Мемлекеттік кірістер комитетінің және Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кезекті "Түбіртекті талап ет те – жүлдені ұтып ал!" науқаны басталды. Бас жүлде – автокөлік, деп хабарлайды atpress.kz.
Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Жамбыл Сұрағанов мәлім етті. Аталған науқан тұтынушылардың заңды мүдделерін қорғау, көлеңкелі экономиканың мөлшерін қысқарту, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында әділ бәсекелестікті ынталандыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
- Науқанға кез келген Қазақстан азаматы қатыса алады. Бұл үшін оған тұтынған тауар немесе қызмет үшін берілген фискалды чектің суретін "Wipon" мобильді қосымша (Googleplay немесе Appstore) арқылы жіберу қажет, - дейді мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Жамбыл Сұрағанов өз сөзінде.
Акция 1 мамырда басталды және ағымдағы жылдың 30 қарашасына дейін өткізіледі. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында ай сайын жүлделердің ұтысы мен оларды табыстау өтеді. Акцияның финалы жылдың аяғында Мемлекеттік кірістер комитетінде өтеді. Онда бағалы жүлделер, оның ішінде, бас жүлде де ұтысқа салынады. Ұтыс жеңімпаздары түбіртекті кездейсоқ таңдау әдісімен анықталатын болады.
Былтырғы жылдан бастап науқан толықтай автоматтандырылған және бірыңғай мобильді қосымшаның көмегімен өткізіледі. "Wipon" компания директорының айтуы бойынша, "Wipon" қосымшасы толықтай тегін және қолдануға ыңғайлы. Мысалы, ұтқан жағдайда қатысушының смартфонына автоматты түрде хабарлама келеді.
"Түбіртекті талап ет те – жүлдені ұтып ал!" науқаны бірнеше рет өткізіліп, оң нәтижелерін беріп келеді. Мәселен, былтыр азаматтардың белсенділігінің арқасында 9 мыңнан астам заңсыз жұмыс істеген жеке кәсіпкер есепке алынды, сондай-ақ, 8 мыңнан астам бақылау-кассалық аппарат тіркелді. Қорыта айтқанда, еліміздің барлық азаматтарында қоғамдық бақылауға қатысуға, өз мүдделерін қорғауға, оның үстіне бағалы жүлделер ұтып алуға керемет мүмкіндік бар.