"Ұшқыш ми" орбиталық станцияға аттанды

3938

Ғарышқа алғаш рет астронавтарға серік болатын, көмектесетін робот ұшырылды.

"Ұшқыш ми" орбиталық станцияға аттанды

"Ұшқыш ми" Халықаралық ғарыш станциясына жұма күні АҚШ-тың Флорида штатындағы Канаверал мүйісінен аттанды. Оны орбиталық бекетке SpaceX компаниясының Dragon кемесі жеткізеді. Ақ түсті домалақ робот жалғыз емес – станцияда оның германиялық астронавт досы бар.

Старттан кейін 10 минут өткенде, Dragon капсуласы Falcon 9 ракетасының екінші сатысынан сәтті ажырады. Жоспар бойынша, ғарыш кемесі діттеген жеріне шілденің 2-де жетуі керек. Оның бортына станцияның роботталған шынтағына жалғайтын қосымша қол, өсімдіктер бойындағы стресті өлшейтін құрал және ракты емдеу туралы жаңа зерттеу материалдары тиелген.

Бұған дейін Илон Масктің аэроғарыштық SpaceX  компаниясы НАСА-мен 1,6  миллиард доллардың келісім шартына қол қойды. Сол құжатқа сәйкес, Dragon Халықаралық ғарыш станциясына осымен 15-ші рет жүк әкетіп отыр. Бұл жолы оған 2700 келі зат тиелген.

Тарихи тәжірибе
Солардың ішінде көлемі баскетбол добындай CIMON (Экипаждың интерактивтік-мобильдік серігі) деген роботтың орны ерекше. Airbus компаниясының микрогравитация жөніндегі маманы Манфред Яоманн бұл аппаратты "ұшқыш ми" деп атады. Ал, Германия аэроғарыш орталығы CIMON жобасының менеджері Кристиан Карраш бейсенбі күні НАСА-да өткен брифингте мәлімдегендей, бұл роботтың ғарышқа жіберілуі - тарихи тәжірибе. Себебі, орбитаға адамдармен байланыс орната алатын  робот алғаш рет аттанған.  

CIMON аппараты Еуропа ғарыш агенттігінің 42 жастағы геофизигі  Александр Герстің даусы мен жүзін жаңылмай таниды. Өйткені, сол адамға арнайы үйретілген. Мысалы, Герс шақырғанда, CIMON ол жерді адаспай тауып барады. 

CIMON астронавтың көз деңгейінде қалықтап жүріп, камерасымен өзінің алдында тұрған адамның Герст пе, әлде басқа ма екенін анықтай алады. Сонымен қатар, ол эмоциясын да көрсетуге қабілетті.

"Франс пресстің" мәліметінше, бұл робот энергияны он шақты пропеллерден алады. Ал, бұл пропеллерлер CIMON-ның  ғарыштық зертханадағы "Колумбус" модуліне соғылып қалмауына көмектеседі.

IBM компаниясының өкілі Брет Гринштейннің сөзінше, CIMON ағылшын тілінде жұмыс істеп, тіпті "қожайнының" айтқандарын жақсы түсінеді. Бірақ, Герстпен ғана қызметтес болуды тамаша меңгерсе де, CIMON ғарыш станциясындағы 6 астронавтпен де тілдесе алады. Өйткені, олар да ағылшынша сөйлейді.

Уақыт үнемдеуге көмектеседі
Флоридадағы ұшырылымның өзге бір мақсаты – технологиялық жетістіктерді әлемге паш ету. Ал, CIMON роботы ғарышта Александр Герстке әртүрлі ғылыми процедураларда жетекшілік етіп, қажет болған жағдайда, оған фотосуреттер мен видеолар көрсете алады. Ал, ғарышкер оған сұрақ қойып отырады.

CIMON-ның арқасында микрофон, алдында камера орнатылған. Сонымен қатар, онда екі батарея мен "офлайн" нүктесі бар. Роботты "офлайн" режиміне көшіргенде, Герстің артық сөздері Жердегі  IBM серверге кетіп қалмайды.

"Біз CIMON-ның көмегімен астронавттардың тиімділігін арттыруға талаптанып жатырмыз. Ғарыш станциясының Еуропалық модулінде үш ғылыми тәжірибе жүргізу жоспарланып отыр. Олар өте күрделі. Осындай кезде қолы бос серік керек. Қазір алға қойған негізгі мақсатымыз – орбиталық бекетте өз міндеттерін атқарып жатқан астронавттардың уақытын үнемдеу. Себебі, Халықаралық ғарыш станциясында уақыттың қадірі өте жоғары, өте қымбат", - дейді IBM компаниясының чип жасаушы инженері Мэттиас Биниок "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында.

Оның сөзінше, CIMON-ның коцепциясын жасауға 1940-шы жылдары экранға шыққан ғылыми-фантастикалық комикс шабыт берді. Сол картинада профессор Симон деген робот болады, пошымы ми тәрізді. Ол да "Болашақтың капитаны" есімді астронавтқа космоста жөн сілтеп отырған. Сонымен қатар, CIMON-ды режиссер Стэнли Кубриктің "2001: Ғарыштық одиссея" фильміндегі HAL деген ақылды компьютермен де теңестіруге болады.

Германиялық инженер Филипп Шулианның ойынша, космонавттардың мүмкіндіктерін роботтардың көмегімен кеңейту болашақта ғарышты барлауға, 2020 жылы Марсты зерттеуге аса қажет болады.   

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу