"Мына жұмыстан шаршадың ба, Тамара?"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2371

Президент қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа екінші мәрте ескерту берді. Үшіншісі соңғы болуы мүмкін.

"Мына жұмыстан шаршадың ба, Тамара?"

Төртінші мұнай өңдеу зауыты қалай да керек
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің 2017 жылы атқарған жұмысын оң бағалады. Президент сыртқы факторлардың тұрақсыздығына қарамастан, былтыр экономикалық дамудың көрсеткіштері ойдағыдай қалыптасқанын атап өтті.

"Дүниежүзіндегі ахуал біршама жақсарып келеді. Ол біздің елге де оң әсерін тигізері анық. Әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай белсенді жұмыстар атқару қажет. Дамудың қарқынын үдету керек", – деді президент үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент өз сөзінде елдегі негізгі проблемаларды қаузады. Ең алдымен елімізге төртінші мұнай өңдеу зауытының қажеттілігі туралы айтты.

"Төртінші мұндай өңдеу зауытын салу туралы сөз болғанда, сіздер оның қажет еместігін айтып, дәлелдедіңіздер. Бірақ қажеттілік туындап отыр. Себебі елде жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі жиі көтеріледі. Біз проблема соңымыздан қуып жеткен кезде ғана жұмыс істеуге көшеміз. Сондықтан төртінші мұнай өңдеу зауыты бойынша шешім қабылдауды жеделдету қажет", – деді президент.

"ҚазАвтоЖол"-дың бәрі ұры боп шықты ма
Президент бұдан кейін "ҚазАвтоЖол" компаниясы төңірегіндегі мәселелерге назар аударды. Еске сала кетейік, құқық қорғау органдары аталған компанияның басшылығын қамауға алған болатын. Сондай-ақ, өңірлік филиалдардың басшылары да құқық қорғау өкілдерінің құрығына түскен еді. 

"Бұл – жақсылық емес. Бұл жағдай қаржыны тиімді игеру мен жол сапасы бойынша үлкен кемшіліктердің барын көрсетіп отыр. "ҚазАвтоЖол"-дың бәрі ұры болып шықты ма?", – деді елбасы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбекке қарата айтқан сөзінде.

Президент "ҚазАвтоЖол"-дың жұмысына жауапты инвестициялар және даму министрлігін компанияны дұрыс қадағаламағаны үшін сынады. Осы орайда, елбасы нормативтерді өзгерту қажеттілігіне тоқталды. Айтуынша, қазіргі норматив ескірген.  

"Жолдар нормативпен салынады. Сол нормативпен ақша алады. Мемлекетте ақша көбейсе, жол салушылардың тәбеттері де ашыла түседі. Министрліктің міндеті – мемлекет қаржысының жұмсалуын қадағалау. Бұл – сенің жұмысыңдағы кемшілік", – деді президент Жеңіс Қасымбекке.

11 аймақ не берді бізге
Елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. Президент олардың жұмысына да көңілі толмайтынын айтты.

"Бюджеттің қыруар қаржысы арнайы экономикалық аймақтарды құруға жұмсалуда. Қазіргі уақытта елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. Оларды құруға 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері тағы да дәл осындай аймақтар құру бойынша өтініштер беруді жалғастыруда. Алайда, аталған 11 аймақ бізге не берді? Үкімет ең алдымен соны жұмысын сараласын. Ал оған дейін ешқандай арнайы экономикалық аймақ құрылмасын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа ескерту жасады. Бұл, осымен, екінші ескерту. Елбасы үшінші ескерту соңғы болуы мүмкін екенін қадап айтты.

"Тексерушілер санын қысқартуды ескере отырып, қадағалау-тексеру қызметтеріне ауқымды ревизия жүргізуді тапсырған болатынмын. Салық органдарын оңтайландырып, қызметкерлер саны қысқартылуы керек еді. Нақтырақ айтқанда, қаржы министрлігі 600 адам қысқарту туралы айтқан болатын. Енді оларды қысқартудың орнына басқа бағыттарға ауыстыру мәселесі сөз болуда. Бұл қаншалықты тиімді", – деді президент.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, әу баста министрлік тарапынан тексерулерді 37,5%-ға қысқарту жоспарланған. Бірақ бұл жоспар артығымен орындалған. Яғни, салықтық және кедендік тексерулер 45%-ға азайған.  

"Тексерушілер басқа бағытқа ауыстырылды. Себебі қазір Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында ауқымды жұмыстар басталды. Сондықтан адамдардың бір бөлігін сонда ауыстырдық. Бұдан бөлек, тексерушілердің негізгі бөлігін экспорттық бақылауға тартудамыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің жауабына қанағаттанбаған мемлекет басшысы оған кезекті ескертуін жасады.

"Екінші ескертуімді жасаймын. Үшіншісі соңғы болуы мүмкін. Жұмысыңды атқар. Барлығын тәртіпке келтіру керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ешкіге айналған сиырлар
Сондай-ақ, елбасы мемлекеттік тұрғын үй құрылысына екінші деңгейлі банктерді тарту керекттігін жеткізді. Президенттің сөзінше, екі жылда үй салуға мемлекеттен 550 млрд теңге бөлінген. Енді бұл салаға қаржыны нарықтық тетіктерді пайдалана отырып тарту керек. Яғни, саланы банктер қаржыландыруға тиіс. Ал үкімет, Ұлттық банк, әкімдер баспана құнының арзандауы үшін жағдай жасауы қажет.

Жиында ауыл шаруашылығы мәселесіне қатысты да өткір сындар айтылды. Президенттің сөзінше, бұл салада еңбек өнімділігі  артпай отыр. Екіншіден, экспорт көлемі төмен. Елбасы осы екі мәселені негізгі бағдар етіп алу керектігін айтты.

ҚР премьер-министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, министрлік жұмысты үш бағытта жүргізуді жоспарлап отыр. Соның бірі – ет индустриясын қайтадан дамыту.

"Бұл бағытты дамытуға барлық негіз бар, іргесі қаланған. Қазір 86 репродуктор жұмыс істеп тұр. Асыл тұқымды мал басы 3 жылдың  ішінде 400 мыңнан 700 мыңға дейін өсті. 16 мың фермер осы бағытта жұмыс істеуде. Аяқ алыстары жақсы", – деді ауыл шаруашылығы министрі.

Мемлекет басшысы бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың да "құлағын шулатты".

"Мамытбеков 2016 жылы ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп, 60 мың тоннаны шетелге экспорттаймыз деп еді. Сол не болды?", – деп сұрады президент жиында Өмірзақ Шөкеевтен.

Министр биыл 15 мың тонна етті экспортқа шығару жоспарланып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ет экспортын дамыту үшін елімізге 58 мың бас асыл тұқымды ірі қара жеткізілген. Қазір асыл тұқымды зеңгібаба тұқымының саны 300 мыңға жеткен. Бұл ретте, министр елдегі жағдайды солтүстік көршімен салыстырды.

"Ресей бізден 10 есе үлкен. Онымен салыстырып қайтесің. Оданда мынаны айтшы, сатып алынған мал орнында ма? Баяғыда кеңес үкіметі тұсында да сатып алғанбыз. 10 жылдан кейін әлгі сиырлар ешкіге айналып шыға келген болатын", – деді Елбасы.

МӘМС 2019 жылы енгізіледі
Отырыста басы дардай, аяғы қылдай болған медициналық сақтандыру жайы да тілге тиек етілді. Еске сала кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізу кейінге шегерілген болатын. Мұндай қадамға барудың өзіндік себептері бар.

"Бізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге тура келді. Себебі, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек. Олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Былайша айтқанда, "көлеңкеде" жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім айналысып жатқан жоқ. Министр Дүйсеноваға да талай рет айттым. Не болды, Тамара, ал айтшы? Әлде шаршадың ба мына жұмыстан?", – деді президент еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға.

Министрдің сөзінше, Қазақстанда 2,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ екен. Олардың ішінде жұмыссыздар да бар. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың ішінде тіркеуге тұрмаған кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшылар да бар. Ендігі міндет – оларды заңдастыру.

Жоғарыда айтқанымыздай, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу 2020 жылға қалдырылған болатын. Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев аталған жүйені 2020 жылы емес, 2019 жылы іске қосуға уәде берді. Оның айтуынша, бір жыл ішінде бәрін реттеуге мүмкіндік бар.

Қор болған "Рухани жаңғыру"
Президенттің айтуынша, кейбір әкімдер "Рухани жаңғыруды" түбегейлі түсінбей, атқарған жұмыстарын осы бағдарламаға жатқызып жүр.

"Кейбір әкімдіктер күнделікті атқаратын шаруаларын "Рухани жаңғыру" аясында атқарып жатырмыз деп жариялауда. Мәселен, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, спорттық шараларды "Рухани жаңғыру"-ға жатқыза салуда. Демек, олар  "Рухани жаңғыру"-дың не екенін түсінбегені?! Түкке тұрмайтын нысандарды қасиетті орындар деп айтып, жар салуда. Оларға облыс аумағынан қасиетті орындарды табыңдар деп тапсырма берілген жоқ. Бар нәрсені ғана айтуымыз керек еді ғой", – деді  Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев қылмыстық істерге тартылған лауазымды тұлғаларға қатысты пікір білдірді. Елбасының сөзінше, соңғы екі жылда 2 200 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың арасында министрлер, барлық деңгейдегі әкімдер, ведомство басшылары бар.

"Қазір сотта ұлттық экономика министрлігінің экс-басшысына қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Шынын айтсам, Қуандық Бишімбаевқа жаным ашиды. Оны "Болашақпен" оқытып, үміт арттық. Білікті маманды даярлауға қыруар уақытты, қаржыны жұмсаймыз. Соңы осылай аяқталса, өкінішті, әрине", – деді Елбасы.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу