Маңғыстауда агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау бойынша сыртқы талдау жұмыстары басталды

1179

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға кешенді сыртқы талдау жұмыстары басталды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингіде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Қуаныш Мырзағали мәлім етті.  

Маңғыстауда агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау бойынша сыртқы талдау жұмыстары басталды

Оның айтуынша, талдау жұмыстарының мақсаты – субсидияларды алу үшін өтінімдерді тапсыру сәтінен бастап, оны берудің ашық, әрі әділ жүйесін қамтамасыз ету.

"Талдау жұмыстары шілденің соңына дейін жүргізіледі. Басым бағыт субсидия бөлудің жаңашыл тәртібін енгізу арқылы ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруді көздейді. Сондай-ақ қаржының әділ де тиімді бөлінуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың нақты өндірілетін өнімге қол жеткізуіне жағдай жасау. Тәуекелдерді жою мақсатында шаруа қожалықтарының ұсыныс-пікірлері зерделенеді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мәселелерінің тізілімі жасақталады. Қазіргі уақытта арнайы ведомствоаралық жұмыс тобы құрылуда. Онда статистикалық мәліметтер, нормативтік құқықтық актілер, өңірлерде субсидия берудің тәжірибесі, қылмыстық істер мен сот шешімдері және азаматтардың өтініштері қаралады", - деді Қуаныш Мырзағали.

Баспасөз конференциясына қатысқан Маңғыстау облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл агроөнеркәсіптік кешенді дамытудағы субсидияларға тоқталды.

"ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында облысымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне, шаруа қожалықтарына мемлекеттік қолдау субсидиялары беріліп келеді. Қала, аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, өңірде жалпы мал шаруашылығымен айналысатын 1500 жуық шаруа қожалық бар. Мал шаруашылығы бойынша - асыл тұқымды малды сатып алуға, асыл тұқымдық және селекциялық жұмыстарды жүргізуге, мал азығы құнын арзандатуға және өндірілген сүттің құнын арзандату бағытында субсидия беріледі. Сондай-ақ басқарма тарапынан ауыл шаруашылық субъектілерінің кәсібін дамытуға, алған несиесінің сыйақы мөлшерлемелерінің 10% субсидиялауға және инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстарының бір бөлігін өтеу бойынша субсидия беріледі", - деді Серік Қалдығұл.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу