Талдықорған қаласындағы "Талдықорған" ипподромында 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық жарыс өтті.
Жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Амандық Баталов: "9 мамыр – Жеңіс күні – бүгінгі және келер ұрпақ мақтаныш ететін, мәңгі өшпейтін қастерлі мереке. Бұл күн – біздің аталарымыз бен әкелеріміздің қаһармандық ерлігінің, тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегінің жемісі. Жеңімпаз ұрпақтың алдында бізге бейбіт өмір сыйлағаны үшін басымызды иеміз", – дей келе, мерекеге орай бірқатар шара өткізілгенін тілге тиек етті. Солардың қатарында ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс ұйымдастырылып отырғанын айта келе: "Ат шаппайды, бап шабады", – деп жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар сәйгүлігіне үміт артып келген барлық атбегі мен шабандозға жеңіс тіледі.
Жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен жүзден астам жүйрік қатысты. Бағдарлама бойынша тай жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, жорға ат жарысы және 21 шақырымға аламан бәйге ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қыз қуу, теңге ілу, көкпар тарту ойындарын да көрермен ризашылықпен тамашалады.
Аламан бәйгенің 1-орын жүлдегеріне 1,5 млн теңге ақшалай сыйлық тігілді. Жалпы жарыстың жүлде қоры – 8 млн теңге.