Аустриядағы Хохфильцен қаласында өткен әлем біріншілігінің алдында Қазақстан биатлоншыларын допингке қарсы тексеру кезінде құқық бұзушылық болды – бұл жағдай Қазақстан спортшыларының сайыстағы нәтижесіне әсер етті деп есептейді Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті.
Еске сала кетсек, 8 ақпанда Аустрияда әлем біріншілігі басталар алдында жанжал басталып кетті. Қазақстан делегациясы жайғасқан қонақүйге 30 шақты полиция қызметкері басып кіріп, Қазақстан спортшыларының телефондары мен компьютерлерін алып кетті, сондай-ақ олардан ұзақ уақыт жауап алды. Қазақстан биатлоншыларына мұндай "ықыластың" тууына команданың тіркеу құжаттары мен дәрі-дәрмек қорабын Аустрияның жанармай стансаларының бірінде лақтырып жіберген дәрігерлердің салғырттығы себеп болды.
Қазақстан биатлоншыларынан алынған қосымша сынама теріс нәтиже көрсеткені сейсенбі күні белгілі болды. Бейсенбі күні Қазақстан теріс нәтиже туралы Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) ресми растау құжатын алды. Осыдан соң Қазақстан ҰОК сайтында Комитет пен Қазақстан биатлоншылары одағының бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Онда Қазақстанның спорттық билігі қосымша допинг-тексеру жүргізу кезінде Қазақстан спортшыларының құқығы бұзылуына байланысты наразылық білдірді.
"Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитеті Қазақстан биатлоншылары одағымен бірлесіп, биылғы жылдың 8 ақпанында Хохфильценде Аустрияның қылмыстық полициясы Қазақстанның 10 биатлоншысын ұстағанын растайды. Осыдан соң 10 спортшының барлығы ешқандай айып тағылмай босатылды. Одан бөлек Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік (WADA) бекіткен тәртіп пен рәсімдерге сәйкес, Қазақстанның биатлоннан ұлттық құрамасының барлық спортшысы жарыстан тыс тәртіпте қосымша допинг-тексеруден өтті. Барлық спортшының допинг-сынамасы теріс нәтиже көрсетті", – деп жазылған мәлімдеме мәтінінде.
ҰОК аустриялық билік пен Халықаралық биатлоншылар одағына (IBU) допингті анықтау және оның кез келген түрін пайдалануға жол бермеу іс-шарасын өткізуде толық қолдайтынын айта келе, бұл іс-шара "Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің кодексіндегі нормаларда нақты айқындалған спортшылардың құқығына құрметпен қарап, халықаралық стандарттардың қатаң сақталуын әрі барлық спортшының кінәсіздік презумпциясы ескеріліп" өткізілуі керек екенін еске салды.
"Өкінішке қарай бекітілген тәртіп ескерілмегенін мойындауға мәжбүрміз, соның салдарынан Қазақстан спортшыларының құқығы бұзылды. Дәлірек айтсақ, биатлоннан ұлттық құрама мүшелерінен жарыс алдында сағат 5:00-ге дейін ұзақ уақыт жауап алынды, мәжбүрлі допинг-тексеру тәртібі бұзылды, спортшылардың жеке қарым-қатынас құралдары, телефон, компьютерлері алынды, сондай-ақ жаттығу кезінде тінту және өзге де тексеру шаралары өткізілді. Аустрияның полиция органдары көрсеткен шамадан тыс қысым спортшыларды қажытып, күйзеліске түсірді. Бұл екінші күні аралас эстафета кезінде Қазақстан командасының спорттық мүмкіндігін едәуір шектеп, ынты-шынтысымен сайысқа түсуіне кедергі келтірді", – деп мәлімдеді ҰОК.
Еске салайық, тергеу жүргізілгеннен кейін дәл бір күн өткен соң аралас эстафетада қазақ төрттігі 11-орынға ие болды, 10 ақпан күні әйелдер спринтінде қазақ спортшыларынан Ольга Полторанина, мәреге 37-інші келіп, ең үздік нәтиже көрсетті. 11 ақпан күні өткен ерлер спринтінде Ян Савицкий 24-орынды иеленді. Ал 12 ақпан күні бір мезгілде ерлер және әйелдер пасьютінде жарыс өтті. Әйелдер командасынан Ольга Полторанина 37-орында тұрақтады, ерлер командасындағы Ян Савицкий нәтижесін төмендетіп, 33-орынға табан тіреді. 15 ақпан күні өткен жеке әйелдер жарысында Галина Вишневская 21-інші келді.
"Біз Аустрия үкіметі мен Халықаралық биатлоншылар одағынан (IBU) осы оқиғаға қатысты тергеу жүргізуді талап етеміз. Сонымен бірге қазақ спортшылары келешекте мұндай жағдайға тап болмайды деп үміттенеміз. Халықаралық биатлоншылар одағы (IBU) қазақ спортшыларының кінәсі жоқ екенін мойындап отырғанын ризашылықпен айтып өткіміз келеді. Алайда осы оқиға біздің спортшыларымыздың беделіне нұсқан келтіріп, 8 ақпан күні Аустрия полициясының біздің команданың бөлмесін тінту барысында алынған дәрі-дәрмекті тексеруге спортшыларды тағы да тарта ма деп алаңдаймыз. Қазақстан ҰОК Қазақстан биатлоншылары одағымен бірге барлық тараппен өзара тығыз қарым-қатынасты жалғастырады, сонымен бірге қазақ биатлоншылары дәрі-дәрмекті тексеру нәтижесі белгілі болғанға дейін оқиғаға қатысты түсінік бермейді. WADA-да тыйым салынған заттар біздің құрама командадан алынған дәрі-дәрмекте жоқ екенін, ал оны қолдануға дәрігерлердің тиісті кеңесі бар екенін айтып кеткен жөн", – деп жазылған бірлескен өтініште.
Игорь Воротной