"Бүгінгі білім берудің тренді – өздігімен үйренуге оқыту"

6880

Балаға жаппай ақпараттық теxнологияларды үйретеміз деп, болашақта сол баладан робот жасап, оны адам ретінде жоғалтып алмасақ болғаны.

"Бүгінгі білім берудің тренді – өздігімен үйренуге оқыту" Фото: parlam.kz

Қазақстандағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің басшысы Күләш Шәмшидинова көптің көкейінде жүрген мәселені ашық айтты. Бұрынғы білім беру жүйесінің артықшылығы сол, ол мектеп оқушысына бәрін білуге үйретеді.

Алайда сол "артықшылықтың" өзі үлкен кемшілік болып отыр. Себебі "көп білетін" балалар сол білімді іс жүзінде қолдана алмайды. Ал "анадан ұят болады, мынадан ұят болады, көршінің баласын қарашы" деген менталитетіміз бізді "4" пен "5"-терге әбден байлап қойды. Соның салдарынан баланың жеке қарым-қабілеті, ішкі бейімі дамымай қалады. Өмірде қиын жағдайға тап болған ондай адамның қайтып тұрып, еңсесін тіктеуі екіталай. Ең бастысы, Қазақстаннан тағы бір Эйнштейннің жарқ етіп шығу коэффиценті азаяды.

Шыны керек, бүгінде мектеп табалдырығын аттаған түлектеріміз көп нәрсені біледі. Олар орта білім бағдарламасын жақсы меңгерген, ой-өрісі, дүниетанымы да кең. Қазақстанның қай жерде екенін білмейтін шетелдік құрдастарымен салыстырғанда, біздегі жастардың ойы озық, білімі терең дейміз. Осыны талай рет талқылап, географияны білмейтін "янкилерге" күлгеніміз де бар. Соған қарамастан, ғылым мен технология саласындағы жаңалықтардың барлығы сол жақтан келеді.

Күні кеше географияны білмеген ағылшынның баласы ойда жоқта бір жаңалық ашып, Нобель сыйлығын алып жатады. Сонда біздің біліміміз оған жетпей ме? Әлде, географияны білмейтін шетелдіктерге бір күліп, соған насаттанып қаламыз ба? Жоқ, мәселенің бәрі сол білімнің көптігінде. "Көп нәрсені" білетін біздердің кей кезде мамандықты таңдай алмай, дал болып отыратынымыз содан шығар.

"Қазіргі кезде біз балаларға фактологиялық әрі дайын ақпаратты береміз. Сөйтіп олардың өздігімен ой түйіп, қорытынды жасауына мүмкіндік бермейміз. Ал бүгінгі әлемдік білім беру саласының тренді сол, балаларды аз үйретіп, олардың өздігімен үйренуіне көбірек оқыту қажет. Біз болсақ, бәрін шайнап береміз. Сол себепті ақпараттық білім беруден инновациялық білімге ауысқан маңызды. Ашығын айту керек, бүгінде осы жағынан мектеп мұғалімдері қатты қиналып жүр. Себебі білім берудің әдістемесін толығымен өзгерту керек", – дейді Күләш Шәмшидинова.

Оның айтуынша, қазіргі кезде көп білген жақсы. Бірақ соның өзі аздық етеді. Себебі бәрін білетін адам соны тәжірибе жүзінде пайдалана білуі керек. "Қазір сан алуан формуланы жаттап отырудың қажеті жоқ. Баланы сол формулаларды табуға үйрету керек. Бір ғана мысал келтірейін, журналистер Эйнштейннің мектеп бағдарламасындағы кей формуланы білмейтінін естіп, оған сұрақ қойыпты. "Нобель сыйлығының лауреаты мектеп бағдарламасын білмей, сыйлықты қалай алды?" деп сұрағанда Эйнштейн: "Менің кабинетімде бір шкаф бар. Оның ішінде менен де артық білетін энциклопедиялар жатыр. Бірақ Нобель сыйлығын шкаф емес, мен алдым", деп қысқа ғана жауап берген. Міне, осы мысалдың өзі баланың жадын ақпаратпен толтыра беруден ешбір пайда жоқ екенін көрсетеді. Баланы ақпаратпен жұмыс істеуге, оны талдауға үйрету керек. Ол өзіне қажетті ақпаратты таба білуі керек", – дейді Күләш Шәмшидинова.

Бүгінде әлемдік экономикадағы өзгеріс еңбек нарығына да әсер етіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сүйенсек, дәл қазір маңызды саналатын қарым-қабілеттің 35 пайызы небәрі бес жылдан кейін түбегейлі өзгереді. Мамандықтардың мазмұны мен сапасы трансформацияға ұшырайды, ал кей мамандық мүлде жойылады. Оның орнына жаңа мамандық келеді. Бұл өзгеріс адам өмірінің сан саласын қамтиды.

Демек бізге ондай өзгеріске дайын болу керек, отандық білім беру саласы әрбір қазақстандықтың өмірде ғана емес, еңбек нарығында да өз орнын табуға көмектесуі керек. Мәселен ресейлік сарапшылар жаңа мамандықтар атласын әзірлеп қойды. Оған сәйкес жақын арада молекулярлы диетолог, "тірі жүйелердің" сәулетшісі, киберпротез әзірлеуші, ГМО агроном, энергожүйе дизайнері, интеллектуалды энергия желілерінің инженері, ақылды жолдар салушы, ғарыш туризмі менеджері, ғарыш жолдары инженері, роботты басқаруға арналған нейроинтерфейсті жобалаушы, зияткерлік меншікті бағалаушы, электронды киім-кешек рецептерінің жобалаушысы, ой-өріс продюсері және тағы басқа мамандықтарға сұраныс артады.

"Қазірдің өзінде осы мамандықтарға сұраныс бар. Соған қарап, білім алған бағдарламалардың тариxтың еншісінде қалып, ескіргенін түсінуге болады. Осы орайда тағы бір статистиканы келтірейін, алдағы 25 жылда дамыған мемлекеттерде адамдардың жұмыссыз қалу көрсеткіші 47 пайызға жетеді. Бұл дегеніміз, бәрі автоматтандырылады. Демек ол адамдар өз мамандығын өзгертуге дайын болуы тиіс. Осы жерде өмір бақи білім алудың маңыздылығы арта түседі.

Бұдан қандай қорытынды шығады? Бүгінде адамның бір рет білім алғаны жеткіліксіз. Ол процесс үздіксіз жүруі керек. Міне, осыған байланысты қазірден бастап баланың сындарлы ойлау қабілетін дамыту аса маңызды. Олар өздігімен жол тауып, нарық талаптарына бейімделе білуі керек", – дейді Күләш Шәмшидинова.

Әлбетте, білім саласындағы қазіргі реформалар кезінде ата-аналарға үлкен салмақ түсіп отыр. Логикалық сұрақтың жауабын табу, философиялық тапсырмаларды орындауда үлкен шыдамдылық қажет екені анық. Сарапшылар білімнің жаңа мазмұнына көшу кезінде мұғалімдерге де, ата-аналарға да барынша төзімді болуға кеңес беріп отыр. Себебі ескі психологиядан арылу оңай емес. Әрине, білімнің жаңа мазмұнын енгізумен қатар ұлттық тәрбиені ұмытпау қажет.

"Қазір еліміздің білім беру саласында жақсы реформалар іске асып жатыр. Әрине, электронды жүйелерді дамыту жолында адамның кім болып қалыптасатынын да естен шығармау қажет. Бізге жақсы маман қажет. Оған қоса, ол жақсы адам болуы керек. Ал жақсы адам деген кім? Ол – өз тілін, дінін құрметтейтін, салт-дәстүрін білетін, қазақ екенін ұмытпайтын адам. Қазір жаппай ақпараттық теxнологияларға үйретеміз деп, болашақта сол баладан робот жасап, оны адам ретінде жоғалтып алмасақ болғаны. Атақты әл-Фарабидің өзі былай айтқан: "Баланың білімінен тәрбиесі артық". Сол себепті тәрбие мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз қажет", – дейді мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу