​"Қазақстан – ислам қаржы индустриясындағы маңызды ойыншы"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
1880

Ислам даму банкі тобы 1995 жылдан бері біздің елге 2,4 млрд АҚШ доллары көлемінде қаржы бағыттаған.

​"Қазақстан – ислам қаржы индустриясындағы маңызды ойыншы"

Ислам даму банкі тобының президенті Бандар Хаджардың айтуынша, Қазақстан жаһандық ислам қаржы инсдустриясындағы маңызды ойыншылардың бірі. Оның сөзінше, Қазақстан өз ішінде исламдық қаржыландыруды табысты нарыққа айналдыра алады. Бұдан бөлек, Орталық Азия өңірінің исламдық қаржыландыру хабы ретінде танылатын мүмкіндігі бар.

"Қазір әлемде исламдық қаржыландыру айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Нақтырақ айтсақ, исламдық қаржыландыру көлемі 2,2 трлн долларды құрады. Сондықтан, оның Қазақстанда, жалпы Орталық Азия өңірінде дамитындай жөні бар. Исламдық қаржыландыру ұзақ мерзімді тұрақты инвестиция ретінде жаһандық экономикада маңызды рөлге ие боларына сенімдемін", – деді Бандар Хаджар Astana Finance Days форумында.

Оның айтуынша, Қазақстан 1995 жылы  Ислам даму банкі тобына мүше ретінде тіркелді. Содан бері топ Қазақстанның даму саясатын мейлінше қолдап келеді. Мәселен, 1995 жылдан бері Ислам даму банкі тобы Қазақстанға 2,4 млрд АҚШ долларын бағыттаған екен. Бұл ретте, агроөнеркәсіп, көлік және қаржы салалары қаржыландырылған. Нақтырақ айтсақ, осы уақытқа дейін бөлінген қаржының 40%-ы агроөнеркәсіп секторына, 38%-ы көлікке және 25%-ы қаржы саласына бағытталған.

Бандар Хаджардың сөзінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығының іске қосылуы исламдық қаржыландыруға тың серпін бермек.

Ал Astana Finance Days форумына қатысқан Бүкіләлемдік банк тобының аға вице-президенті Сандра Нгози Окоро Хопкинстің сөзінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығының жұмысында әйелдердің рөлі маңызды болмақ.

"Меніңше, қаржы орталығын дамытуда әйелдердің рөлі маңызды болмақ. Өйткені, кез келген елдің тұрғындарының 50%-ын әйелдер құрайды. Сондықтан, кез келген қаржы институтының дамуы, жалпы кез келген мемлекет пен қоғамның табысты болуы дәл осы әйелдерге байланысты", – деді форумда сөз алған Бүкіләлемдік банк тобының аға вице-президенті.

Оның пікірінше, АХҚО-ның ашылуы – Қазақстан үшін айтулы оқиға. Орталық Азия өңірінде ірі қаржылық хаб құру үшін Қазақстанда қажетті инновацияның бәрі бар.

"Қаржы орталығын дамытудағы маңызды бағыттың бірі – заңның үстемдігі. Ашық және әділ заңдық нормалар қаржы орталығының қатысушылары үшін үлкен басымдыққа ие. Сонымен қатар, мемлекеттік сектордың рөлі ауқымды болмақ. Қаржы орталығын табысты етудің тағы бір жолы – дауларды шешу тетігінің мінсіздігі", – деді ол.

Ресей Сбербанкінің президенті және басқарма төрағасы Герман Грефтің пікірінше, "Астана" халықаралық қаржы орталығы – ТМД аумағындағы ең өршіл және батылдықпен қолға алынған жобалардың бірі.

"Қазір Қазақстанда цифрландыру бағдарламасы қолға алынды. Меніңше, АХҚО-ның табысты жұмыс істеуіне бұл бағдарламаның берері көп болмақ. Осы орайда, Ресей Сбербанкінің киберқауіпсіздікпен айналысатын BI.Zone атты еншілес компаниясы АХҚО-дан өзінің жеке офисін ашуға дайын екенін жеткізгім келеді. Инвесторлар үшін барлық алғышарттар мен талаптарды зерделеу нәтижесінде осындай шешім шығарылды. Бүгінде компания АХҚО аумағындағы алғашқы қадамдарын жасауда", – деді Герман Греф.

Еске сала кетейік, BI.Zone бұған дейін де қазақстандық компаниялармен жұмыс істеген болатын. Әсіресе, "Қазақтелеком" компаниясымен бірлесе жұмыс істегенін жақсы білеміз.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу