Қосшағылдағы бұл мектеп-интернаттың күрделі жөндеуі былтыр қараша айында аяқталуы тиіс еді. Оған қазынадан 548 млн теңге бөлінді. Мердігер жұмыстың 30 пайызын ғана аяқтап, орта жолда қалдырыпты. Нысанның қалған бөлігі әлі жайрап жатыр.
"Бұл мектеп бітпейді.Жұмысы баяу жүріп жатыр. Ішіндегі өзбектері үй жағалап есік терезе салып жүр. Келіп жатқан материалдарды сатып жатыр деп, жиналыста шырылдап тұрып айттым. 45 терезе, 5 есік салынған жоқ әлі", дейді Қосшағыл ауылының тұрғыны Гүлжан Мағрұпқызы.
Ауылдағы 900-ге тарта оқушы 320 балаға шақталған бастауыш мектеп ғимаратында білім алуда. Мұнда күніне 4 сабақ қана өтеді. Кабинет жетіспеушілігінен қалған пәндер онлайн форматқа ауыстырылған.
"Онлайннан білім ала алмайды бала. Көбі айтады ғой ізденіп, алуға болады деп, ол барлық бала ізденімпаз деп айта алмаймын. Балаларға толыққанды сабақ өтсе дейміз ғой", дейді мектеп мұғалімі Сұлушаш Назарова.
Шымкентте тіркелген құрылыс компаниясы Қосшағылдағы мектептен бөлек, қалада да екі білім мекемесінің жөндеуін қолға алған. Ол екеуінде де қазір жұмыс тоқтап тұр. Бұл нысанға бюджеттен 413 млн теңгеден астам ақша бөлінген. Қазір ашық-шашық, қараусыз жатыр.
Жауапкершілікті мойнына алған компания үстінен бірнеше мәрте іс қозғалған. Соңғы шешімін сот айтады.
"Сот аяқталмай әрине ол жұмыс өзінің жалғасын таппайды. Шартты бұзып, жаңадан істеу үшін, жаңадан процесстер керек болады. Ол уақыт алады", дейді Облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасова.
Күрделі жөндеуі аяқталмай қалған үш ғимараттағы жұмыс жақын арада аяқталмайтын сыңайлы. Себебі соттың қай уақытқа дейін созылатыны белгісіз. Айта кетейік, одан өзге облыстағы 8 білім мекемесіне қайта жаңғырту қажет. Оған қазынадан 4 млрд 271 млн теңге қаралған.
Қымбат Даирқызы