Жамбылда ауызсумен жабдықтау саласында 15 нысанның құрылысы аяқталмай қалған

848

Бүгінгі таңда өңірде сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен және Тараз, Шу қалаларында 10 тұрғын алқап қалып отыр.

Жамбылда ауызсумен жабдықтау саласында 15 нысанның құрылысы аяқталмай қалған Фото: inbusiness.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін еліміздегі қала және ауылдық елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмасы шеңберінде Жамбыл облысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Дейтұрғанмен шешімін күткен мәселелер де аз емес. Мәселен тұрғындарды ауызсумен қамту жұмыстары кей елді мекенде өте сылбыр жүріп жатса, енді кейбір елді мекенде құрылыс жұмыстары мүлдем тоқтап тұр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің айтуынша, халықты ауызсумен қамтуда Шу қаласы 70 пайызбен, Тараз қаласы 98 пайызбен ең төмен деңгейге орналасқан. Ал ең жоғарғы деңгей Сарысу ауданында – 99,8 пайызға, Шуда – 97,4 және Байзақ ауданында 97,3 пайызға жеткен. Өткен жылдың қорытындысымен облыстағы елді мекендерді сумен жабдықтау халық санына шаққанда қалаларда 97,5 пайызды, ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды құрапты. 

"2023 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Жыл қорытындысымен 34 нысан пайдалануға берілді. Қалған 20 нысанның құрылысы 2024 жылға өтпелі болды. Қаржыландыру жоспарына сәйкес 54 нысанның бесеуі ғана келесі жылға өтпелі болып көзделген. Алайда, құрылыс жұмыстарының өндірістік кестеден кешігуі және мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ұзақ мерзімге созылуына байланысты 15 нысан жыл соңына дейін аяқталмады. Атап айтсақ, Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Шу аудандары мен Тараз қаласы бойынша 12 нысанда өндірістік кестеден кешігу орын алған. Меркі және Мойынқұм аудандары бойынша 3 нысанда мемлекеттік сатып алу рәсімдері ұзақ мерзімге созылған. Облыста сапалы ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен (35,4 мың адам) және Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалып отыр", - дейді Қ.Қайшыбекұлы. 

2024 жылы облыс тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 43 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен 21,7 миллиард теңге қаралыпты. Осылайша 36 елді мекен мен қалалардағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауызсумен қамтамасыз етіп, жыл соңына дейін көрсеткішті қалаларда 98,8 пайызға, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу