"Елге жаңа сапалы даму қажет"

Аскар Муминов Аскар Муминов
3585

Елбасы өзінің жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдауында не жайлы айтты.

"Елге жаңа сапалы даму қажет"

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жасады. Биылғы жолдауда басты басымдық еліміздің әлемнің ең дамыған отыз мемлекетінің қатарына енуін қамтамасыз етуге тиіс нақты міндеттерге берілді. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, әлем Төртінші өндірістік революция дәуіріне технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Осыған байланысты Қазақстан президенттің былтырғы жылғы жолдауында бастау алған өзінің экономикалық құрылысын жаңғыртады. Қазір 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды.  

2017 жылы президенттің бекітуі бойынша, еліміз әлемдік дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсеріп, сенімді өсу жолына қайта түсті. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсуі 4% болып, ал өнеркәсіптік өнімнің өсуі 7%-дан асты. Бұл орайда, өнеркәсіптің жалпы көлемінде өңдеуші сектордың үлесі 40%-дан асып түсті. Президенттің айтуынша, Қазақстанның жетістігі – бұл сенімді база, бірақ та ертеңгі күннің жетістігіне кепіл бола алмайды, өйткені "көл-көсір мұнайдың" дәуірі аяқталып келеді және елімізге дамудың жаңа сапасы қажет.

2017 жылғы жолдаумен қандай ұқсастық пен айырмашылық бар
Егер президенттің былтырғы жылғы жолдауымен салыстыратын болсақ, онда биылғы жылғы қойлып отырған міндеттердің көбісі 2017 жылы айтылған Үшінші жаңғырту идеясынан бастау алып отырғанын көруге болады.

Сондай-ақ былтыр президент Ұлт жоспарын іске асыру елге дағдарыс белгілерін жеңіп шығуға мүмкіндік беретініне басымдық жасаған болатын. Былтырғы жылғы жолдауда да төртінші өндірістік революцияның басталуына мән берген еді, бірақ та оған жіті тоқталмаған болатын. Ал бұл жолы Қазақстанның жаңа өндірістік құрылысқа ену идеясы нақты көрсетілді. 2017 жылғы жолдауда елбасы АӨК, өндіріс, көлік және логистика, құрылысы саласы сияқты дәстүрлі негізгі салаларды дамытуға қарқын беруге шақырған болатын. Биыл керісінше басты басымдық жаңа салаларға жасалды, әсіресе, цифрлық технологияларға мән берілген.

Былтыр президент "Астана" халықаралық қаржы орталығын дамытуға баса назар аударған еді, ал биылғы жылы бұл мәселеге қатты басымдық жасалған жоқ. Бірақ та өткен жылғы жолдауында да, осы жылы да президент АӨК-ті дамытуға үлкен мән беріп отыр. Сондай-ақ бизнес-ахуалды жақсарту бойынша айтқандары да былтырғымен сәйкес келді. 2017 жылғы жолдауда жекешелендіру мен мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту мәселелеріне аса мән берген болса, 2018 жылғы жолдауына бұл мәселелер аталып қана кетті.

Макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау екінші жыл қатарынан жолдаудың басты бөлімі болып отыр. Бұл дағдарыс жағдайында халыққа мемлекеттің жағдайды бақылауға алып, халықты қиын жағдайда қолдайды дегенді білдіру шығар. Өйткені екі жыл қатарынан мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін орындайды деп сендіруі тегін емес секілді. Алайда осы жылғы жолдауда азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға қатысты нақты шараларға, яғни әлеуметтік төлемдер, зейнетақыларды арттыру жайы егжей-тегжей айтылды. Жалпы осы жылғы жолдаудың әлеуметтік аспектісі былтырғы жылғыдан едәуір асып түсті. Азаматтардың өмір сүру сапасы басты назарға алынды.

Президент адами капиталды дамыту мәселесін былтыр да, биыл да басты назарда ұстап отыр. Сондай-ақ елбасы екі жыл қатарынан білім беру сапасын арттыруға, үштілділік жүйесін енгізу мәселелеріне басымдық жасауда. Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес екі жолдауда мемлекеттік саясаттың ең басты бөлігі болып отыр.

Президент жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, оған ең бірінші Төртінші өндірістік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделу керектігіне сенімді.

Индустрияландыруға басымдық беру
Ең бірінші индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің флагманы болау керек. Дәл соның нәтижелері 2014-2015 жылдары мұнай бағасы күрт төмендеген дағдарыста тұрақтандырушы басты факторлардың бірі болды. Президент өнімді экспортқа шығаруға бағдарланған кәсіпорындарды жаңғырту мен цифрландыруға бағытталған жаңа құралдарды әзірлеу және мақұлдау қажет екендігін атап кетті. Олар ең бірінші кезекте технологиялар трансфертін ынталандыру керек. Сондықтан бірнеше қазақстандық өндірістік кәсіпорынды цифрлау бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асатын болады, содан кейін бұл тәжірибе таратылады.

Цифрлық және басқа да инновациялық жобаларлы әзірлеуде өзінің экожүйесін дамыту маңызды болуда. Ол Назарбаев университет, АХҚО және IT-стартаптардың халықаралық технопаркі сияқты инновациялық орталықтардың айналасында кристалдануға тиіс. "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің жұмысын ұйымдастыру қайта қаралатын болады. IT және инжирингтік қызмет, экономиканы цифрландыруды дамытуға басты мән берілуде, дивиденттерден басқа, бұл жұмыс күшін көлемді босату қаупін әкеледі. Президент 2018 жылы "цифрлық дәуір" өндірісін құруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуді бастау қажет деп есептейді.

Ресурстық әлеуетті күшейту
Екінші міндет ресурстық әлеуетті дамыту. Президент шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет деп есептейді. Ол кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керектігін ұсынып отыр. 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30%-ға дейін жеткізу қажет. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Олар 2017 жылы 1,1 млрд кВт-сағат "жасыл" энергия өндірді.

Жаңа ақылды технологиялар
Президент ақылды технологияларды, сонымен қатар агроөнеркәсіп кешенін дамытуды үшінші міндет етіп қойды. Оның айтуынша, аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, "ақылды суарудың", минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға қол жеткізуге болады. Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстанда жасалған" табиғи азық-түлік бренді бүкіл әлемге танымал болуға тиіс екеніне тоқталып кетті. Сонымен қатар президент 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту
Президент көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыруды төртінші міндет деп белгіледі.

Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17%-ға өсіп, 17 млн тоннаға жуықтады. Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 млрд долларға жеткізу міндеттелді. Президент жүк қозғалысын онлайн режимде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет деп есептейді. Осы мақсаттар үшін Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет.

Бұл көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады. Президенттің ойынша, Ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемін көбейту керек. Осыған жыл сайын бөлінетін бюджет қаражатының жалпы көлемін орташа мерзімдегі кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткізу қажет.

Заманауи технологияларды енгізу
Бесінші міндет – құрылыс және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 млн шаршы метрден асты. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30%-ға өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жету керек.

Қаржы жүйесін сауықтыру
Алтыншы міндет – қаржы секторын "қайта жаңғырту". Президент банктік портфельдерді "нашар" несиеден арылту ісін аяқтауды маңызды деп есептейді. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс, ал акционерлердің үлестес компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналу керек. Ұлттық банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек дейді президент. Оның сөзінше, Ұлттық банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық қарыздарға қатысты мәселені Ұлттық банкке толығымен шешу тапсырылды. Ұлттық банк пен үкімет экономика салаларындағы нақты тиімділікті есепке алатын мөлшерлемелер бойынша бизнеске ұзақ мерзімді несие беруді қамтамасыз ету мәселесін бірлесіп шешуге тиіс. Инвестициялық ахуалды жақсарту мен қор нарығын одан әрі дамыту маңызды болып саналады.

Адами капиталдың сапасы
Жолдауда жетінші міндет – адами капитал сапасын арттыруға басты көңіл бөлінді.

Президент барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет екенін атап кетті. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы– үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс.

2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беруде балаларды ерте дамыту үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажет. Орта білім берудің жаңартылған мазмұнға көшуі басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады. Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек.
Барлық өңірлердегі оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, зертханаларды және 3Д-принтерлерді ескере отырып барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру қажет. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. 2016 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тілі қазақ мектептерінде 1-сыныптан бастап оқытылып келеді. 2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталатын болады. Бұл кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты атқаруына, тіпті Президент болып сайлануына да мүмкіндік береді.

"Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру" жобасын жүзеге асыру жалғасатын болады. Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және "үлкен деректермен" жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер саны артатын болады. Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орнының ғылымын дамыту керек. Жеке сектордың бірлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзірлемелері үшін міндетті талап болуға тиіс. Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады.

Президенттің айтуынша, жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушінің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшетін болады. Осы және басқа да шараларды іске асыру үшін "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекстің жаңа редакциясы әзірленетін болады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсудің резерві саналады. Нұрсұлтан Назарбаев өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанын атап кетті. Ол еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарады деп есептейді. Адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту үшін көбірек мүмкіндік беріп, олардың жеке кәсібін бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек деген ойды да айтты. Сондай-ақ "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті үйрету жөніндегі жұмыстары қолдауға тұрарлық екенін ерекше атап өтті.  Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Барша қазақстандықтар өздерінің атқаратын жұмыстарын заңдастыруға аса мән беруі керек. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінде де еңбек өтілі мен өтемақы мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілетін болады. 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәртібі бекітілді. Оның шегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 40 пайыздан 50 процентке дейін көтерілді. Еңбекке қабілетті әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшін берілетін қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетімді болады. Еңбекке қабілетсіз азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары күшейтіледі.

Мемлекет басшысы мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінің барлығын толықтай орындатынына сенім білдірді. 2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейген. Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 %-ға, ынтымақты зейнетақы 32 %-ға , бала тууға байланысты жәрдемақы 37%-ға , ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетін жәрдемақының әрқайсысы 43 %-ға өсті. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердің жалақысы 28 %-ға, білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысы 29%-ға, әлеуметтік қорғау саласы қызметкерлерінің жалақысы 40%-ға дейін, "Б" корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 30%-ға, стипендиялар 25%-ға өсті. Республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлінген шығыны 2018 жылы 12-ға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Әлеуметтік төлемдерді, соның ішінде зейнетақыны өсіру 3 млн-нан астам қазақстандықтың табысын көбейтеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8%-ға артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 -ға дейін өсті. 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетін болады. Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізу тапсырылды. Бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алатын болады. 2018 жылы осы мақсатқа 3 млрд теңгеге дейін қаржы қажет болады. Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30-ға көбейді. Мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 млрд теңге бөлінеді.

Тиімді мемлекеттік басқару
Назарбаев тиімді мемлекеттік басқаруды сегізінші міндет етіп белгіледі. Президент бизнестің мемлекеттік қолдауға ие болуды "бір терезе" принципі бойынша көрсете отырып процестерді цифрландыруды күшейтуге шақырды. Табиғи монополиялар субъектілері қызметтерінің сапасын арттыру жөнінде жұмыс жалғасуда. Әкімшілік шығыстарды төмендету үшін ведомстволардың бағынысындағы аса қажетті ұйымдарды шоғырландыру қажет. Босаған қаражат факторлы-баллдық меже негізінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуге бағытталатын болады.

Үкімет мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікпен бірлесіп 2018 жылы осы жүйені енгізу жөнінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда қанатқақты жобалар іске асырылатын болады. Жалпы алғанда аймақтық саясаттың назары шығыстарды бірдейлендіруден аймақтардың дербес кірістерін өсіруді ынталандыруға ойыспақ.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес
Тоғызыншы міндет – сыбайлас жемқорлықпен күрес және заң үстемдігі. Тек соңғы 3 жылда 2,5 мыңнан астам тұлға жемқорлық үшін сотталды, олардың қатарында мемлекеттік компаниялардың басшылары мен жетекшілері бар. Осы кезең аралығында олар келтірген шығынның шамамен 17 млрд теңгесін қайтарды. Мемлекеттік органдардағы процестерді, оның ішінде олардың халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылын цифрландыру маңызды болып табылады.

Заңнамаға қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, оның жазалаушылық сипатын төмендетуді қарастыратын ережелер енгізілді. Адвокаттардың, сондай-ақ сотқа дейінгі кезеңде сот бақылауы құқығы кеңейтілді.

"Ақылды ұлтқа" арналған "Ақылды қалалар"
Назарбаев оныншы міндет етіп "ақылды ұлтқа" арналған "ақылды қалаларды" дамытуды атап көрсетті. 2018 жыл – Астананың 20-жылдық мерейтойы. Заманауи технологиялар жылдам өсіп бара жатқан үлкен шаһардың мәселелеріне тиімді шешімдер ұсынады. Назарбаев "Смарт Сити" тұжырымдамасы негізінде қала тіршілігін басқаруды кешенді енгізуге және қалаға қоныс аударатын адамдардың біліктілігін дамытуға шақырды. сондықтан Астананың тәжірибесі негізінде "Смарт Сити"-дің үлгілік стандартын қалыптастырып, Қазақстанның қалалары арасында тәжірибемен алмасуды қалыптастыру қажет.

Сарапшылық қауымдастықтың бағасы
Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Ләззат Нұрқатова күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ретінде қаржы жүйесін, оның ішінде банк секторын "қайта жаңғырту" белгіленгенін атап өтті. Халыққа қаржылық қызметтерді қолжетімді ету үшін, еліміздің қарапайым азаматтарының мүддесін ескере отырып, тұрғындарға арналған несиелік бағдарламаларды кеңейту міндеті қойылды.

Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға назар аудартып отыр, биыл бюджетте әлеуметтік салаға шығыстар 12%-ға арттырылды, сонымен қатар мұғалімдердің жалақысы өтілі мен қызметкердің біліктілігіне байланысты 30-дан 50%-ға дейін көтерілмекші", – деп атап өтті ол.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Саиров атап өткендей, қазір тек Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде жалпы ішкі өнім мен үй шаруашылығы дамуы арасында, статистика мен адамдардың әлеуметтік күйі арасында айтарлықтай алшақтық бар.

"Меніңше, үлкен мақсаттарға жету үшін, біз өз елімізде қоғам мен мемлекеттің даму индексінің дербес моделін әзірлеуге тиіспіз", – деп ойын қорытты ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу