"Триллионер" банктердің активтері азайып барады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2613

Екінші деңгейлі банктердің жалпы капиталы мен таза табыстары жыл басынан бері ұлғайғанына қарамастан, активтері азайып келеді.

"Триллионер" банктердің активтері азайып барады

ҚР Ұлттық банктің берген мәліметінше, елдегі банк секторының жиынтық активтері жыл басынан бері 1,2% азайып, 2018 жылғы 1 мамырда 23 863,6 млрд теңгені құрады. Активтердің құрылымында ең көп үлесті несиелер – 51,7%, бағалы қағаздар портфелі – 20,5%, қолма-қол ақша, аффинирленген бағалы металдар мен корреспонденттік шоттар 12,0% иеленді.

Банктердің активтерінің азаюына негізінен елдегі "триллионер" банктердің кедейленуі себеп болған. Мәселен, елдегі 32 банктің 8-інің жалпы активтері триллион теңгеден асады. Соның ішінде алғашқы төрттіктегі негізгі жүйе құраушы банктер, яғни Халық банкі, Қазком банкі, Цесна банкі мен Сбербанктің активтері орташа есеппен жыл басынан бері 3-6% аралығында азайып кеткен.  Нақтырақ айтар болсақ, Халық банктің активі 173 млрд доллар жоғалтып 4,7 трлн теңгеге, Қазком 119 млрд теңге жоғалтып 3,3 трлн теңгеге, Цесна банкі 57 млрд теңге жоғалтып 2 млрд теңгеге, Сбербанк активі 92 млрд теңге жоғалтып, 1,7 млрд теңгеге теңескен. Жалпы, 32 банктің ішінде 15-інің активі азайса, қалған 17-сінде өсім бар.

Бір қызығы, банк активтері азайғанымен, олардың таза табысы мен негізгі капиталы ұлғайған. Мәселен, жыл басынан бергі төрт айда "кедейленіп" кеткен әлгі алғашқы төрттіктің Халық банктен басқа үшеуі осы уақыт аралығында капиталдарын "ортайтып" алған. Сонымен қатар, төрт ай ішінде төрттіктің ішіндегі Қазком мен Сбербанк таза табыстарын арттыра білгенін де айта кету керек.

Халық пен бизнес банктерді ақшасыз қалдырмайды
Банк секторының капиталы мен таза табысының артуына депозитке ақшаның көбірек салына бастағаны түрткі болуы ықтимал. Бас банктің мәліметінше, резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2018 жылғы сәуірдің соңында алдыңғы аймен салыстырғанда 1,4 пайыз артып, 17 054,8 млрд теңгеге жеткен. Соның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 8 905,2 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 8 149,6 млрд теңгеге дейін 1,9%-ға өсті.

Айта кетерлігі, ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 9 376,9 млрд теңгеге дейін 0,5%-ға қысқарып, шетел валютасымен 7 678,0 млрд теңгеге дейін 3,8%-ға ұлғайды. Осылайша, долларландыру жұмыстары кері кетіп, валюта нарығындағы доллар үлесі наурызбен салыстырғанда 44,0%-дан 45,0%-ға өсті.

Валюталық патриотизмнің әлсіреуіне бизнес әсер еткен. Ақшасын теңгемен жинағысы келетін халықпен салыстырғанда, заңды тұлғалар ұлттық валютадан гөрі долларға көбірек сенім артады.

Нақтырақ айтар болсақ, заңды тұлғалардың да ұлттық валютадағы депозиттері 2018 жылғы сәуірде 5 227,3 млрд теңгеге дейін 2,5%-ға қысқарды, шетел валютасымен 3 677,9 млрд теңгеге дейін 6,2%-ға өсті.

Ал жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 4 149,6  млрд теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды, шетел валютасымен 4 000  млрд теңгеге дейін 1,7%-ға (жеке тұлғалардың депозиттерінен 49,1%) өсті.

Бизнес – долларды, халық теңгені жақсы көреді

Депозит өскен сайын банктер де несиені молынан бере бастады. Банктердің экономиканы несиелеу көлемі 2018 жылғы сәуірдің соңында 12 700,7 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш наурызбен салыстырғанда 1,1% артық.

Заңды тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 8 046,1  млрд теңгеге дейін 0,7%-ға, жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі 4 654,6  млрд теңгеге дейін 1,8%-ға ұлғайды.

Ұлттық валютамен берілген несиелердің көлемі бір айда 9 485,2  млрд теңгеге дейін 0,8%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген несиелер 0,2%-ға азайды, ал жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,9%-ға ұлғайды.

Шетел валютасымен берілген несиелердің көлемі 3 215,6  млрд теңгеге дейін 1,9%-ға ұлғайды, оның ішінде заңды тұлғаларға берілген несиелер 2,1%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға берілген несиелер 1,5%-ға азайды.

Теңгемен берілген несиелердің үлес салмағы сәуірдің соңында 74,7%-ды құрады (2018 жылғы наурызда – 74,9%). Ұзақ мерзімді несиелердің көлемі бір айда 10 871,2  млрд тенгеге дейін 1,9%-ға ұлғайып, ал қысқа мерзімді несиелердің көлемі 1 829,5  млрд теңге дейін 3,5%-ға азайды.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу 2 766,2  млрд теңгеге дейін 1,8%-ға (экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемінен 21,8%) ұлғайды. Салалар бойынша бөлінген банктердің экономикаға берген несиелерінің ең қомақты сомасы сауда (жалпы көлемдегі үлесі – 15,3%), өнеркәсіп (15%), құрылыс (6,9%), ауыл шаруашылығы (5%) және көлік (4,4%) сияқты салаларға тиесілі.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу