"Қашаған" үлесінде Қазақстан үшін ешқандай тәуекел жоқ"

4215

Ұлыбританияның сот алқасы Қазақстанды қолдады.

"Қашаған" үлесінде Қазақстан үшін ешқандай тәуекел жоқ"

2018 жылғы 11 қаңтарда Ұлыбритания апелляциялық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Молдова азаматы Анатол Статидің және оның жақтастарының 2017 жылғы 6 маусымда Қазақстан Республикасының пайдасына шығарылған сот шешіміне шағым жасауға рұқсат беру жөніндегі өтінішін қараудан бас тартты. Осыған қатысты мәлімет 19 қаңтарда ҚР әділет министрлігінің сайтында жарық көрді.

"Англияның жоғары соты 2017 жылғы 6 маусымдағы өз шешімінде 2013 жылғы 19 желтоқсандағы төрелік трибуналдың шешімі алаяқтыққа негізделген және оның орындалуы Англияның қоғамдық тәртібіне қайшы келеді деген Қазақстан Республикасының мәлімдемесін қолдады", – делінген жалпыға жария болған хабарламада.

2017 жылғы 27 маусымда Ұлыбританияның жоғары соты да Анатол Статиге алаяқтық фактілерін ағылшын әділ сотында мәні бойынша қарауға мүмкіндік берген шешімге шағым жасауды күн тәртібіне қоймаған болатын.  

"Қазақстан Республикасы талапкерлер тарапынан орын алған алаяқтық фактілерді дәлелдеуді жалғастырады және шамамен 2018 жылғы қазан айына белгіленген тыңдауларда тиісті дәлелдерді ұсынады. Аталған іс бойынша мемлекеттің мүддесін білдіруді және қорғауды "Herbert Smith Freehills LLP" халықаралық заң фирмасының қатысуымен Қазақстан Республикасының әділет министрлігі қамтамасыз етуде", – деп жазылды хабарламада.

Осыдан 4 күн бұрын ҚР әділет министрі Марат Бекетаев молдавалық олигарх Анатол Статидің Қазақстаннан қалай ақша шығарғанын егжей-тегжей түсіндіріп берген еді.

"Қазақстанда жұмыс істеген кезінде Анатол Стати заем тартып, облигация орналастырды. Ол ақшаны газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсау керек болған. Бұл үшін 2 компания жалдаған. Оның бірі – неміс, екіншісі – ағылшын компаниясы болған. Ағылшын компаниясының атауы Perkwood болғаны өте маңызды. Біз Ұлыбританиядағы ресми ақпарат көздерінен осы компания туралы ақпарат сұрадық. Сол кезде Анатол Статиден ондаған миллион доллар ақша алған компанияның Ұлыбританияда бірде-бір рет есеп бермегені және қызметін бірнеше жыл ғана атқарғаны  анықталды", – деді Марат Бекетаев.

Қазақстан тарапы Латвияға да сұрау салған. Себебі газ өңдеу зауытының құрылысына бөлінген қаржы Perkwood компаниясының Латвия банкіндегі шотына аударылған.

"Латвия құқық қорғау органдарының бізге берген жауабы банктегі есешот сенімхат арқылы Анатол Статидің өзіне ашылғанын көрсетті", – деді ҚР әділет министрі.

Осылайша алаяқ олигарх Латвия банкі арқылы біздің елден газ өңдеу зауытының құрылысына жұмсалуы тиіс 167 млн долларды алып шыққан. Бұл мәліметті Стокгольм соты дәлел ретінде назарға алмаған. Сөйтіп 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық трибунал Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 500 млн доллардан астам өтемақы төлеуге міндеттеген. 2014 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасы Стокгольмдағы апелляциялық сотта бұл шешімге шағым білдіріп, оның күшін жоюды талап еткен.

2017 жылғы 6 маусымда Ұлыбританияның жоғары соты төрелік шешім алаяқтық арқылы жүзеге асты деген шешімге келген. Осылайша жоғары сот алаяқтық фактісін қарастыру жөніндегі сот талқылауын өткізуді ұйғарып, оны 2018 жылғы қазан айына белгілеген.

"Төрелік шешімді орындату үшін оның заңдылығын нақты бір ел аумағында мойындау қажет. Осы мақсатта Стати өз ойын Ұлыбританияда жүзеге асырмақшы болды. Ол Стокгольм соты мақұлдаған төрелік шешімді Лондон сотына көрсетті және шешімді Ұлыбритания аумағында заңды деп тануды сұрады", – деді Марат Бекетаев.

Ағылшын сотынан қолдау таппаған олигарх АҚШ-қа ауысты.

"АҚШ соты Ұлыбритания сотының шешімі шыққанға дейін істі тоқтата тұру туралы шешім қабылдағанда Анатол Стати бірден Нидерланды, Бельгия және Люксембург елдерінің сотына жүгінді. Әрине, біз Ұлыбританиядағы сияқты жоғарыда аты аталған елдерде де қарсылық көрсетеміз. Ол зауыт құрылысына ақша салған жоқ, керісінше қаржыны Латвия банкі арқылы шығарып алды. Төрелік сот шешімінде өтемақының бір бөлігі осы ақшаға қатысты болып отыр. Төрелік сот шешімінде құрылысы аяқталмаған зауыттың құны 230 млн долларға бағаланған. Біздің есебімізше, Латвия банкі арқылы 167 млн доллар шығарылған. Осының өзі Статидің газ өңдеу зауытының нақты құнын жасырғанын көрсетіп отыр", – деді министр.

Сөз арасында Марат Бекетаев Қазақстан шетелде бұғатталған қаржысынан  айырылмайтынын айтты.

"Ақшаның тағдыры келесі кезеңдерде шешіледі. Оған дейін біраз уақыт бар Екінші қадам – төрелік шешімнің әр елде заңдылығын тексеру. Бізде Анатол Статидің алаяқтығына қатысты дәлел бар, сотта соны оған қарсы қолданамыз", – деді министр.

Бұдан кейін лауазымды тұлға Қазақстан голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активін бұғаттау туралы шешімінен бір тиын да жоғалтпайтынын жеткізді.

"Қашаған жобасында Қазақстан дивиденттен емес, салық пен profitoil-дан табыс көреді. Бұл мұнай сатылған кезде табыстың бір бөлігі бюджетке, одан әрі profit oil арқылы Ұлттық қорға түседі. Дәл қазір мәселе акцияның бұғатталуына ғана қатысты болып отыр. Яғни Қазақстан акционер ретінде шешім қабылдай алады, бірақ акцияны сата алмайды. Менің білуімше, Қазақстан акцияларды сатуды жоспарлап отырған жоқ. Бұдан шығатын қорытынды Қашаған үлесінде Қазақстан үшін ешқандай  тәуекел жоқ", – деп түйді ойын Марат Бекетаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу