"Түрмеде қиын болғанын дәлелдеңіз"

3779

Жазықсыз 3,5 жыл түрмеде отырғаны үшін өтемақы талап еткен қарағандылыққа сотта осындай талап қойылды.

"Түрмеде қиын болғанын дәлелдеңіз"

Қарағандылық Михаил Ешуткин кәсіпкерлердің бухгалтерлік құжаттарын ретке келтірумен қоса салықтық есеп беруді жасау қызметін көрсетумен шұғылданған. Осындай қызмет көрсетіп, кәсібін дөңгелетіп жүргенде, 2013 жылы оған жалған кәсіпкерлікпен айналысты, бизнес өкілдеріне салықтан жалтаруға көмектесіп, қазынаға 27 миллиард теңгенің түсуіне кедергі келтірді деген айып тағылған. Осылайша Михаил Ешуткин 6 жылға сотталып кете барады. Алайда бірнеше сот сатысына шағымданған қарағандылықты тек үш жарым жылдан соң ғана Жоғарғы сот ақтап шығады.

"Мен тек кәсіпкерлер ұсынған құжаттарға сай салықтық есепті дайындап беріп отырдым. Заңнан аттаған емеспін", – дейді Михаил Ешуткин.

Өзінің кінәсіз екенін дәлелдеу үшін қанша  күш-жігерін сарп етіп, ақыры қапастан босап шыққан Михаил Ешуткин биылғы жылы мемлекеттік органдардан мүліктік және моралдық шығынды өндіріп алу үшін сотқа арыз берген.

"Жазықсыз жапа шегіп, темір тордың арғы жағында уақытымды, ең бастысы, денсаулығымды жоғалтқаным үшін қазынадан 30 млн теңге төленуі қажет", – дейді қарағандылық азамат.

Алайда Қазыбек би аудандық соты Михаил Ешуткинге 2 млн теңге моральдық шығын төленсін деген шешім шығарған. Бұл шешіммен келіспеген қарағандылық  аппеляциялық сот сатысына арызданған. Төрт айға созылған соттың соңында облыстық соттың аппеляциялық сот сатысы аудандық соттың шешімін өзгертті. Енді республикалық бюджеттен Михаил Ешуткинге 7 млн  42 мың теңге мүліктік шығын төленетін болды. Оның ішінде жазықсыз сотталған азаматтың жалақысы, заңсыз сот үкімімен тәркіленген мүлікпен  моралдық шығын және заңгерлік көмекпен, адвокаттық қызмет үшін төленген қаражаттары есептелген. Михаил Ешуткиннің адвокаты аппеляциялық соттың шешіміне көңілінің аса тола қоймағанын жасырмады.

"Келтірілген шығын бойынша бұрынғы сот шешімі сол күйінде қалды. Тек олар адвокаттың заңгерлік қөмек көрсеткені үшін гонорарын қосты, бірақ осыған қарамастан сот шешімін өзгертіп, моральдық шығынды аудандық сот кескен 2 млн теңгеден 1 млн теңгеге дейін қысқартты. Сондай-ақ адвокаттың қызметін алдыңғы сот 500 мың теңге деп кессе бұлар екі жүз мың теңге деп көрсетіп отыр", – дейді адвокат Игорь Кирьянов.

Михаил Ешуткиннің адвокаты тергеу жұмыстарының дұрыс жүрмеуі мен сотта кеткен қателіктің салдарынан бір адамның тағдыры талқандалып, өмірі өксіді дейді. Басы дауға қалған қарағандылық үш жарым жыл бойы өзінің кінәсіз екенін дәлелдеумен алысқан.

"Сот барысында Михаил Ешуткинге "сізге түрмеде қиын болғанын дәлелдеңіз" деген қызық сұрақ қойылды. Мемлекет тарапынан тегін заңгерлік қызмет көрсетілетін еді не себепті адвокат жалдадыңыз дейді. Егер ол адвокат жалдамаса, сот үкімімен алты жылға дейін түрмеде отыратын еді ғой", – дейді Игорь Кирьянов.

Қазіргі уақытта Михаил Ешуткин темір тордың әр жағында сыр берген денсаулығын қалпына келтіріп, отбасымен бірге тірлік кешіп келе жатқанына шүкіршілік етеді.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу