"Күйдіруден" бас тартқан инвестор "Варвараның" бағын аша ма

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2621

Қазақстан мен Ресей алтын кен орындарымен алмасты.

"Күйдіруден" бас тартқан инвестор "Варвараның" бағын аша ма

Келісімге сәйкес, Қостанай облысындағы Шығыс-Тарутин кенорны – ресейлік компанияның, ал солтүстік көршіміз жеріндегі бағалы металл кенорны қазақстандық резидент компанияның меншігіне көшпек.

Нақтырақ айтсақ, бизнес ортада "Полиметалл" деген атпен белгілі "Polymetal International plc" Ресейдегі өзіне қарасты "Тарутинское" кенорнын 100%, яғни толығымен "Русская медная компания" ("РМК") иелік ететін Қазақстандағы Шығыс-Тарутин кенорнының үлкен бөлігіне айырбастау туралы мәміле бекітті.

Осылайша, келісім нәтижесінде "Полиметалл" еліміздегі Шығыс-Тарутин алтын және мыс кенорнын игеруге лицензиясы бар "Тарутинское" ЖШС-ында 85%-дық үлеске ие болады. Оның орнына орыс мыс компаниясына Ресей федерациясындағы "Тарутинское" кенорнынан алтын мен мысты өндіруге лицензиясы бар "Восточный Базис" жауапкершілігі шектеулі қоғамындағы ­100%-дық үлесін тегіс тапсырады.

Бұл сату-сатып алу мәмілесі емес, таза актив айырбасы болғандықтан, қос компания да бір-біріне қосымша бір тиын төлемейді, немесе дивиденд-сыйақы аудармайды.

Мәмілені толыққанды жабу 2018 жылдың ІІ тоқсанында көзделуде. Бұл ретте екі елдің инвесторлары да Қазақстан мен Ресей құзырлы органдарының осы алыс-беріске өз келісімдерін рәсімдеп, ұсынуын күтуде. 

Айта кетсек, кен орнын кезінде Қазақстан мен Ресей өзара бөліске салған болатын. Тиісінше, ол екі жақта да орналасқан.

Соның ішінде Ресеймен шекарадағы Қостанай облысының Қарабалық ауданы аумағында орналасқан "Шығыс-Тарутин" кенорнының лицензиялық ауданы 66,4 шаршы шақырым жерде жайылып жатыр.

Сарапшылар қазақстандық бөліктің инфрақұрылымы жақсы дамығандығын айтады. Қуатты электр желілері қолжетімді. Магистралді темір жолдар тиіп тұр. Асфальтталған ірі автожол да қасында.

Бұған дейін 18 шақырымдық аумақта "алмаспен бұрғылау"  жұмыстары жүргізіліп болыпты. Оның барланған минералдық ресурстары халықаралық инвесторлар баса назар аударатын JORC кодексі бойынша 6,4 миллион тонна руданы құрайды. Одан 68 мың тонна мыс, 354 мың унций алтын алуға болатын көрінеді.

Ал Ресейдің Челябі облысындағы "Тарутинское" кенорнының лицензиялық ауданы 1,8 шаршы шақырымды ғана алып жатыр. Оның қоры, "ГКЗ хаттамасына" сәйкес, шамамен 4,6 миллион тонна рудаға тең. Одан 63,7 мың тонна мыс және 333 мың унций алтын шығаруға болады.

"Polymetal International plc" компаниясының ресейлік тарапты тәрк етіп, бері қарай ауысуға ынтығуының бір себебі бер. Өйткені Варвара өңдеуші фабрикасы шекараның қазақстандық бөлігінде орын тепкен. Тиісінше, мәміле арқасында соның және кенорнының арасындағы логистикалық байланыс жақсарады. Осы арқылы руданы тасымалдау қашықтығы бұрынғы 150 шақырымнан 110 шақырымға дейін азаяды.  

Тағы бір тартымдысы сол, аумағы үлкен "Шығыс-Тарутин" кенорнының байлығы жоғарыдағы қормен түгесілмейді. Сондықтан, Полиметалл 2018 және 2019 жылдары онда геологиялық барлау жұмыстарын бастауды жоспарлауда. Солардың қорытындысында 2020 жылдың І жартысында JORC қорытындысы бойынша қорларын бағалауды аяқтамақ.

"Жалпы, "Polymetal International plc" компаниясы өзі үшін қазақстандық жақтағы "Шығыс-Тарутин" кенорнын әлдеқайда қолайлы, пайдалы көріп отыр. Бізге ол логистика және метал қорының ықтимал  көлемі жөнінен өте қызықты. Активтер алмасу Варвара хабын операциялық басқаруды жеңілдетеді. Оның үстіне руданы енді шекара арқылы тасып жүрмейміз, бұл шекарада біраз қиындық туғызатын. Ол кедергі біз үшін жойылғалы тұр. Сондай-ақ кенорнында ары қарай геологиялық барлау бойынша әлдеқайда зор мүмкіндіктер ашылуда", – деді осы компания тобының бас атқарушы директоры Виталий Несис.

Әрине, Полиметалл Ресейден кетпейді. Несис мырзаның айтуынша, жақында олар ресейлік инвесткомпаниядан Якутияда орналасқан Ресейдегі ең ірі "Прогноз" күміс кенорнындағы 45%-дық үлесті сатып алыпты. Бұл үлес оларға 72 миллион долларға түскен, бірақ оған қаражат бөлмеген, компанияның 6,307 миллион қарапайым акциясымен есептескен екен. Виталий Несис уақыт өте келе, дәл осы "Прогноз" әлемдегі ең ірі кенорны саналатын Дукатты басып озарына сенімді.

Ал отандық жобаға келсек, Polymetal 2018–2020 жылдары Варвара фабрикасына жыл сайын 300 мың тоннаға дейін руда жеткізіп, өңдеуді жоспарлауда. Соның арқасында жылына 4-5 мың тонна мыс шығармақ.

"Шығыс-Тарутин" Полиметалдың еліміздегі жалғыз кенорны емес. Ол бұған дейін көлемі бойынша елімізде екінші орында тұрған "Бақыршық" кенорны кіретін "Қызыл" жобасын сатып алған болатын. Сонда осы Несис мырза жобаның бұрынғы қожайындары "Turquoise Hills" әзірлеген техникалық-экономикалық негіздемесіндегі есептемелерге қарағанда, кенорнын игеру үшін әлдеқайда аз қаражат қажет болатынын мәлімдеген. Нақты сан да айтылды: 1 миллиард доллар инвестиция орнына шамамен 500 миллион ғана.   

Жобаның екі есеге арзандап кетуінің себебі қарапайым екен: егер бұрынғы иегерлері толық циклдағы (руда өндіруден Доре қорытпасын шығаруға дейінгі) кәсіпорын түзуді жоспарласа, Полиметалл тек концентрат өндірумен шектелетінін жария етті. 

"Кенорнына басты қадамымыз сол, біз күшәла-мышьяк қосындыларынан алтын суыруға тырыспаймыз. Бұл миссияны соны жасай алатындарға табыстаймыз. Мұны Қытай жасай алады", – деді журналистермен кездесуде Виталий Несис.

Рас, мұны естіп, Қазақстан үкіметі қапаланған жоқ. Өйткені ғалымдардың айтуынша, Бақыршықтың қосарлама беріктікті рудасынан алтынды толық қотарып алу үшін оны күйдіру (мамандар оны "обжиг" дейді) қажет болады. Бұрынғы қожайындар дәл солай жасамақ болған. Алайда табиғат қорғаушылардың зерттеуінше, бұл экологияға үлкен салмақ салады. Дәл осы экологиялық зияндылығы кесірінен, бүкіл әлемде "күйдіру" технологиясын қолданатын кәсіпорындар тек санаулы елде бар, соның бірі Қытай. Оның өзінде Шың елінің мұсылмандар мен қазақтар көп тұратын Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданында осындай бірнеше кәсіпорын жұмыс жасайтын көрінеді. "Қызыл" да концентратын Қытайға жөнелтеді.  

Бірден айталық, "Шығыс-Тарутин" кенорнынан алынар алтын сонша көп емес. Сондықтан ол мыс өндірісі саналады. Көп жыл дағдарған оның өндірісін осы инвестордың дөңгелентіп әкете алған-алмағанын ел үкіметіне тапсырар алдағы қаржылық есептері көрсетпек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу