5 мыңға тарта адамға қызмет көрсететін медициналық мекеме орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Сондықтан қыстың қытымыр аязында дәрігерлер көмір жағып, қатып қалмаудың қамын жасап әлек, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Мұндағы дәрігерлердің айтуынша, емхана ғимараты өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған. 2 қабатты ескі үй алғашқы уақытта адамдарға баспана ретінде беріліпті. Қазіргі жайынан адам шошиды. Пеш жағатын бөлменің қабырғаларын ыс басып кеткен. Артық бөлме болмағандықтан дәрігерлер сол жерде тамақ ішіп, демалады.
Ертістің сол жағалауы аталған бұл елдімекендегі 5 мыңға тарта тұрғын дәл осы емханаға келіп қаралады. Халық жылу жүйесіне ғана емес, ғимараттың тарлығына және ескілігіне де көп шағым айтады. Сондықтан мұндағы ел шамасы келсе Өскеменнің өзге ықшам аудандарындағы ауруханаларды жиі жағалайды.
Емхана ішіне күлімсі иіс әбден сіңіп қалған. Есік-терезе ескірген. Еденін де мұнда келген келген науқастар жаңа екен деп, айтпайтыны түсінікті.
"Ауру адамдарға өте қолайсыз жер. Бір үлкенірек нысан салуға болады ғой. Не осы жерден беруге. Үлкен ауыл ғой бұл. Қаланың тең жартысындай. Жағдай жасаса жақсы-ақ болар еді", - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Гүлғайша Демесінова.
"Оларда тіпті әжетхана да жоқ. Дәрігерлер даладағы дәретханаға ақ халаттарымен барып жүр. Менімше бұл да санитарлық нормаға сай емес", - дейді тағы бір Өскемен қаласының тұрғыны Бақытгүл Ысқақова.
Дәрігерлердің жанын әсіресе жылу жайы қатты қинап тұр. Пештен шығатын түтін мен ыс қолқаны қабады. Бірақ басқа амал жоқ.
"Өйткені бізде суық қой. Ғимарат үлкен. Сол үшін күні-түні жағады қыста. Балалар бар. Балаларды, адамдарды шешіндіріп қарау керек. Сол үшін үнемі бір температура ұстап тұру үшін күні-түні жағады", - дейді №2 қалалық емхана бөлімшесінің мейірбикесі Жамал Жұрынбаева.
Ғимараттың жартысы 90-шы жылдардың соңына таман жекенің қолына өтіп кеткен. Соңғы жылдары бірнеше рет сот болып, №2 қалалық емхананың қарамағына қайта берілген. Сондықтан жөндеу жұмысын жүргізуді енді ғана жоспарлап отырмыз, деді бөлімше қызметкерлері.