Таразда 111 мыңнан астам қала тұрғыны кезекте тұр

429

Жамбыл облысында кезекте тұрғандар саны арта түсті. 

Таразда 111 мыңнан астам қала тұрғыны кезекте тұр Фото: inbusiness.kz

Статистикаға салсақ, өңірдің әрбір бесінші тұрғыны жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесін алуға кезекке жазылған.

Облыс бойынша олардың саны 202 мыңға жеткен. Ал Таразда 111 мыңнан астам қала тұрғыны кезекте тұр. Тұрғындардың айтуынша, сұраған жер телімін алу үшін 10-15 жыл күту қажет екен.

Бір ескеретіні, қазір жер кезегіне тұру үшін есік қағып, табалдырық тоздырудың керегі жоқ. Өтінім беру үшін egov.kz- ке тіркеліп, онлайн мүмкіндікті пайдалануға болады.

2021 жылы жеке тұрғын үй құрылысына 1500 жер учаскесі берілген. Ал былтыр 55 мыңнан астам жамбылдық жер учаскесін алуға кезекке тұрады.

Берілген жер телімінен, жазылған кезек саны бірнеше есе көп. Баспана салып алғысы келетіндердің қарқынына жоғары. Ал жергілікті билік жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелері дайындалып үлгермей жатқан секілді.

"2015-2022 жылдар аралығында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге 33 массивке 20,1 млрд теңге бөлінді. 2022 жылы кезекте тұрғандарға беру үшін жеке тұрғын үй құрылысына 12 706 жер учаскесі дайындалды. Биыл бюджеттен 14 жаңа массив аумағында 20 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 5,4 млрд теңге бөлінді", - дейді құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібеков.

Жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға Жамбыл ауданында – 811, Сарысу ауданында 58 учаске дайындау жоспарланған. Келесі жылдан бастап 2025 жылға дейін Тараз және Меркі ауданындағы алты алапқа инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылмақшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу