Қызылорда облысының аумағында "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" автокөлік дәлізінің бойында жатқан 30 қызмет көрсету кешені, 109 қонақ үй, 3 шипажай, 4 жағажай, 11 демалыс орны, 12 туристік фирма бар. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы 545 тарихи-мәдени нысан тіркелген.
Бұлардың қатарына биыл Арал және Жаңақорған аудандарында ашылатын 2 туристік нысан қосылатын болады. Ал Қармақшы ауданында этносаябақ жобасын ашу жоспарланып отыр. Бүгінде оның орны белгіленіп, сметалық құжаттары дайындалуда. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің мәліметіне сенсек, енді 29 туристік нысанның инфрақұрылымын жетілддіру үшін 83 жобаны жүзеге асыру қажет.
Биыл "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несиелер беру үшін 3,5 млрд теңге бөлініп, облыс орталығынан басқа елдімекендердің өзінде 127 жобаға несие берілген.
"Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге 6% мөлшерлемемен 18 057 000 теңгенің несиесі берілді. Ал көп балалы және аз қамтылған отбасыларға бұл несиенің жылдық мөлшерлемесі 4% ғана. Осындай жеңілдіктердің арқасында кәсіпкерлердің 291 жобасы жүзеге асты. Өңдеуші және өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы аясында 93 жоба қаржыландырылды", - дейді басқарма басшысы.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықовтың айтуынша, "Бизнестің жол картасы - 2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында облысқа 3 млрд 423 млн теңге бөлініп, жыл басынан бері жалпы құны 1,3 млрд теңгеге 38 жоба субсидияланған, 497 млн. теңгенің 22 жобасына кепіл берілген.
"Кәсіпкерлер палатасы мамандары кәсіпкерлерге, іскерлікке бет бұрған азаматтарға онлайн режим де де, офлайн тәртіпте де қызмет көрсетуде. Мысалы, "Бизнес-мектеп" компоненті бойынша 125 қызылордалық біліктілігін жетілдірді. Олардың 47-сі оқуды онлайн форматта аяқтады", – деді Пірмұхаммед Сыздықов.
Нұрбек Дәуренбеков