"Самұрық-Қазына" қаржы үнемдеудің жолын тапты

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2696

Ұлттық қор сатып алулар саласында 5 айда шамамен 1,5 млрд теңге үнемдеді.  

"Самұрық-Қазына" қаржы үнемдеудің жолын тапты

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры сатып алулардың жаңа форматын енгізген болатын. Соның нәтижесінде соңғы бес айда ұлттық қор шамамен 1,5 млрд теңге қаржы үнемдеді. Осылайша, қаржыны тиімді жұмсауға, сондай-ақ, сатып алу шараларының ашықтығын арттырып, бәсекелестікті кеңейтуге бағытталған жаңа ережелер өз нәтижесін бере бастады.

Қордың еншілес компаниялары баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алуларға шағын және орта бизнес өкілдерінің белсенді қатысуына жол ашқан болатын. Осының нәтижесінде компаниялар биылғы жылдың ақпан айынан бері сатып алуларға жоспарланған 8,2 млрд теңгенің орнына 6,7 млрд теңге жұмсаған.

Айта кетейік, биылғы сәуірден бастап 9,6 млн теңгеге дейінгі баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алулар біліктілік бойынша іріктеу шарасынан босатылған. Сонымен қатар, холдингке кіретін кооперациялар аясында жыл сайын шағын және орта бизнес өкілдері 300-350 млрд теңгеге тапсырыс ала алады. Бұл шаралар тапсырыстарды орындаушылар арасында бәсекелестікті арттырып, сатып алуларды әлдеқайда ашық әрі тиімді өткізуге негіз болмақ. 

"Биылғы жылдың ақпан айына дейін баға ұсыну арқылы өтетін сатып алулар tender.sk.kz порталында жүзеге асырылып келді. Шараға қатысушыларға тіркелу үшін құжат жинап, 5 күн жауап күтуге тура келетін. Ал www.zakup.sk.kz порталына кез келген адам электронды құжаттарды ұсыну арқылы өздігінен тіркеле алады. Бұл өзгерістер қатысушылардың санын арттырып, тіркелу шарасын біршама жеңілдетті", – деп хабарлады ұлттық қордың баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімовтің тапсырмасымен қордың сатып алу шараларын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, сатып алуларды ашық әрі қолжетімді ету мақсатында бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.

Атап айтқанда, тапсырыстарды орындаушылар үшін біліктілік бойынша алдын ала іріктеудің анкеталық сұрақтары екі есе қысқарды. Сондай-ақ, біліктілік бойынша алдын ала іріктеу шарасын регламенттеу мақсатында іріктеуден өту мерзімі 45 күннен 18 күнге дейін, шамамен 2,5 есе қысқартылды. Бұдан бөлек, тендерлерді өткізу мерзімі 65 күннен 33 күнге дейін, яғни екі есе кеміді. Баға ұсынысын сұрау арқылы өтетін сатып алуларды өткізу 21 күннен 15 күнге дейін азайды.

www.zakup.sk.kz жаңартылған электронды сатып алу порталы 2018 жылдың ақпан айында іске қосылған болатын. Осы уақыт аралығында онда 15 мыңнан астам тапсырыс беруші тіркелген.

Ұлттық қордың басшысы Ахметжан Есімов бұған дейін "Самұрық-Қазына" мемлекеттік сатып алулар саласына полиграфты пайдалануды да жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Сондай-ақ, ұлттық қорда мемлекеттік сатып алулар бойынша жұмыс істейтін мамандардың деңгейін арттыратын арнайы бағдарлама қабылданатынын да мәлімдеген еді. Бұдан бөлек, Ахметжан Есімов қор қызметкерлеріне цифрлық технологиялармен жұмыс істеуді міндеттейтінін жеткізген болатын.

"Мемлекеттік сатып алулар – қиындығы көп сала. Бұл салада сыбайлас жемқорлық белгілері де жиі байқалады. Біз қор ішіндегі мемлекеттік сатып алуларды 10 есе қысқарттық. Бұл ретте, 300 млрд теңгені бизнеске беріп отырмыз. Бизнес өкілдерінің қордың мемлекеттік сатып алуларына қатысуына мүмкіндік жасадық. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл салаға полиграфты да пайдалансақ деген ойымыз бар. Яғни, мемлекеттік сатып алулар саласындағы мамандарды қызметіне қаншалықты сай екендігін анықтайтын боламыз", – деп мәлімдеген болатын Ахметжан Есімов сәуір айының соңында өткен ХІІІ халықаралық НR конференциясында.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу