"Тазалық-С" талабы заңға сәйкес қаралады

1489

Жергілікті басшылық жағдайды түсіндірді.

"Тазалық-С" талабы заңға сәйкес қаралады

Жаңаөзендегі "Тазалық-С" ЖШС жұмысшыларының талабы заң аясында қаралады. Қала басшылығы шаһардан қоқыс-қалдықтың шығарылмауы тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін бұл жұмысты басқа жұмысшыларды тарту есебінен ұйымдастырып отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі. 

"Тазалық-С" мекемесіндегі жұмысшылардың ереуілі заңнамаға сәйкес ұйымдастырылмағандық заңсыз деп есептейміз. Мұндай еңбек даулары революциялық жолмен емес, келіссіздер жүргізу арқылы, келісім комиссиясын құру арқылы шешілуі керек еді. Бұл туралы ұсынысты жұмыс берушілер де, мемлекеттік орган өкілдерінен құрылған топ та ұсынған болатын. Өкінішке орай, әзірге ереуілге шығушылар келісім комиссиясына өз өкілдерін ұсынған жоқ. Жағдай біздің бақылауымызда, біз оны заң аясында бірлесіп шешуге күш саламыз", - деп мәлімдеді әлеуметтік желілерде Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев.

Айта кетейік, қала тазалығымен айналысатын "Тазалық-С" ЖШС жұмысшылары жалақыларын екі есеге көтеруді талап етіп отыр. Белгілі болғандай, олар қысы-жазы қатаң климат жағдайында жұмыс істейді, ал ай сайын қолдарына алатыны – 60-70 мың теңге. Мекеме мастері Бибігүл Кенжебаеваның айтуынша, бұдан бөлек, оларға жұмыстың зияндылығы үшін сүт пен арнайы киім беруді тоқтатқан. Қолғаптың өзін екі айда бір рет беріп отыр екен. Ал мекеме директоры Серік Тастанбеков тұрғындардлан қалдықты шығарғаны үшін тарифті көтермейінше жалақыны арттыру мүмкін емес деп отыр. Қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтар тарифі бұдан төрт жыл бұрын бір адамға 194,5 теңгеге, ал заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін 1 текше метріне 2 245 теңгеге белгіленген. Қазіргі күні бұл облыс бойынша ең төмен тарифтердің бірінен саналады.   
Соңғы айлардың ішінде Жаңаөзен қаласында еңбекақыны көтеруді сұрап, бірнеше мекеме наразылық білдірді. Олардың қатарында "МұнайСпецСнабКомпани","KUNAN HOLDING", "БатысГеофизСервис" компаниялары бар. Ал "KMG-Security" және "КЕЗБИ" компаниялары жұмысшыларының талабы ішінара немесе толықтай қанағаттандырылып, жұмыс режимі қалпына келді. Дау-дамайлар, негізінен, бұрын қолға алып келген жалақы мен қазіргі нарықтағы бағаның сәйкес келмеуінен туындап отыр, азық-түлік, көрсетілетін тауарлар мен қызметтер құны жаппай өскен кезде "қысқа жіп күрмеуге келмеуге" айналған. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу