Маңғыстаулықтар ауыз суды 4-5 есе қымбатқа сатып алады

530

Жуырда Президент 2050 жылға қарай, Қазақстан ауызсуға "өте мұқтаж" елдер санатына кіру ықтимал деген болжам айтқан еді.  

Маңғыстаулықтар ауыз суды 4-5 есе қымбатқа сатып алады

Тұрғындар ауыз суды тасымалдайтындардан 4-5 есе қымбатқа сатып алуға мәжбүр. Маңғыстаудың Мұнайлы ауданының халқы осылай күнелтеді. Мұнда, негізінен, сөз бірнеше елді мекен туралы болып тұр. "Суды қымбатқа сатып аламыз" деген тұрғындардың сөзімен тіршілік нәрін тасып беретін кәсіпорын басшылығы мүлде келіспейді. Ауылдағы халықтың бұл мәселесі қашан және қалай шешіледі? 

Су тапшылығы Маңғыстау мен Бесшоқы ауылында қатты сезіледі. Тұрғындардың бірі апталап ауыз су болмайтынын айтса, енді бірі қыстан бері құдаққа келетін тамшыға зәру. Қазір ауыл тұрғындары кестемен келетін суды да уақытында пайдалана алмай отыр. Салдарынан ай сайын 30-40 мың теңгеге тіршілік нәрін сатып алуға жұмсайды. 

"Оларға хабарлассаң олар сіздерде су бар, жіберіп жатырмыз деп айтады. Өтірік айтасыздар дейді. Мен өзім неше рет хабарластым ол адамдарға. Өздерінің бір нөмірі бар беріп қойған. Су барып жатыр сіздерге дейді. Бірақ іс жүзінде су жоқ. Білмеймін мен кім өтірік айтатынын", - дейді Маңғыстау ауылының тұрғыны Максим Байбазов.

Жергілікті жұрт ауыз су мәселесін ауыл мен аудан әкіміне де жеткізген. Алайда, мәселенің  шешімі болмады. Тіпті, бұрын аптасына кесте бойынша  үш күн келетін ауыз су кенеттен екі күнге қысқарып қалған. Ал коммуналдық кәсіпорын басшылығы тұрғындар шағымынан хабардар. Үйлерге баратын су көлемін көбейту үшін қосымша насосты да қондырған. Бірақ, зауыттан шығатын су мөлшерінің аздығы кәсіпорын қызметіне кедергі келтіріп тұр. 

"Мұнайлы ауданында 175 мың халық болса, оның барлығын үздіксіз қамтамасыз ету үшін 25-30 мың куб су қажет. Қазіргі уақытта бізге 7-10 мың арасында келіп тұр. Сол себепті суды кестемен беруге мәжбүрміз", - деп түсіндірді "Маңғыстау жылу" МКК директорының орынбасары Жасұлан Мұхамбетқалиев.

Биыл аймақта қыс қатты болды. Салдарынан тұрғын үй мен құдық арасындағы құбырлар қатып, көпшілік сусыз қалған. Бірақ, коммуналдық мекеме тарапынан шектеу қойылмаған. Жалпы Мұнайлы ауданына ауызсу беруші "Каспий" су тұщыту зауыты. Бар-жоғы 20 мың текше метр ауызсу шығарады. Оның 3/2-і тікелей Мұнайлыға беріледі. 

"Қыстың күні Мұнайлы ауданына шыққан өнімнің где-то 63-64% барады. Ал жаздың күндері былай мониторинг жасап көрдім мен енді. 73-74% суды Мұнайлы тұтынады", - деді "Каспий" су тұщыту зауыты маркетинг бөлімінің басшысы Мұрат Тілепиев.

Ауыз судың жетіспеушілігі облысқа ортақ проблема. Жергілікті билік шұғыл шаралар қабылдамаса, аймақта төтенше жағдай болуы мүмкін. Өйткені, жуырда Президент 2050 жылға қарай, Қазақстан ауызсуға "өте мұқтаж" елдер санатына кіру ықтимал деген болжам айтқан еді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу