, дүкендердің және барлық базарлардың сөрелерінде жеңіл өнеркәсіптің шетелдік өнімдері сықаса толып тұр. Оның арасынан өзімізде жасалған өнімді табу қиын. Бұл – ел үшін нағыз қасірет, қаншама адам екі қолға бір күрек таба алмай жүр. Жеңіл өнеркәсіп жұмысы тоқтап қалды десе де болады", – дейді ол.

Владислав Косарев шет мемлекеттер, әсіресе көршілер өз тауарларына төмен баға белгілеп, демпинг жасайтынын, сөйтіп отандық өндірісті тұншықтырғанын айтады.

Бұл байламды ресми органдардың мәліметтері растайды. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті Қытайдан әкелінетін, халық көп тұтынатын тауарлардың бағасын жария етті. Нақтырақ айтқанда, Қытайдан Қазақстанға шұлықтың әр жұбы – 27 теңгеден, ерлер көйлегінің 1 данасы – 3,6 мың теңгеден, костюм – 4,5 мың теңгеден әкелінеді екен.

Ал елімізде тоқылатын шұлықтың құны – 120 теңге, костюмнің құны – 40 мың теңге екен. Осыдан кейін олар қалай өзге түгіл, өз нарығымызда бәсекеге төтеп бере алсын?

"Өткен жылы Астанада екі рет – Astana Mall сауда орталығында және "Қазмедиа орталығында" "Қазақстанда жасалған" өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Сонда жергілікті жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өнімдерінің бағасына тұтынушылардың көңілі толмағанын байқадық. Мәселен костюм-шалбардың бағасы 45 мыңнан, ал қысқы етік 30 мың теңгеден басталады. Елордалық сауда орындары мен базарларында бұқара халық бұдан да арзан қытай, қырғыз өнімін таба алады", – дейді қала тұрғыны Гүлзия Қанатқызы.

Бәлкім, онда қатал бәсекеге шыдас бермейтін жеңіл өнеркәсіптен мүлде бас тарту қажет шығар? Бизнесмендер де, үкімет өкілдері де олай жасауға болмайтынын қадап айтты. Себебі, біріншіден, бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Өз халқын және әскерін қарапайым киіммен жабдықтай алмайтын мемлекет ұзақ тұрмайды. Екіншіден, жеңіл өнеркәсіп әйелдерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Үшіншіден, Қытай, Үндістан, Түркия, АҚШ, Еуропа елдері, Қырғызстан, Өзбекстан және басқа да мемлекеттер табысының үлкен бөлігін дәл осы жеңіл өнеркәсіп тауарларының экспорты әкеліп отыр. Ал біз болсақ, құнсызданып бара жатқан "қара алтын" сатқанымызға мәзбіз.

Мұнай саласынан айырмашылығы сол, жеңіл өнеркәсіп тауарларының құны негізінен, тұрақты болып келеді. Өйткені халық тамақ ішудің сыртында, үнемі киінуге мұқтаж болып тұрады. Ал мұнайдан алынатын қуат пен жылуды энергияның өзге түрлерінен де өндіруге болатыны мәлім.

Нәтижесінде "Атамекен" КҰП төралқасының өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Думан Қадырбаевтың мәлімдеуінше, тұтыну көлемі жөнінен жеңіл өнеркәсіп азық-түлік тауарларынан кейін екінші орынға ие. Ол Қазақстанда да жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті мемлекеттік қолдау, базалық өндіріс, адам ресурстары сияқты алғышарттар барлығын айтады.

Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2016 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда 933 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны қызмет етіп келеді.

Мұндағы негізгі үлес – 58%-ы немесе 538 кәсіпорын тігін кәсіпорындарына тиесілі, себебі былғары аяқ киім өндірісін құрудан гөрі киім өндірісін құрып, дамыту әлдеқайда жеңіл көрінеді.

Тоқыма бұйымдары өндірісінің үлесі 31% немесе 289 кәсіпорын. Ал 11%-ы немесе 106 кәсіпорын былғары өнім өндірісі үлесіне тиесілі.

Жеңіл өнеркәсіпте шағын кәсіпорындар саны көп. Олардың жалпы пайыздық үлесі 95%-ға немесе 872 кәсіпорынға тең.

Кезінде жеңіл өнеркәсіпті мемлекеттік фабрикалар гүлдендіргені мәлім. Қазір қарулы күштерге қызмет ететіні болмаса, бұл салада негізінен тек жекеменшік кәсіпорындар қалған. "Мүліктік түрі жөнінен 99,66%-ы жекеменшік кәсіпорын", – деп хабарлайды Статистика комитеті.

Ұлттық палата саланың бірқатар проблемасын санамалайды.

Мысалы инвесторлар мен кәсіпкерлер осы секторда жұмыс істеуге аса құлық танытпайды, себебі ол, біріншіден, мақта өсіру, былғары мен тері өңдеу және илеу, киім мен аяқ киім пішіндеу, тігу сияқты ұзақ процестен тұрады. Екіншіден, мұнда сауда және қызмет көрсету салаларындағыдай жедел түрде кіріс табу мүмкіндігі жоқ.

Нәтижесінде еліміздің ішкі нарығында жеңіл өнеркәсіп өнімдеріндегі отандық тауардың үлесі небәрі 5%-дан аса алмай отыр.

Енді қараңыз, мамандар Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп тауарларының нарығын жылына 900 млрд теңгеге бағалап отыр. Яғни осы саладағы отандық тауарлар, ең құрығанда, өз нарығымызды жаулап алса, онда бір жылдың өзінде жеңіл өнеркәсіптен талай мультимиллионер шығар еді.

Тарата айтсақ, Қазақстан халқы 700 млрд теңгеге киінеді екен. Ал мектеп формасының нарығы – 27,5 млрд теңгеге жуықтайды. Ұлттық компаниялар мен жер қойнауын пайдаланушылар жылына шамамен 44,43 млрд-тың өнімін сатып алады. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының өзі 34,5 млрд теңгенің материалын тасиды.

"Атамекен" КҰП пен бизнесмендер осы саладағы импортты алмастырудың жолын белгіледі. Ол мақсатқа жету үшін тері, мақта, жүн секілді шикізатты қайта өңдеу деңгейін жоғарылату, тауар тасымалдау мен өткізудің тиімді жүйесін құру (логистиканы дамыту), сондай-ақ еңбек өнімділігін арттыру, өндіріс шығынын азайту, тиімді мемлекеттік қолдау керек.

Сонымен бірге осы сектордағы өндірушілердің бірігу мәселесі де көтерілді. Осы мақсатта 2016 жылы "Жасампаз" атты отандық өндірушілер консорциумы құрылыпты.

"СемСпецСнаб" ЖШС-ның директоры Айнұр Ахметованың айтуынша, бұл ұйым әзірге мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауға тартылған жергілікті 31 өндіруші компанияны және өзге де 12 отандық компанияны біріктіріп отыр.

"Консорциумның 2016 жылғы инвестициялар жобасы 2 млрд теңгеден асты және ол 100%-ға орындалды. 2017 жылдың 1 наурызына дейін инвестиция 152 млн теңгеден асқан, 2016 жылы консорциум мүшелері төлеген салық 2015 жылмен салыстырғанда 26%-ға дейін артып, 1 млрд 899 теңгеге жетті", – дейді Айнұр Ахметова.

Дегенмен бұл жеңілөнеркәсіпшілердің жалғыз ұйымы емес. Одан бұрын 2015 жылы "Жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер одағы" дүниеге келген.

"Біздің ұйым тоқыма, тігін, трикотаж, аяқ-киім, былғары өнеркәсібінің 40-тан аса кәсіпорнын, сондай-ақ оқу кәсіпорындарын біріктіріп отыр. Одақ 11 Кодекс пен заңға өзгеріс енгізу жобаларына сараптамалық қорытынды әзірледі. Министрліктердің қаулылары мен бұйрықтарының 20-дан астам жобасына ұсыныс берді. Ұйым "Атамекен" палатасында тіркеліп, индустриялық сертификатты әзірлеуге, ДСҰ және ЕАЭО-ның бірегей экономикалық жағдайында Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының мүддесін қорғауға атсалысып келеді", – дейді одақтың атқарушы директоры Наталья Кузнецова.

Қазіргі уақытта осы Одақ пен "Жасампаз" консорциумы "Жол картасын" әзірлеуге кірісіпті. Бұл құжат отандық өндірушілер үшін жұмыс бағдарламасына айналмақ. "Жол картасы" кадр дайындаудан бастап, өнімді экспортқа шығаруды қамтитын жеңіл өнеркәсіп саласын технологиялық жаңғырту жөніндегі барлық іс-шаралар кешенінен тұрады.

Бәлкім бұл жеңіл өнеркәсіптің өркендеу тарихының бастауы болар? Жылдар өте келе, Қазақстанның билік өкілдері де, шылқыған байлар да "Қазақстанда жасалған" атты киім киюді мақтан тұтып, шетелде масаттана көрсететін болар... Соған жеткізсін делік.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу