Әбілязов мұнай мәселесі арқылы айласын асыруды көздеп отыр 1-бөлім

Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібінің дамуына қатысты өз пікірімен бөліскім келіп отыр, өйткені биыл бұл салаға 120 жыл толды. 

Әбілязов мұнай мәселесі арқылы айласын асыруды көздеп отыр  1-бөлім

Бұл тақырып өте ауқымды, сондықтан #Қазмұнай туралы бірнеше мақала жарияланады. Халық арасында "Біз Дубайға қарағанда мұнайды көбірек өндіреміз" деген ойлар бар.

Наразылыққа толы осындай пікірді көп еститіндердің қатарында мен де бармын. Мұны халық арасына жайып жүрген Мұхтар Әбілязов. Тіпті бұл тұжырымды кейбір танымал қазақстандық экономистер де өз сөздерінде айтып жүр. Осы орайда елдегі жағдайды тұрақсыздандырып жүрген адамның, яғни Мұхтар Әбілязовтың бұл тұжырымдарының дұрыс еместігін түсіндіргім келеді.

Дубай әлде Абу-даби ма?

БАӘ-нің астанасы Абу-Даби қаласы екенін бәрі біледі, алайда нақты мұнай эмиратының Дубай емес, ел астанасы екенін бәрі біле бермейді.

British Petroleum Statistical Review of World Energy дерегі бойынша, Біріккен Араб Әмірлігі 2018 жылы күніне 3,94 млн баррель мұнай өндірген. Оның 85%-ы Абу-Даби қаласының, ал 10 %-ы  Дубайдың үлесіне тиесілі. Ал Қазақстан 2018 жылы тәулігіне орташа есеппен алғанда 1,93 млн баррель шикізат өндіріпті. Сауатсыз аналитиктер мен Әбілязов осы мәліметті бұрмалап, халыққа жалған ақпарат таратып жүр.

Ия, Қазақстан Дубайға қарағанда қара алтынды көбірек өндіреді. Бірақ жалпы елдегі өндіріс көлемімен салыстырғанда Дубайдың үлесі әлдеқайда аз.

Сонымен қатар Атырау Дубайға қарағанда шикізатты артығырақ өндіреді деген ақпарат бар. Ия, бұл да рас. Атырау облысының үлесіне Қазақстандағы барлық мұнай мен газ конденсаты өндірісінің 45%-ы тиесілі.

Айта кететін жайт, Әбілязовтың осы жайында айтқан видеосын Youtube желісінде 200 мың адам қараған, кейбіреулерінің қаралымы 1 миллионнан асып кеткен. Ешкім де оның халықты алдап жатқанын түсіндіріп жатқан жоқ, оның терминдері мен уәделері – бос сандырақ қана. Қазақстан Президентінің бұрынғы кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың бұл мәселені көтеруі қуантады.

Дубай деңгейіне Қазақстан бір күнде жете алмайды. Оны Әбілязовтың өзі де түсініп отыр. Оның айтуынша, Дубайдың қазіргі деңгейіне жету үшін 15 жылдай уақыт қажет. Яғни нәтижеге шапшаң қол жеткізуге болмайтынын олигарх мойындап отыр.

Эмираттар мен Дубайдың құрылысы бір жыл емес, бірнеше жыл бойы жүргізілгенін білеміз. Әрине, ондағы негізгі фактор – мұнай. 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Қазақстанда 1,54 млрд тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілген. 1990 жылдан бергі өндірісінің бір жылғы көлемі 25 млн тоннадан 91 млн тоннаға дейін өскенін айта кету керек.

Ал Эмираттарда ше? 6 эмират бірігіп тәуелсіз мемлекет құратыны туралы 1971 жылы жариялаған болатын (жетіншісі 1972 жылы қосылды). Осы уақыт ішінде өндіріс көлемі  5,31 миллиард тоннадан асты!

Демек, БАӘ-ге жету үшін біз 3,77 млрд тонна мұнай өндіруіміз керек немесе қазіргі қарқынмен әлі де 42 жылдай шикізат өндіру қажет.

Жыл сайын қалаларымыздың көркейіп жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Даму бар, әрине. Яғни эмираттардың қалаларымен деңгейлес болу үшін айтылғандай 15 жыл емес, 42 жыл керек. Егер де экономика тұрғысынан алатын болсақ, Әбілязов адамдарды алдап жүр.

3 қала және 10 млн адам

Дубай қаласында шамамен 3 млн адам, ал Атырау облысында небәрі 600 мың адам тұрады. Бәрін рет-ретімен түсіндірейін. БАӘ-де 2 негізгі қала және тағы бір шағын шаһар бар. Қалған эмираттардың экономикалық жағдайы орташа. Елдегі халық саны шамамен 10 млн адам. Олардың артықшылығы неде? Өйткені халық саны ұзақ уақыт бойы аз болған, тек соңғы уақытта ғана өсіп келеді. 3 қаланы дамыту мен аумағы бойынша әлемде 9-орындағы елге инвестиция тарту – мүлдем екі бөлек нәрсе. 80-ші жылдары БАӘ-де 1 млн адам, ал 90-шы жылдары 2,2 млн адам болды. Егер салыстырсақ, қордағы өндіріс көлемінің әр азаматқа шаққандағы көрсеткіші бойынша салыстыру керек.

Географиялық және климат ерекшеліктерін ескермей, қос елді мұнай өндірісінің деңгейі, халық саны бойынша салыстыру кәсібилікке жатпайды.

Сонымен қатар, ЖІӨ немесе жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің номиналды көрсеткіштерінен басқа объективті көрсеткіштер бар. Мысалы, ЖІӨ-нің  сатып алу қабілеті паритетіне қатысты көрсеткіші: ол бойынша, БАӘ-де жылына 1 адамға 69,8 мың доллар, Қазақстанда - 27,5 мың доллар деп есептеледі. Қарапайым тілмен айтқанда, Қазақстанда тауар қымбат емес деуге негіз бар. Өйткені Дубайда сиыр етінің бір килограмы 12 мың теңгеге дейін жетеді.

Әбілязов мұнай саласын мемлекет меншігіне аударуға шақырып жатыр ма?

Сарапшылар мен мұнай саласы мамандарының айтуынша, 90 млн тонналық өндіріліп жатқан мұнайдың небәрі 26 %-ы ғана "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына тиесілі. Расымен де, Теңіз, Қарашығанақ және Қашағандағы шикізаттың көп бөлігін шетелдік консорциумдар өндіріп жатыр. Яғни БАӘ-ге жету үшін 42 жыл емес, одан да көп уақыт керек. Әлде бүкіл саланы мемлекет меншігіне ауыстыру қажет пе?

Қысқа дерек. 1971 жылы БАӘ-де ADNOC  деп аталатын Ұлттық Мұнай компаниясы құрылды. 2018 жылы бұл компания тәулігіне 3,5 млн баррель мұнай өндірген. Оның 89 %-ы мемлекетке тиесілі. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 26% екенін ұмытпау керек.

Сонымен бұл жағдайда қылмыскер Әбілязов не ұсынады? Барлық инвесторға нарықтық бағаны төлеу ме? Бұл ондаған миллиард доллар ғой. Бұл соманы қайдан алуға болады?

Мәжбүрлі түрде мемлекет меншігіне ауыстыруды жүргізу керек пе? Бірақ одан кейін шетелдік соттарда көптеген жылға созылатын сот процестері басталады, одан ел ұтылады. Айтпақшы, қазіргі әлемдік тарихта осындай жолды таңдаған барлық ел әлі де қысымға түсуде. Қатарында Иран, Венесуэла, Ливия және басқа да елдер бар. Әбілязов "эфирге" дұрыс дайындалмаған, ол экономика мен тарихты білмейтіндей әсер қалдырды.

Айтпақшы, қазір Әбілязов Еуропада, ондағы өндірілетін мұнайдың көп бөлігі америкалық және еуропалық компанияларға тиесілі. Мұхтар Қабылұлы не айтып жүргенін өзі түсінбейтін сияқты. Түптеп келгенде еуропалық компаниялар мен соттар оған қарсы шығуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол Қазақстан билігінен қайда барып жасырынбақ?

Мұнай саласына қатысты сұрағы барлар осы материалды оқу керек

Жалпы Қазақстан мұнайына қатысты материалдардың алғашқы бөлігін дәл осылай бастауға шешім қабылдауыма  ақпараттық саясаттағы кемшіліктер түрткі болды.

Сіз автобустарда немесе таксилерде наразы адамдардан "бұл мұнайдан ешқандай пайда көріп отырған жоқпын", "мұнайдың ақшасы қайда?", "біз Әмірліктердегідей шейх сияқты өмір сүруіміз керек", "ҚазМұнайГаз ештеңе істемейді" деген сияқты пікірлерді естіген шығарсыз. Көп адам осындай пікірде? Неліктен?

Өйткені бізде жаңа жобалар, өндіріс және тағы басқа салалар туралы көп айтылады. Алайда мұнай және оның экономикадағы рөлі туралы айтыла бермейді. Біздегі мұнай-газ саласына биыл 120 жыл толды. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Бұл туралы халыққа айтып отыру керек.

Мұнай мен газ дегеніміз не? Бұл – біздің экспортымыздың 70%-ы, бұл Ұлттық қорға түсетін қаражаттың 99%-ы . "Теңізшевройл" барлық салық түсімдерінің шамамен 20% -ын мемлекеттік бюджетке төлейді, мұнай саласы барлық салық түсімінің 50% -дан астамын бөледі, мұнай өндіру өнеркәсібі басқа өнеркәсіптерге қарағанда көбірек салық төлейді.

Бұл нені білдіреді? Бюджетіміздегі әр 10 теңгенің 7-ші теңгесі мұнай мен газдан түсетін кірістер. Бірақ оны көріп жатқан ешкім жоқ. Жаңа жол, жаңа мектеп, жаңа балабақшаларды көріп жүрсіз бе? Оларға кеткен қаражаттың 70%-ы  мұнай және газ саласынан келіп отыр. Бұл туралы айтылып та жатқан жоқ. Осындай олқылықтарды Әбілязов сияқтылар өз пайдасына шешіп жүр. Осы салаға қатысты сұрағы барлар осы материалды оқыса екен деймін.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу