​Еуразиялық одақ аясында ортақ валютаны сынап көруді ұсынды

2237

Оны ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер әзірге тек "электронды төлем құралы" ретінде пайдаланбақ.

​Еуразиялық одақ аясында ортақ валютаны сынап көруді ұсынды

Бұл туралы Ресей қаржы министрлігіне сілтеме жасап, ресейлік ақпарат құралдары жарыса хабарлауда.

Рас бұл жерде нақтылай кетер жайт бар: ол валютаны Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения халықтарының пайдалануы талап етілмейді, тек үкіметтер арасында жүреді деп күтілуде.

Дәлірек айтқанда, ортақ валютаны ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер тек өзара саудада "электронды төлем құралы" ретінде пайдаланбақшы. Дегенмен, осы орайда сарапшылар кезінде Еуропалық одақ та осы қадамнан бастағанын, ал қазір бұрынғы ұлттық валюталары орнына ортақ "еуроны" қолданатынын еске салады.

Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасында, "трансшекаралық есеп айырысулар жүйесінде" ортақ валютаны ендіру туралы ұсынысқа ресейлік "Ұлттық төлем кеңесі" бастамашы болыпты. Идеяны РФ қаржы министрлігі қолдаған. Мұны журналистерге түсініктеме берген Ресей қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев растап отыр.

Оның айтуынша, ЕАЭО аумағында бірыңғай электронды ақша қолдану "санкциялар қатері төнген қазіргі жағдайда өзара есеп айырысуларды жеңілдету үшін қажет" көрінеді.

Тұжырымдамалық түрде алғанда, бұл валюта кезіндегі "еуропалық ЕКЮ"-ге ұқсас болмақ. Еске сала кетсек, "ECU" (European currency unit) сонау 1979–1998 жылдар аралығында еуропалық одаққа мүше елдер пайдаланған валюта болып табылады. Кейін оны қағаз банкнот және металл шақа түріндегі ортақ "еуро" ауыстырды. 

Еуразиялық ортақ валютаның нақты атауы әзірге белгісіз, оны Ресей өз бетінше ойлап тауып, бәріне таңа алмайды: одақтастардың ұсыныстары алынып, ортақ талқылау жүруі шарт болса керек.

Алексей Моисеев бұл валюта еуропалық ЕКЮ-ден өзгешеленетінін ескертті: басты даралығы сол, "ЕАЭО ақша бірлігі ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы өзара есептесу операцияларында қолданумен ғана шектеледі және дәстүрлі  ақша түріне айналмайды".

Тиісінше, бес елдің ортақ валютасы тек қана электронды түрде болады деп тұспалдануда.

"Оны пайдалануды мемлекетаралық сауда аясындағы клиринг (өзара есептесулер) операцияларымен шектеу ұсынылуда. Бұл валюта дәстүрлі "фиаттық ақша" түріне айналмайды. Еуразиялық одаққа кіретін елдердің бір-біріне жеткізген тауар үшін төлем бойынша өзара міндеттемелері осы жаңа төлем құралына көшіріледі. Бұл ретте клиринг қорытындысында есепшоттарда қалған қалдықтарды нақты ақшаға қайта көшіруге мүмкіндік болады", – дейді "Ұлттық төлем кеңесінің" басқарма төрағасы Алма Обаева.

Алма Сәкенқызының түсіндіруінше, ортақ валютаның бағамы мүше елдердің ұлттық ақшаларының бір-біріне қатысты бағамына тәуелді болатын көрінеді (мәселен, 1 рубль 5,6 теңгеге тең, демек, жаңа валюта Ресейге арзаныраққа түсуі ықтимал). Сондай-ақ оның бағамына әр мемлекеттің одақтың жиынтықты сауда айналымындағы үлесіне де байланысты болмақ.

Алма Обаева бұл мәселе мемлекетаралық талқылауға әзірге шығарылмағанын білдірді. Бірақ бірқатар банктер мен корпорациялар қызығушылық танытыпты. Дегенмен, Кремль бұл істі ілгерілетуге күш салатын сияқты.

"Бұл идея жақсы, ол бойынша мұқият жұмыс жасау керек. Бұл сыртқы санкциялар қауіп төндірген жағдайда есептесулерді жеңілдету үшін қажет. Сондықтан қаржы министрлігі бұл бастаманы жүзеге асырудың мүмкін нұсқаларын пысықтаумен шұғылданады", – дейді РФ қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев.

Бұл бастама туралы құлағдар екенін сондай-ақ Ресей мемдумасының жауапты өкілдері де растаған және РФ парламенті төменгі палатасының қаржылық нарық комитетінің басшысы Анатолий Аксаков "бастамаға жан-жақты қолдау білдіретіндерін" мәлімдеді.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бұл негізінен, тек Ресейге керек болып отыр: АҚШ санкциясы күшейген сайын солтүстік көршіміз өзінің өзге елдермен сауда операцияларын Американың федералдық резервтік жүйесінің ықпалы мен бақылауынан шығарып әкетуге жанталасуда. Ал ол үшін, сарапшы Сергей Хестановтың айтуынша, доллармен есептесуден кету шарт.

"Ендеше ортақ валюта – осы мақсатқа қызмет ететін құрал сыналатын, тестілеуден өткізілетін "сынақ алаңына" айналуы ғажап емес. Егер сынақ өзін ақтаса, ары қарай дәстүрлі ортақ валютаны енгізу ілгерілетілуі әбден мүмкін", – дейді ол.

Қазақстан үкіметінің мүшелері әзірге бұл бастамаға өз түсініктемелерін берген жоқ. Осының алдында тек ұлттық экономика министрлігі ғана ЕАЭО көлеміндегі "дәстүрлі ортақ валютаға" деген қажеттіліктің жоқтығын мәлім етті.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу