"Қазақтар салқын астанасын 20 жылдан бері жылыта алмай келеді"

3997

Аbctv.kz өткен аптада елімізге қатысты шетелдік басылымдарда жарық көрген мақалаларға шолу жасап көрді.

"Қазақтар салқын астанасын 20 жылдан бері жылыта алмай келеді"

Үндістанның Андхра-Прадеш штатына арнайы мәртебе беру мәселесі үлкен саяси дауға арқау болып отыр. Осы айдың басында елдегі ең ірі аймақтық партияларының бірі – TDP лидері әрі осы штаттың бас министрі Чандрабабу Найду премьер-министр Нарендра Модиді уәдесінде тұрмады деп айыптады. Найдудың сөзінше, бұл жанжал Андхра-Прадештің мәртебесі үшін күрес басталғанда туындады.

"Тирупати қаласында сөз сөйлеп тұрып, үкімет басшысы біздің астанамыз – Амравати Делиден де асып түседі деп мәлімдеді. Және де Моди маған Қазақстан астанасы Астанаға барып, идея алып кел деп кеңес берді. Содан кейін оған не болғанын білмеймін. Орталықтың Амраватиді көркейтуге бөлгені – небары 1500 рупий. Қысқасы, сол арман арман күйінде қалды. Штатымыздың халқы болса, орталық бізді сатып кетті деп өкпелеп отыр", – дейді Чандрабабу Найду. Мұны The Times of India газеті хабарлады.

Ал, "Франс пресс" агенттігі сәуірдің 2-дегі бір мақаласын "Қазақтар салқын астанасын 20 жылдан бері жылыта алмай келеді" деген атпен жариялады. Автордың сөзінше, Астана суықтығы жағынан әлемде Моңғолия астанасы Ұланбатырдан кейінгі екінші орында тұр.

Француздық журналистің сөзінше, Астана "қызықты жерлері жоқ" деп талай рет сынға ұшырады. Бірақ, бұл қалаға олай мін тағатын заман өткен сияқты. Өйткені, соңғы кездері Қазақстанның бұрынғы және қазіргі астаналарының арасында мәдени тепе-теңдік мәселесінде ілгерілеу байқалып отыр. Мысалы, мемлекеттің өнерге салған айтарлықтай инвестициясының нәтижесінде ұлттық балет труппасы солтүстікке көшірілді. Сонымен қатар, "Франс пресстің" хабарлауынша, Астанада тіпті сәнді сыра барлары пайда болып, қаланың түнгі өмірі қызықтырақ болып келеді.

"Ылғалды әрі жылы көктем. Содан соң 200 мың киік қырылып қалды". Таяуда New York Times газетінде жарық көрген бір мақаланың тақырыбы осындай. Онда америкалық тілші 2015 жылы Қазақстанда киіктердің жаппай өлу проблемасына қайта оралып, сол оқиғаның себебіне арнайы тоқталған.

"Әдетте киіктер үшін мамыр айы жаңа өмірдің бастамасы еді. Бірақ, осыдан үш жыл бұрын Қазақстанның орталығындағы Бетпақдалада ақбөкендер үшін бәрі керісінше болып шықты.

Небары үш күнде онсызда жойылу қаупіне душар болған 220 мыңға жуық киік Британияның аумағына пара-пар сайын далада жайрап жатты: көбі –жаңа туған құралайлар және олардың енелері.

Science Advances журналының бүгін жарияланған алдын ала есебіне жүгінсек, бұл жануарлардың құпия өліміне мультацид пастерелласы себепші. Бұл инфекция киіктердің көмекей безінде зиянсыз тіршілік ете береді. Бірақ сол пастереллёз әйтеуір жануарлардің ішегіне түсіп кетіп, қанын улап, органдарын зақымдап, бірнеше сағаттың ішінде сан мың киікті мерт қылған.

Бұл бактериялардың осынша залалға айналу механизмі әзірге белгісіз. Бірақ, Лондондағы Корольдік ветеринарлық колледждің профессоры Ричард Коктың пікірінше, пастереллёздің мұндай дәрежеге жетуі аймақта күн райының дымқыл әрі жылы болуымен байланысты. Яғни, климаттың өзгеруі де осындай оқиғаларға әкеп соғуы мүмкін", – деп жазады материал авторы Стеф Уин.

"Қытайдың әлемдік арманы көршілері үшін қорқынышты". Бұл – Вашингтонда шығатын Foreign Policy (Сыртқы саясат) журналында наурыздың 12-де жарияланған көлемді материалдың тақырыбы. Авторлары – Роберт Дали мен Мэттью Роянский. Оларға жүгінсек, Бейжіңнің "Бір белдеу, бір жол бастамасы" Ресей мен Орталық Азияның есіне Қытай империализмін салып отыр.

"1904 жылы Халфорд Маккиндер Африканы, Азияны, Еуропаны, яғни, "Әлемдік аралды" билеген ел бүкіл дүниежүзін билейді деген еді. Арада 109 жыл өткенде Қытай компартиясының бас хатшысы Си Цзиньпин Астанада сөз сөйлеп тұрып, өзін – пайғамбар, ал Қытайды Афро-Еуразиялық интеграцияның локомотиві деп жариялады. Осылайша, "Бір белдеу, бір жол бастамасы" дипломатиясының дәуірі басталып кетті. Бұл 2013 жылдың қыркүйегі еді.

Сол кезде Си мырза қазақтарға осыдан 2100 жыл бұрын Қытай императорының Шығыс пен Батысты жалғайтын трансконтинентальдық Жібек жолында достық байланыс орнату мақсатында өз елшісі Чжан Цяньды Орталық Азияға екі мәрте аттандырғанын айтып берді.

Қазір Қытайдың Еуразиялық интеграцияны құру әрекеттері бүкіл әлемде қызу талқыға түсіп отыр. Демек, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ емес, Құрама Штаттар емес, "Бір белдеу, бір жол бастамасы" негізгі тақырыпқа айналды. Сондықтан, Сиді ешкім келте ойлайды деп айыптай алмас.

"Бір белдеу, бір жол бастамасы" әлемдегі жердің 57 пайызын, дүниеүзі халқының 86 пайызын, ғаламдық жалпы ішкі өнімнің 65 пайызын қамтиды. Сонымен қатар, бұл бастама осы аймақтарды инфрақұрылым арқылы экономикалық интеграцияға айналдырып жатса, тарихи жетістік болары сөзсіз. Қытай осы мақсатты жүзеге асыруға 1 триллион доллар инвестиция салуға уәде берді.

Дегенмен, "Әлемдік аралдағы" мемлекеттердің, соның ішінде өркениетімен мақтана алатын елдердің Қытай басшылығына бағына қоюы екіталай. Ал, Қазақстан географиялық тұрғыдан сол белдеудің ортасында тұр. Батыс Қытайдан Шығыс Еуропаға баратын ең тиімді жол да дәл осы Қазақстан арқылы өтеді. Және де осы жолмен Қытайдан Еуропаға қазір 14 күнде-ақ жетуге болады.

"Бір белдеу, бір жол бастамасы" Қазақстан үшін аса тартымды болар. Бірақ, қауіп неде? Қазақ үкіметі бұл жобадан келетін инвестиция мен саудадан саясат пен қауіпсіздікті аулақ ұстай алатындығына сенімді. Астана үшін бұл бастама – саяси компоненттен таза әрі тамаша бизнес қана. Алайда, Орталық Азияға инвестициясы артып келе жатқандықтан, Қытай өзіне көбірек құрмет көрсетілгенін және көбірек бағынғанын қалауы да ғажап емес", – дейді Foreign Policy тілшілері.

Ал, Венесуэланың Latin American Herald Tribune газетінің хабарлауынша, Каспий Құбыр Консорциумы (СРС) қазақ мұнайын экспорттауды күшейтіп отыр.

Басылым мәліметінше, СРС былтыр Қазақстаннан Қара теңіздегі Новороссийск портына шикі мұнайды 10,8 млн тоннаға артық жеткізіп, экспорт көлемін, 55 миллион тоннадан асырған.

Газеттің өзге бір дерегінше, Қашаған – соңғы онжылдықтарда әлемде табылған ең үлкен кеніш. Оның қойнауында 38 миллиард баррель энергетикалық шикізат жатуы мүмкін.

Айта кетсек, Каспий Құбыр Консорциумының негізгі акционерлері – Қазақстан, Ресей және Chevron, ExxonMobil, LukArco, "Роснефть-Шелл" тәрізді ірі өндірушілер.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу