2016 жылдың 9 айында 609 тәрбиеленуші бала туған отбасыларына қайтарылды. 2015 жылы олардың саны 1084-ке жеткен. Бұл туралы Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында мәлім етті, деп хабарлайды strategy2050.kz.
"Қазақстанда 2013 жылдан бері әр қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Отбасы күні пайда болды. Елбасының өкімімен адамгершілік құндылықтарды жандандыруға және отбасы мен некенің оң бейнесін ілгерілетуге бағытталған жыл сайынғы "Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы бекітілді", – деп атап өтті Л. Сүлеймен.
Оның хабарлауынша, отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары іске асырылуда.
Л.Сүлеймен, өңірлерде балаларды отбасыларға орналастыруға "Ақсақалдар кеңесі", "Аналар кеңесі" айтарлықтай жәрдем көрсетіп отырғанын атап өтті. 2016 жылдың 9 айында 609 тәрбиеленуші бала туған отбасыларына қайтарылды (2015 ж. – 1084), 694 бала қамқорлыққа, патронатқа, асырап алушы отбасыларға (2015 ж. – 1519) барып отыр.
Өз кезегінде Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко брифингке қатысушыларды "25 пайдалы іс" республикалық акциясының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. Акцияның шеңберінде республикалық және өңірлік деңгейлердегі дарынды жетім балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың тегін оқу гранттарын алуға қолдау көрсету, бастауыш және ағымдағы кәсіпкер-әйелдерге арналған тегін семинарлар ұйымдастыру, республикалық әкелер форумын өткізу, психоневрологиялық интернатқа демалыс бөлмелерін жабдықтауға қайырымдылық жәрдем көрсету және тағы басқа іс-шараларды қамтыған 25 нақты іс-шара өткізілген.