"Астана" халықаралық қаржы орталығында тағылымдамадан қалай өтуге болады

3781

Тағылымдамадан өтудің тәртібі жайлы АХҚО "Үздіксіз кәсіби даму бюросының" жетекшісі Ернұр Рысмағамбетов түсіндіріп берді.

"Астана" халықаралық қаржы орталығында тағылымдамадан қалай өтуге болады

Биылғы жылдың шілде айында өз жұмысын бастаған "Астана" халықаралық қаржы орталығы  (АХҚО) дүниежүзінің алдыңғы қатарлы мекемелеріне қызметке тұру үшін мамандар даярлап, студенттерді тағылымдамадан өткізетінін көпшілік біле бермейді. Жалпы, АХҚО-да тағылымдамадан қалай өтуге болады? Тәжірибеден өткісі келетін студенттерге қандай талаптар қойылады?  Осы және өзге де сауалдарға жауап алу үшін АХҚО "Үздіксіз кәсіби даму бюросының" жетекшісі Ернұр Рысмағамбетовпен сұхбаттасқан едік.

– Ернұр, алғашқы сұрағымызды "Астана" халықаралық қаржы орталығында тағылымдамадан қалай өтуге болады?" деген сауалдан бастасақ?

Иә, келесі жылдан бастап екі тағылымдама өтеді деп жоспарлап отырмыз. Олардың біріншісі – 4 курс студенттеріне арналған тәжірибе болмақ. Негізі мұндай тәжірибелер бұған дейін де өткізіліп тұрған, бірақ біз биылдан бастап оны жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Мысалы өткен жылы бізден 30-35 студент келіп, тәжірибеден өтті. Олардың барлығы Астана қаласының ЖОО студенттері болды. Ал биыл дәл осы Астанадан 50-ге жуық студентті тәжірибеден өткізбекпіз. Жоспар бойынша мұндай тағылымдама қаңтардан бастап наурыз, сәуір айына дейін жалғасады. Екінші тәжірибе шетелдегі ірі компанияларға қалай жұмысқа тұруға болады деген мәселеге арналған. Негізі барлық компанияларда Summer internship – шетелден тәжірибеден өту бағдарламасы бар. Ол бойынша 3-курс студенттері белгілі бір іріктеуден өтіп, жазғы тағылымдамадан өте алады. Біз бұл бағдарламаны өңірлердегі жастарға арнамақпыз. Бұл тағылымдамадан өтетін студенттер неліктен ақша алады дейсіздер ғой? Өйткені олар көбінесе аймақтардан келетіндіктен, жататын орындарына, тамақтарына ақша таба білулері тиіс. Жалпы бұл бағдарлама 3 курс студенттеріне арналып отыр. Осы тағылымдама арқылы біз үздіктерді таңдап, бір жыл ішінде оларға арналған білім бағдарламасын әзірлеп, бір жылдан кейін бізге келіп, жұмыс жасауға мүмкіндік бермекпіз. Бұл бағдарламалардың екеуі де 2019 жылдан басталады деп күтіліп отыр.

– Жалпы Бюроның АХҚО мен шетелдік компанияларға қажет мамандарды даярлайтын орталық екені баршаға аян. Осы ретте, жалпы АХҚО мамандар резервіне өту үшін, үміткерлерге қандай талаптар қойылады?
– Тағылымдамадан өту барысында, яғни, 10 аптаның ішінде өзін жоғары деңгейде көрсеткендер осында жұмысқа қабылдануға мүмкіндік алады. Қазіргі таңда біз АХҚО-ның қай департаментіне қандай маман қажеттігін екшеп жатырмыз. Тағылымдамадан өтіп, осында жұмысқа қабылдаңғысы келетін 4 курс студенттеріне қойылатын басты талап – ағылшын тілін жетік меңгеруі. Ал 3 курс студенттерін іріктеудің 3 кезеңінен өткізбекпіз. Бірінші іріктеу қазан-желтоқсан айларында өтеді. Іріктеудің бұл кезеңінде студенттердің өзін-өзі дамыту көрсеткішіне баса мән бермекпіз. Емтихандар да ағылшын тілінде жүргізіледі. Екінші іріктеу қаңтар-наурыз айларында өтеді. Ол кезде студенттерге қандай да бір жоба жасауды ұсынамыз, содан кейін наурызда оларды осында сұхбаттасуға (booth camp) жинамақпыз.  Міне сол уақытта қызығушылық танытып отырған компания өкілдері студенттермен сұхбаттасып, іріктейтін болады. Негізі алғашқы жылы біз АХҚО-ға мамандар ұсынбақпыз, сосын АХҚО қатысушыларына мамандар даярламақпыз.

– Сонда АХҚО департаменттеріне кез келген саланың маманын тарта аламыз ғой?

– Алғашқы жылы қаржы, экономика салаларының мамандарын тартпақпыз. Бірақ қатысушылардың сұранысына қарай, бұл мамандардың саны арта түсуі мүмкін. Олардың арасында event, PR, HR мамандары да кіруі мүмкін. Мысалы АҚШ-та мамандыққа қарамайды, онда адамның ой өрісі мен берген тапсырманы орындай білу деңгейіне көп көңіл бөлінеді. Біз де осы қағидаттарды ұстанбақпыз. Яғни, белсенді, саланы тез игеретін мамандарға сұраныс қашан да көп болмақ.
– Мамандарды таңдау барысында ашықтық қағидасын ұстанасыздар ғой?
– Әрине, арнайы комиссия құрылатын болады. Бізде ол үшін академиялық кеңес те бар. Сол кеңес мамандарды таңдайды деп жоспарлап отырмыз.
– Қазіргі таңда осы бағытта Қазақстанның қандай ЖОО-мен жұмыс жасап келесіздер?
– Біз Астанада ҚГЗУ, NU, "Еуразия" ұлттық университетімен, "Қаржы" Академиясымен, Алматыда СДУ, ҚБТУ, ҚазЭУ, UIB университеттерімен жұмыс жасап келеміз, дәлірек айтсақ, оларға халықаралық бағдарламаларды еңгізуге атсалысып жатырмыз.
– Сол сияқты өзіңіз жетекшілік ететін Бюро халықаралық CFA, ACCA сертификаттарын беретінін білеміз. Осы оқу бағдарламаларына қатысушылар арасында қандай да бір жас ерекшеліктеріне қойылатын талаптар бар ма?
– Жасқа қатысты қандай да бір шектеу жоқ. Бүгінгі күні Бюроның барлық бағдарламалары Қазақстан азаматтарына бағытталғанын атап өту керек. Бірақ тәжірибе бойынша бізде оқып жатқандардың көбі 25-35 жас аралығындағы азаматтар деп айта аламын.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Алғашында біз тек 2000 адамды жұмысқа тартамыз деп жоспарлаған едік. Алайда кейін олардың санын 5 мыңға дейін арттыру көзделді. Қазір 2 мың адамды өзіміз қайтадан оқытсақ, қалған 3 мың адамды серіктестер арқылы оқытсақ деп отырмыз. Ал жалпы алдағы бес жылда 50 тәлімгермен 5 мың маманды оқыту жоспарымыз бар. Айтпақшы, әзірге ТМД бойынша халықаралық қаржы орталықтарына мамандар даярлап отырған тек біз ғана болып отырмыз. Дубай мен Абу-Дабидағы қаржы орталықтарының өзі Бюроны енді ашып жатыр. Бұл бағытта біз көшбасшымыз. Бюро жұмысында біз сингапурлік үлгіні ұстануды жөн көрдік, өйткені оның ерекшелігі  ынталандыруға көп көңіл бөлінген. Мысалы, оларда біліміңді дәлелдеп, оқу үлгеріміңді көрсеткеннен кейін ғана грантқа ие бола аласың. Олар өзің төле, өз-өзіңді көрсет, сосын біз оны өтейміз деген қағидатты ұстанады. Ал бізде керісінше, алдымен грант беріледі, сосын жөнді оқу-оқымау уақыттың еншісінде қалып жатады. Біздегі үлгінің тағы бір ерекшелігі: оқытылған азаматтардың барлығы міндетті түрде бізде жұмыс жасауы керек, мысалы, оқу орындарында дәріс оқиды және т.б.  Тағы бір жаңалығымыз Belt and Road Initiative "Бір белдеу бір жол" жобасы бойынша орталық ашпақпыз. Оның аясында Астанада арнайы бағдарлама іске қосылады. Ол құрылымы жағынан Жібек жолы академиясына ұқсайтын болады. Онда түрлі жобаларға қажет мамандар даярланбақ.
– Бүгінгі күні елімізде  Халықаралық инвесторлар апталығы – World Investmor Week өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты не?
– Бұл былтырғы жылдан бастау алған бағдарлама. Жобаның басты мақсаты  қоғамның инвестициялық сауаттылығын арттыру болып отыр. Апталықтың аясында қыркүйек айының 26-сы мен 6 қазан айында өңірлерге барып, Бюро қызметімен таныстырып, ондағы жастарды оқу бағдарламаларына, бізден тәжірибе өткізуге шақырмақпыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу