"Қазком туралы" келісім заңды күшіне ие болды

2407

Нақты нәтижені уақыт көрсетеді.

"Қазком туралы" келісім заңды күшіне ие болды

Үкімет пен Қазақстан ұлттық банкі "Қазкоммерцбанк" АҚ және "Қазақстан Халық банкімен" бірлесіп  "Қазкомның" бақылау пакетін сатып алу туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Мұндай ақпаратты ҚР Ұлттық банкі мен Қазкоммерцбанктің баспасөз қызметтері жария етті.

"Келісім меморандумға сәйкес жасалды және тараптардың әрқайсысы мәмілені іске асыру шеңберінде жасайтын іс-қимылдарды заңды тұрғыдан міндеттейді" делінген баспасөз хабарламасында.

Келісімнің басты шарты ретінде мыналар аталды: "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ БТА банкінен 2,4 трлн теңге сомасында  жекелеген активтерін сатып алады, ал БТА банк оны Қазкоммерцбанктен қалған несиені жабуға жұмсайды. Яғни үкімет банк секторын жандандыруға бөлген қаражаттың түгелі Қазкоммерцбанктің қоржынына кетеді деген сөз.

"Бірқатар алдын ала талаптар орындалса, Казкоммерцбанктің Рақышев мырзаға және Самұрық-Қазына қорына тиесілі акцияларын ("Сатып алынатын акциялар") Халық банкінің кейіннен Казкоммерцбанк капиталының қажетті деңгейін қамтамасыз ету  үшін ("Үстеме капиталдандыру") Халық банкі тарапынан Казкоммерцбанкті үстеме капиталдандыру мүмкіндігімен сатып алады", - делінген үшінші тармақта.

Хабарламаның мәтінінде атап өтілгендей "капиталдандыру" мөлшері Ұлттық банк пен Халық банкінің бірлесіп өткізетін кешенді тексеру нәтижелері бойынша анықталады.

Кеңес Рақышевқа (ҚКБ-нің 70%-ын иеленеді) және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ (ҚҚБ акцияларының 10%-нан сәл жоғары) тиесілі акциялар пакетін сатып алу құны  бір пакетке 1 теңгені құрайды. Бұл ретте үкімет қаржы министрлігі және ҚР Ұлттық банкі арқылы қажетті көмек көрсетеді делінген хабарламада.

Үкімет еншілес "Проблемалық кредиттер қоры" АҚ арқылы  2,4 трлн теңгеге БТА-ның проблемалы активтерін сатып алмақшы. Үкіметтің қолдауы осы болмақ. Ал Ұлттық банк институттардың жұмысын қысқамерзімді өтімділік құралдары арқылы қолдауы мүмкін.

Айта кетсек, 31 мамырда қаржылық реттеуші ҚР ЕДБ борышын 200 млрд теңгеге ұлғайтты. Расталмаған ақпарат бойынша, бұл қаражаттың барлығы Қазкоммерцбанктің еншісіне өтіп кетуі мүмкін. Егер солай болса, банкке көрсетілген қолдау сомасы 600 млрд теңгеге дейін өседі.

Қазақстан қаржы реттеушісінің пайымынша, банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, сонымен бірге Қазкоммерцбанк пен Халық банкінің салымшылары, кредиторлары мен инвесторларының мүдделерін қорғауға деген талпыныс мәмілеге қол қоюдың алғышарты болды.

Мәміле жасалғаннан кейін екі банк те дербес қаржылық институт ретінде жұмыс істеуін жалғастырады, өз салымшылары, кредиторлары мен инвесторларының алдындағы міндеттерін атқарады деп нақты айтылды. Бұл олардың бірікпейтінін аңғартады.

15 мамыр күні ҚКБ баспасөз қызметі көп мөлшерде қосымша акция шығарғанын мәлімдеді. Осылайша  жарияланған қарапайым акциялардың саны 1,1 млрд данадан 24 млрд данаға дейін ұлғаяды. Ал оны орналастыру мерзімі, бағасы және мөлшері кейінірек анықталады деп мәлім етті ҚКБ.

Бұған дейін Bloomberg өз дерексөздеріне сілтеме жасап, Халық банк ҚКБ-ні 1 доллардан аз ақшаға сатып алып, кейін 230 млрд теңгеге дейін (шамамен 738 млн доллар) капиталдандыруы мүмкін деп болжам жасаған болатын.

Халық банкінің басшысы Үміт Шаяхметова атап өткендей, ҚҚБ-нің жаңа қағаздарының басым бөлігін сатып алуға ниетті. Ал Қазкоммерцбанктің өзге акционерлерінің үлесін, оның ішінде Нұржан Сұбханбердин  (тікелей және жанама түрде ҚҚБ акцияларының 10%-ын бақылайды) мен қалған миноритарийлердің үлесі сатып алына деген сұрақ ашық қалды.

Еске сала кетсек, биылғы жылдың наурыз айының басында тараптар ҚКБ-нің бақылау пакетін Халық банкінің сатып алу келісімінің шарттарын анықтайтын, бірақ міндетті күші жоқ көпжақты меморандумға қол қойды.

Кейінірек үкімет пен ұлттық банк 2,4 трлн теңге сомасына БТА-ның проблемалы несиесін сатып алу арқылы бұл мәмілеге қолдау көрсететінін білдірді.

Халық Банкі – Қазақстанның акивтер бойынша ірі банкі. Биылғы жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша оның активтері 5,2 трлн теңгені құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 2,8%-ға кем. Банк активтерінің шамамен 47%-ы жоғары өтімді активтерден құралған. Тілге тиек етсек, теңгенің ресми бағамы  I тоқсанда 6%-ға нығайды.

Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында банктің пайыздық табысы 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 34,3%-ға, 49,9 млрд теңгеге дейін өсті. Ал банктің таза табысы бұл кезеңде шамамен 68%-ға, 38,48 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Банктің капиталы 6,6%-ға, 710 млрд теңгеге дейін көтерілді.

Әйгерім Сүлейменова, Султан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу