Бархан құмның бауырындағы Ақбасты ауыз сумен қамтылмақ

3373

Өңірді дамыту үшін 100 миллиард теңгенің 79 жобасына қолдау көрсетіледі.

Бархан құмның бауырындағы Ақбасты ауыз сумен қамтылмақ

Арал ауданындағы шалғай ауылдың бірі Ақбастыда ауыз су құбыры іске қосылатын болды.

500-ге жуық адамы бар Құланды ауылдық округінің орталығы Ақбастыда 70-тен аса отбасы тұрады. Онда жаңа мектеп, клуб, фельдшерлік пункт бар. Бірақ, ауыз судың мәселесі мәз емес. Тұрғындар мұнда құдық суын тұтынады. Оның өзін ауыл іргесінен су тасығыш көлікпен жеткізеді. Сондықтан жергілікті халықтың тіршілік нәріне деген меселі бірнеше жылдан бері қозғалып келеді.

Енді жақын уақытта ақбастылықтардың арманы орындалмақ. Бүгінде су құбырын салу үшін құжаттар дайын болған.

""Алаш Дизайн" ЖШС жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаумен айналысты. Ақбастыға су құбыры құрылысының жобасын мемлекеттік сараптама мақұлдады", – деді ауылдық округ әкімі Кенжебек Жанназаров.

Ақбасты ауылын ауыз сумен толық жабдықтап, ел игілігіне беру мерзімі 2022 жыл. Бұл құрылысқа бюджеттен шамамен 400 миллион теңге қаралған.

Екі жылға созылатын құрылыс жұмыстары неге тым ұзақ деген сауалымызға ауыл әкімі былай деді.

"Тым алыстағы ауыл болғандықтан, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдау, жолдың нашарлығы және ауыр арнайы техникаларды орналастырумен қатар жұмысшыларды вахталық әдіспен қабылдайтын болады. Ақбасты ауылы Қызылордадан 750 шақырым, аудан орталығы Арал қаласынан 250 шақырым жерде орналасқан", - дейді Кенжебек Жанназаров.

Құм арасындағы Ақбасты тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Бүгінде шағын ауылда 3 мыңнан астам түйе, 400-ден астам ірі қара және 600-ге жуық ұсақ мал және 2 мың жылқы бар.

Көкарал бөгеті салынып, кіші Арал тола бастағалы ақбастылықтар ежелгі кәсіптері - балық аулауға шыға бастады. Өйткені кіші теңіз Ақбастыдан небәрі 5 шақырым жерде тұр.

"Ауыл халқы балық аулау және өңдеуді табыс көзіне айналдырып жатыр. Мемлекет бизнес ашқысы келетіндерге, соның ішінде мал шаруашылығы мен балық өңдеумен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсетуде. Округте шамамен 20 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Жуырда Жандос Құлманов есімді кәсіпкер балықты қабылдау және сақтау цехын ашты. Онда 30 жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Мұнда балық тазаланады, оралады және мұздатқышта сақталады. Цехта 100 тоннаға дейін балық сақтауға болады", - дейді ауыл әкімі.

Кәсіпкер Ж.Құлмановтың балық аулайтын су телімінде 50 балықшыдан құралған артель ертелі-кеш балық аулау кәсібіне берілген.

Құлмановтың цехы - Ақбастыдағы жалғыз балық өндірісі емес. Жергілікті тағы бір тұрғын Ернар Құлжанов мемлекеттен грант алып, балық консервілеу және өңдеу цехына арналған жабдық сатып алды. Оның жаңа

"Көкарал" атты цехында балықты фаршқа айналдырып, консервіленген өнімдерін облыс аумағына шығара бастаған.

"Теңізде 24 балық түрі кездеседі, оның ішінде 13 балық түрін ұстап, өңім дайындаймыз. Жер шалғай болса да өнімдерімізді алыс-жақын аудандарға шығарып жатырмыз. Сұраныс жоғары", - дейді кәсіпкер Е.Құлжанов.

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің Қызылорда облысын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңірді дамыту үшін 100 миллиард теңгенің 79 жобасына қолдау көрсететінін айтқан еді.

Биыл осы жобалардың 42-не 15,6 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржылардың дені Қызылорда су торабын реконструкциялау, Қызылорда және Арал қаласы мен Тереңөзек кентін су және электрмен жабдықтау жүйелерін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, жас кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беру және "Бизнестің жол картасы - 2025" бағдарламасы шеңберінде халыққа микрокредит беру көзделіп отыр.

Бұдан бөлек тағы 32 жоба іске қосылмақ. Оның ішінде Ақбасты, Тоқабай, Абай, Төретам, Жанқожа батыр, Майдакөл елді мекендерін және Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау жоспарлар бар.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу