​Қазақстанда "жасыл қор" құрылады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2185

Ол "Астана" халықаралық қаржы орталығының ерекше құқықтық режимі аясында жұмыс істемек.

​Қазақстанда "жасыл қор" құрылады

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының басшысы Рәпіл Жошыбаевтың сөзінше, жаңадан құрылатын қор "жасыл жобаларға" тікелей инвестиция тартумен айналыспақ.

"Жаңартылмалы энергия көздеріне, таза технологияларға қатысты өңірлік, республикалық жобаларға инвестиция тарту үшін алдымен аналитикалық, эксперттік ресурстарға мән беру керек. Сондықтан, "жасыл қор" құрудың қажеттілігі бар. Бұл қорға Green Capital Management құрылымы жетекшілік етеді", – деді Рәпіл Жошыбаев "Астана қаржы күндері" (Astana Finance Days) шеңберінде ұйымдастырылған "Жасыл өсім" форумында.

Орталық басшысының айтуынша, "жасыл қор" "Астана" халықаралық қаржы орталығының ерекше құқықтық режимі аясында жұмыс істемек. Сондай-ақ, инвестициялық компанияларға жеке немесе серіктестерімен бірлесе отырып тікелей инвестициялық қорларды басқаруға мүмкіндік беріледі. Ал мұндай қорлар белгілі бір жоба бойынша нақты бір мерзімге құрылатын болады. Сонымен қатар, тікелей инвестициялық қорлар салалар бойынша бөлінбек.

"Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығына "жасыл экономиканы" ынталандыру үшін бастапқы кезеңде өзіндік жеке стратегиялық қаржы ресурсының болғаны дұрыс. Сондай-ақ, бұл ресурс ұзақ мерзімді әлеуетті жобаларға тікелей инвестиция тарту үшін қажет. Бұдан бөлек, жаңа кәсіпорындардың акцияларын сатып алу үшін, сонымен қатар "жасыл экономика" саласын одан әрі дамыту үшін керек", – деді ол.

Рәпіл Жошыбаевтың сөзінше, жобалар қоржыны қалыптасқан соң арнайы қорлар ашылуы мүмкін. Атап айтқанда, жаңартылмалы энергия көздері қоры, Орталық Азияның тұрақты энергетикалық қоры, жасыл технологиялар қоры секілді қорларды ашу жоспарланып отыр. Ал жоғары технологиялы компаниялар мен өнімдерді қаржыландыру үшін Венчурлық қор құрылмақ.

"Бұл ретте, Green Capital Management Тікелей инвестициялар қорларының бас серіктесі болмақ. Осылайша, ол институционалдық капиталды, жеке қаржы институттарын, халықаралық ұйымдарды салаға тартатын болады", – деді Рәпіл Жошыбаев.

Орталық басшысы атап өткендей, "жасыл энергетика" саласындағы жобаларға қызығушылық танытқан шетелдік компаниялар үшін исламдық қаржыландыру қағидаттары да қолданылуы мүмкін. Өйткені, көп жағдайда "жасыл экономиканы" дамыту қағидалары исламдық экономиканың идеологиясымен сәйкес келіп жатады. Дегенмен, орталық клиенттерінің дені дәстүрлі қаржыландыруды құп көреді.

Еске сала кетейік, "Астана" халықаралық қаржы орталығы аясында "жасыл" облигацияларды шығаруға жол ашылмақ. Бұл "жасыл" жобаларды қаржыландырудың ең тиімді және жаңа құралдарының бірі болады деп күтілуде.

Форумға қатысқан энергетика вице-министрі Болат Ақшолақов жаңартылмалы қуаты көздерінен өндірілетін энергияны қолдану елімізде негізгі өнеркәсіптік өнімдердің өзіндік құнының өсуіне әкеп соғуы ықтимал деген болжам айтты.

Оның сөзінше, қазір электр энергиясы мен жылуды, мұнай мен газды өндіруде негізінен көмір қолданылады. Ал жаңартылмалы энергия көздері технологияларының құны көмір жағудан әлдеқайда қымбаттау. Сондықтан, жаңартылмалы энергия көздері технологияларына инвестиция салу керек. Сонда бұл сала бәсекеге қабілетті бола түседі. Вице-министрдің пікірінше, тек сонда ғана бұл саланың даму жолына түскенін байқауға болады. Әйтпесе, негізгі өнеркәсіптік өнімдердің өзіндік құнының өсу мәселесімен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін.

Деректерге сүйенсек, 2017 жылы Қазақстанда 1,1 млрд кВт/сағат "жасыл энергия" өндірілген. Биыл жаңартылмалы энергия көздері бойынша қуаттылығы 140 мВт болатын тағы бірнеше өндіріс ошақтарын іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, жоспар бойынша Қазақстанда баламалы қуат көздерінің жалпы көлемін 500 мВт-қа дейін жеткізу көзделген. Қазір біздің елде 352 мВт болатын баламалы қуат көздерін қолданатын 508 кәсіпорын жұмыс істейді. 

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу