"Әміренің дауысына дубляж жасау – зор жетістік"

14038

Әміре Қашаубаев туралы түсірілген фильмде атақты әнші орындаған әндерге қарағандылық Сержан Мұсайын дубляж жасады.

"Әміренің дауысына дубляж жасау – зор жетістік"

Қарағанды облысына танымал әнші жуырда Америкадан оралды. Ол Голливудтағы кино түсіріліміне қатысып қайтты. Сержан Мұсайынға "Париждегі ән" фильмінде атақты Әміре Қашаубаев орындаған әндерге дубляж жасау бақыты бұйырған екен. Оның дауысын фильмнің шығармашылық тобы ұнатқан. Сөйтіп таңдау қарағандылық әншіге түскен.

"Менің дауысым Әміренің үнін жүз пайыз қайталамайды. Дегенмен шығармашылық топ дауыс тембрыма, диапазоныма қарап, "әншінің дауысына жақын келеді" деп таңдаған екен. Мен өзім орындаған әндерді жазып жібердім. Олар еліміздегі дәстүрлі әншілердің ішінен мені таңдапты", – дейді Сержан Мұсайын.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен АҚШ бірлесіп Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде ән салып, төрткіл дүниені таңдай қақтырған күміс көмей әнші Әміре Қашаубаевтың өмірі жайлы фильм түсірді. "Париждегі ән" фильмінің түсірілімі былтыр Рига мен Алматыда аяқталған. Соңғы кезеңде қазақтың біртуар әншісі орындаған әнге дубляж жасау ғана қалған. Осы жылдың 18 қазанынан бастап Сержан Мұсайын Голливуд төрінде Әміре орындаған әндерді шырқаған. Осылайша қарағандылықтың дауысы фильмге енді.

Сержан Мұсайын дубляж жасау барысында домбыра әуенін жеке, әнді бөлек орындаудың біршама қиындық тудырғанын айтады.

"Фильмге дауыс жазу мен домбырамен ән айтудың мүлде бөлек дүниелер екенін сол кезде түсіндім. Дауысқа дубляж жасау деген машақаты көп жұмыс екен. Біздегі дәстүрлі әншілер аудио немесе бейне жазбаға домбыра мен дауысты қатар жазады. Бұл фильмде қиындық туғызғаны – дауысты бір бөлек те, домбыраны бір бөлек жазғанымыз болды", – дейді әнші.

"Париждегі ән" фильмінің қоюушы режиссері – Джефф Веспа. Әміре Қашаубаевтың рөлін актер Санжар Мәдиев сомдаған. Фильмдегі Мұстафа Шоқайдың рөлі Еркебұлан Дайыровқа бұйырыпты. Сонымен қатар қазақ әншісі туралы киноға британдық актермен бірге америкалық актриса түскен.

Шешуші кезеңде қарағандылық әнші фильмге дубляж жасау үшін "Балқадиша", "Үш дос", "Бес қарагер", "Дударай" әндерін Голливудта шырқаған. Сержан Америкада жеті күндей болыпты. Соның екі күнін ән жазумен өткерсе, қалған уақытты әсем шаһарды аралауға жұмсапты.

"Кейбір эпизодтарда бес, кейбірінде он дубль жаздық. Енді бірде бір дубльмен-ақ сәтті шыққан жағдайлар болды. Режиссер фильмге алғаш рет дубляж жасаған адам үшін бұл жақсы жетістік деп баға берді. Дегенмен қоюшы режиссер өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтын адам болып шықты. Ол менен үнемі "Мына бір жерде көңілді шырқадың. Мүмкін бұдан да жақсы шығып қалар, тағы бір рет көрсең қайтеді" деп талап қоя берді", – дейді қарағандылық әнші.

Сержан Мұсайын "атақты Әміре Қашаубаевтың дауысына дубляж жасауым мен үшін үлкен жетістік" дейді.

Талай жыл бойы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі ретінде өңірге танылған Сержан Мұсайын бүгінде Тәттімбет атындағы өнер колледжінде студенттерге дәріс береді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу