Жаңақорғанның қарбызы Ресейдің дәмді асына айналды

3569

Қарбыздың көтерме бағасы келісіне 30 теңге болса, бөлшек саудада 80-90 теңге аралығында.

Жаңақорғанның қарбызы Ресейдің дәмді асына айналды

Облыста бақша дақылдарын жинау науқаны басталғалы мың тоннадан аса қарбыз бен қауын жиналды. Олардың дені Ресей мемлекетіне экспортталуда. Қарбыздың көтерме бағасы келісіне 30 теңге болса бөлшек саудада 80-90 теңге аралығында. Орташа өнімділік гектарына 40-45 тонна, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 5-10 тоннаға жоғары.

"Бірнеше күн бұрын біз Ресейге қарбыздардың алғашқы партиясын, 300 тоннадан астам қарбыз жөнелттік", – дейді Жаңақорған ауданы "Жиделі" шаруа қожалығының төрағасы Бағдат Мұсатаев.

"Шаруашылық диқандары өнімді өздері жинап, көрші мемлекетке өздері алып барды. Коронавирустан қорғау шаралары қолға алынып, қорғану құралдарымен қамтамасыз етілді. Осыменен үшінші жыл, біз тек өз өнімдерімізді қазақстандық кәсіпкерлерге сатамыз, ал Ресейге өнімдерімізді өзіміз апарып, Қорған мен Екатеринбург базарларында сатамыз. Өйткені Ресей алып нарық, біз бір пұшпағын игерсек те аймағымызға орасан пайда алып келеміз", – дейді шаруа қожалығының иесі.

Бақша диқандарын сыртқа шығаруда ешқандай кедергі жоқ. Бастысы құжаттары мен сертификаттары дайын болса болғаны. Карантин жағдайында жергілікті билік пен Кәсіпкерлік палатасы экспорт пен импортқа "жасыл" дәліз құрып қойған.

Соңғы жылдары Жайылма ауылының барлық тұрғындары тек қауын мен қарбыз өсіруге машықтанған. Жері құнарлы Жайылма қауын-қарбыздың отанына айналған. Жер емген диқандар бұны "Табиғаттың сыйы" дейді. Он жылдан бері бау-бақшаның "жауы" атанған қауын шыбынынан да диқандар арнайы минералды дәрінің арқасында құтылған. Ауыл бірнеше жылдан бері дәмді қарбыздарымен танымал. Бүгінде мұнда 12 бау-бақша шаруашылығы бар.

Қожалық төрағасының айтуынша, күн сайын қарбыз алуға отандық кәсіпкерлер көптеп келеді екен. Олар облыс орталығы мен басқа да өңірлерге апарып сататындар. Олардың алды 100 тоннаға дейін өнім алып кетеді, - дейді.

"Соңғы жылдары біз қарбыздың тек "Нисса" түрін ғана өсіреміз. Бұл американдық сорт, оның тұқымын Алматыдан тапсырыспен алдырамыз. Бұл сұрып ұзақ қашықтыққа тасымалдауға ыңғайлы, төзімді және өте дәмді. Биыл біздің шаруалар көп еңбектенді, отақта аз болды, ауа-райы да біздің жағымызда болды", – дейді Б.Мұсатаев.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осы маусымда 7842 гектар бақша дақылдары егілген. Оның 650 гектары жиналып, қолжетімді бағада сатылымға шыққан. Осы уақытқа дейін орташа өнімділік 216,9 центнерді құрап, барлық дақылдан 14100 тонна  өнім жиналған.

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу